Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакинаның Бейжің (Қытай) WTA 1000 турниріндегі алғашқы қарсыласы анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстанның маңдайалды теннисшісі бірінші айналымда әлемнің 23-ракеткасы қытайлық Чжэн Циньвэньмен шеберлік байқасады.
Ч. Циньвэн Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында теннистен жеңімпаз атанды. Ол 29 қыркүйек күні финалда отандасы, рейтингте өзінен он саты төмен тұрған Чжу Линьді 6:2, 6:4 есебімен ұтты. Сондықтан 20 жастағы Чжэн Циньвэнь оңай шағылатын жаңғақ емес.
Қытай астанасында 30 қыркүйек – 8 қазан аралығында өтетін ірі додада әлемнің бірінші және екінші ракеткалары, белоруссиялық Арина Соболенко, Польша өкілі Ига Швентек бастаған әлемнің мықты теннисшілері өнер көрсетеді.
Жарыстың жүлде қоры 8,1 млн АҚШ долларынан асады.