Елена Рыбакина: Енді АҚШ-тағы турнирлерге дайындалуым керек

13 Шілде 2023, 15:45 1000

Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина өзінің Уимблдондағы ойынына баға берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Турнирдің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қазақстандық теннисші тунистік Онс Жабермен ширек финалдағы матчтың қиын болғанын айтты.

Ойын ауыр болғанымен, мен мұнда тамаша екі апта өткіздім. Маған жанкүйерлердің қарсыласымды көбірек қолдағаны әсер ете қойған жоқ. Мен оған назар аудармадым. Өткен жылғы финалмен салыстырғанда, ол сәттірек ойнады. Өзімде де, әсіресе, екінші сетте көптеген мүмкіндіктер болды. Алайда менің басты қаруым саналатын доп берудегі дәлдігім жетіспеді. Есесіне ол шешуші сәттерде өте дәл ойнай білді. Жарысқа чемпион ретінде келу мен үшін жаңаша болды. Мен алғашқы матчтарымды табысты өткізгеніме мақтанамын, өйткені солардың өзі оңайға түскен жоқ. Әр ойын сайын күшті бола түстім. Енді Америкадағы турнирлер алдында жұмыс жасауым керек. Осы екі аптадан оң тәжірибе жинадым. Биыл ата-анамның осында келе алғанына қуаныштымын. Кішкене демалып, сосын дайындыққа кірісемін деп үміттенемін,- деді Е.Рыбакина.

Биыл төртінші «Үлкен дулыға» турнирі – АҚШ ашық чемпионаты 28 тамыз – 10 қыркүйек аралығында өтеді.

Равиль Ашығали
Бөлісу: