Елена Цыбульская: Қазақстан Ассамблеясы әлемде қалыптасқан достық институттарының ішіндегі ең әлеуеттісі

25 Қазан 2018, 09:35 1937

11 қарашада Қазақстанның саяси және экономикалық сенімді серіктесі Польша Республикасы Тәуелсіздігінің ғасырлық тойын атап өтеді.

Осыған орай, Ақтөбе облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы поляк этно-мәдени орталығының ұйымдастыруымен Польша тәуелсіздігіне арналған салтанатты шара өтті. Польшаның Алматыдағы консулы Михаил Богданович те Ақтөбеге арнайы келіп, тарихи отандастарын құттықтады.

Поляк халқының төл тарихы мен мәдениетіне құрмет көрсетілген аталмыш шараға зиялылар қауымымен бірге Қазақстан Халықтары Ассамблеясының Жастар қанаты да қатысты. Олар поляк тілінде ән айтып, өлең оқыды, би де биледі.

«Поляк халқының тәуелсіздігін қайта қалпына келтіру біртіндеп жүзеге асты. 11 қараша күні Польшада Бірінші әлем соғысының аяқталуымен орайластырылып белгіленді»,- деген М. Богданович өз елінің тарихынан дерек пен дәйек келтірді.

«Ассамблея Қазақстан бойынша ғана емес, тіпті әлемде қалыптасқан достық институттарының ішіндегі ең әлеуеттісі деп ойлаймын. Достық үйінде ұлт диаспораларына өздерінің этномәдени орталықтарын дамытуға, жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Бұл ерекше институт, біз, түрлі ұлт өкілдері татулық қатынастамыз. Мен үнемі «біз қазақстандық полякпыз, болмаса польшалық қазақпыз» деп айтамын. Бізді Қазақстаннан немесе Польшадан бөліп қарауға болмайды. Біз екі ел арасындағы бейбітшіліктің елшісі, татулықтың алтын көпірі іспеттіміз. Сондықтан өзімізді бақытты сезінеміз. Сенің бұл елде қанша тұрғаның маңызды емес, бастысы, саған айқара құшақ ашқан елдің ықыласын қалай ақтағаныңда, қандай пайда әкелгеніңде», - дейді Ақтөбе облысы поляк этномәдени орталығының жетекшісі Елена Цыбульская.

Бұл екі елдің ынтымақтастығы мен ықпалдастығын, татулығы мен достығын дәріптеген кеш болды. Халықтар арасындағы мызғымас достықтың қай уақытта да беріктігін, мәдени-рухани байланыстың шексіздігін дәлелдеді.

Сәл шегініс, тәуелсіздік тарихы

Бірінші Дүниежүзілік соғыс аяқталған 1918 жылдың 11 қарашасы Польша халқының 123 жылға созылған Германия, Ресей, Австрия елдеріне кіріптарлықтан арылып, ел тәулсіздігін қалпына келтіру басталған күн болып есептеледі. Мемлекет қайтадан әлем картасынан өз орнын алды. Республика болып жарияланған Польша басшылығына Юзеф Пилсудски сайланды. Оның Жарлығымен Варшавада бірінші демократиялық үкімет құрылды. 1937 жылы 11 қараша мемлекеттік мереке болып жарияланды. Алайда, жаңа республика 1939 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін ғана билік құрды. Екінші дүниежүзілік соғыс елді фашистік Германия мен Кеңес Одағы арасында екі майдан алаңына бөлді. Соғыс аяқталғаннан кейін 1945 жылы Польша социалистік лагерьдің мүшесі болды, және бұл аралықта тәуелсіздік күні ресми түрде аталып өтуден алынып тасталды. Бұл 1989 жылға дейін Польшада алғашқы демократиялық сайлау өткенге дейін жалғасты.

Тәуелсіздік мерекесі – мемлекеттік маңызға ие басты мереке, бұл күні елдің туы көтеріліп, Варшава қаласының орталығында әскери шеру өтеді.   

