Елге регламенттерге сәйкес келмейтін ескі көліктерді кіргізбеу қажет - Әділбек Бектібаев

15 Шілде, 15:17 863

Қазақстанға техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін ескі көліктерді кіргізбеу қажет. Бұл туралы Утильалым мәселелері жөніндегі петицияны қарау бойынша қоғамдық тыңдау барысында Интеграция және халықаралық қатынастар департаментінің директоры, министрліктің ресми өкілі Әділбек Бектібаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиын утилизациялық алымды алып тастау бойынша 50 мың қол жинаған петицияға қатысты өткізілді.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің атынан сөз сөйлеген Әділбек Бектібаев утильалымға қатысты министрліктің позициясын айқындап берді.

Елге техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін ескі көліктерді кіргізбеу қажет. Сол арқылы қоршаған ортаға деген зиянның әсерін азайта аламыз.  Екіншіден, автопарк мен ауылшаруашылық техникасын жаңартқан жөн. Кәдеге жарату қалдықтарын қайта өңдеу үшін инфрақұраламды дамыту, сондай-ақ экологиялық өндірістерді дамытуды ынталандырған абзал. Бір сөзбен айтқанда, "утильалым - азаматтар мен бизнес өкілдерінің қызығушылығын ескере отырып, қоршаған ортаны қорғау құралы" деуге болады, - деп түсіндірді ол.

Спикердің айтуынша, 2016 жылдан 2022 жылға дейін автокөлікті бастапқы тіркеу саны шамамен 670 мың бірлікті құрады. Оның ішінде 2 жастан  асқан автомобильдер 66 538 бірлік немесе бастапқы тіркеулердің жалпы санының 10 пайызын құрады.

Мәселе көліктерді заңсыз әкелумен қиындайды. Бүгінде адамдар көлікті елге кіргізерде жеке қолданыста болатынын жасыруға тырысады. Сол арқылы елге кіргізіп, кедендік тазарту бағасын 15 пайыздық көрсеткішпен есептетуге тырысады. Мұның салдары қандай болады? Біріншіден, азаматтардың құқықтары бұзылады. Ал бұл, өз кезегінде, техрегламентке сәйкес келмейді. Әрі қылмыстық іс әрекет болып табылады. Екіншіден, кедендік баждар мен салықтарды төлеуден жалтарады. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқандар да жетерлік. Петицияны талқылау барысында 100 адам 50-60 көлікті заңсыз әкелсе, бір адам 280 көлікті Қазақстан аумағына заңсыз кіргізгені анықталды, -деп нақтылады Әділбек Бектібаев.

Ол көлеңкелі бизнес бәсекелестікті бұрмалап, азаматтардың, мемлекеттің, бизнестің мүдделеріне нұқсан келтіретінін алға тартты.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: