Елена Рыбакина Брисбен (Австралия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігә.
Жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 28-орында тұрған ресейлік Анастасия Потаповамен шеберлік таластырды.
Осыған дейін қарсыластар бір-ақ мәрте кездесіп, онда ресейлік теннисші жеңген екен.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте Елена брейк жасай алды.
Содан кейін есеп 4:1 болғанда, Потапова медициналық көмекке жүгінді. Бұдан кейін тағы бір брейк жасаған Елена сетті тәмамдады — 6:1. Осыдан соң Анастасия бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Жарты сағатқа созылған кездесуде қазақстандық теннисші 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланып үлгерді.
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 40-ракеткасы, чехиялық Линда Носкова немесе рейтингте 58-сатыдағы 16 жастағы ресейлік Мирра Андрееваның біреуімен кездеседі.