Қазақстан Орталық Азия нарығындағы алтын көпір

Бүгінде жаңарған, қайта қалыптасқан Польша мемлекеті Еуроодақ аймағындағы экономикасы қуатты мемлекеттердің бірі болып саналады. Өткен жылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толғаны белгілі. Бұл жылдар ішінде тараптар арасындағы екіжақты байланыс жаңа даму сатысына көтерілді. 1992 жылы Қазақстан мен Польша арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Екі жылдан кейін Қазақстанда Польша елшілігі ашылды. Ал Қазақстанның Польшадағы елшілігі өз жұмысын сәл кейінірек, 2000 жылы бастады.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2016 жылы Польшаға алғашқы сапары кезінде-ақ екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Президенттердің бірлескен декларациясы қабылданды, сондай-ақ, ауылшаруашылығы мен реадмиссия саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жалпы Қазақстан мен Польша мемлекеттерінің арасында 26 халықаралық келісім-шарт қолданылады. Екі ел де бір-бірлерінің халықаралық бастамаларына үнемі қолдау білдіріп отырады. Бұл мемлекет басшыларының саяси тұрғыда ынтымақтастық пен тұрақтылыққа қол жеткізгендігін білдіреді. Сонымен қатар, экономикалық ықпалдастықтың әлеуеттілігі бүгінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Сауда және инвестициялық әріптестік бағытында бірқатар ірі инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Польша Еуроодақтың көлемі жағынан алтыншы экономикасы болып саналады, сонымен қатар, Орталық және Шығыс Еуропада экономикалық өсім көрсеткіші бойынша көшбасшылық орында. Ал Қазақстан Орталық Азияда даму қарқыны бойынша жетекші орынға жайғасқан әлеуеті зор мемлекет. Сондықтан екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың келешегінің көкжиегі де кемелді көрінеді. 2016 жылы Қазақстан мен Польша арасында экономикалық ынтымақтастық туралы декларация қабылданды.

Польшаның Орталық Азия елдерімен саудасының жалпы көлемінің 80 пайызы қазақ-поляк тауар айналымына тиесілі. Польшаға Қазақстан көбінесе энергия ресурстарын, шикізат және химия, көмір өнеркәсібін, қара металлургия, ауылшаруашылығы өнімдерін, экспорттайды. Ал Польшадан Қазақстанға электр тұрмыстық аспаптар мен жабдықтар, ауыл шаруашылығы өнімдері, химиялық өнеркәсіп өнімдері, жиһаз, азық-түлік өнімдері импортталады.

Ресми Астана мен Варшава арасындағы және бір тиімді серіктестіктің айғағы, Польша азаматтары үшін Қазақстанға виза тәртібі жойылды, сонымен қатар екі елдің астаналары арасында LOT әуе компаниясының тікелей әуе қатынасы ашылды.

Білім саласында да ынтымақтастыққа қол жеткізілді. Қазіргі уақытта Польшаның жоғарғы оқу орындарында 800-ге жуық қазақстандық судент білім алып жүр. Осы жылы тұңғыш рет Варшавада өткен ғылым және жоғары білім туралы Қазақстан-Польша форумында екіжақты әріптестік пен ғылым, инновация саласында қатынасты нығайта түсу мәселелері талқыланған болатын.  

Тарихы тамырлас екі ел арасында рухани құндылықтарды дәріптеу, осы тұрғыда байланыс орнату үшін де қомақты жұмыстар жүргізілуде. Жуырда ғана Польшаның Гданьск қаласының тарихи мұржайында «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнерінің жауһары» атты көрме ашылды. Бұл мұражай бұрынғы жергілікті билеушілердің резиденциясы – Ратушада орналасқан. Көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Алтын адамның әлемдегі мұражайларға шеруі» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылды.

Бұл 11 қарашада аталып өтілетін Польшаның тәуелсіздігіне 100 жыл толу мерейтойына орай Қазақстанның рухани тартуы болмақ. Ұлттық әдебиет классиктерінің дүниелері қазақ және поляк тілдеріне аударылып, оқырмандарға таныстырылуда. Мәдениет пен ғылым және техника салаларында ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Қазақ пен поляк халықтары тарихи тағдырлас елдер деп айтуға негіз бар. Польшаны фашист басқыншыларынан азат ету кезінде 60 мыңнан астам қазақстандық қаза болған. Бүгінде олардың жерленген жерлерін іздестіру жұмыстары екі ел тарапынан да жүргізілуде. Сонымен қатар, нәубетті жылдары Қазақ жеріне қоныс аударылған поляк азаматтарының тәуелсіз Қазақстанды құруға, қалыптастыруға, дамытуға қосып жатқан үлестерін де атамай өтпеуге болмас.

Қазақстанда 34 мың поляк диаспорасы тұрады. Олар екі ел арасындағы достықтың дәнекері іспетті, ана тілі мен төл мәденеті және дәстүрлерін сақтауы үшін барлық жағдай жасалған.

Алдағы уақытта Қазақстан Польшамен ЕуроОдақ нарығында әріптестік қарым-қатынасты дамыта беруге мүдделі. Польша Қазақстанның бейбітшілікке үндеген бастамаларын қолдайды. Қазақ елі секілді тарихтың тауқыметін тартып, халқы бодандық пен кіріптарлықтың сан азабына түскен Польша бұл мақсатта Қазақстанның сенімді саяси стратегиялық серіктесіне айналып келе жатқаны сөзсіз.

Нұргүл ҚАЛИЕВА

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу: