Елена Пак: Қамқор қазақ еліне аталарым үшін де алғыс айтамын

Бүгiн, 11:32 331

Тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ 1937 жылы  Қиыр Шығыстан Қазақстанға жалпы саны 98000 кәріс депортацияланған екен.  Оның 50 мыңы Қызылорда облысына қоныстанған. Қазір бұл өңірде сол кезде келген кәріс ұлтының төртінші ұрпағы өмір сүріп жатыр.

Алғыс айту күні мен үшін ерекше. Қалың қазақтың ортасында өскендіктен менің қаным кәріс болса да, тілім де, өмірлік танымым да қазақшаға бейімделіп кеткен. Өзім Қызылорда облысы Шиелі ауданы бұрыңғы Авангард, қазіргі Ақмая ауылында дүниеге келіп, осындағы №49 орта мектепте қазақша оқыдым. Достарым да қазақ ұлтының өкілі, кең қолтық елдің перзенттері. Ата-бабаларымнан естіген әңгіме бойынша біздің аман-есен осы күнге жеткенімізге қазақтың дархан пейілі дәнекер болған. Аталарымның ішерге ас, киерге киім қат уақытында қазақтар бір үзім нанын қылдай бөліп, жатарға төсек беріп, төрге оздырған. Сондай қамқор қазақ еліне аталарым үшін де, отбасым үшін де мен алғыс айтамын, – деп бастады алғашқы сөзін Елена Пак.

Қаршадай қыздың қайсар мінезі талай ойды тарқатуға түрткі болды. Ол қазір «Достық» үйінде сектор меңгерушісі қызметін атқарады. Аймақтағы түрлі ұлттармен қоян-қолтық жұмыс істейді.

Кәрістердің көпшілігі Қызылорда облысына қоныстанғаны белгілі. Оқып-білгенімдей, Н.Гоголь атындағы Қызылорда педогогикалық институтының (қазіргі Қорқыт атындағы университет) құрылуы да осында көшірілген Қиыр Шығыс педагогикалық институтының базасымен қаланды. Бұл корей халқы үшін маман дайындайтын бірден-бір жоғары оқу орны еді. Осында генерал Хон Бом Доның денесі жерленді. Бұл да ірі тарихи оқиға. Қызылорданың қасиетті топырағы оған текке бұйырмаған шығар. Жапон басқыншыларына қарсы күрескен корей партизандық қозғалысы батырының сүйегін Корея Республикасының делегациясы арнайы сұратып, туған жеріне алып кетті. Сол сапарда корей халқының атынан мемлекеттің ресми өкілдері Сыр жұртының қаһарман тұлғаға деген ерекше құрметі үшін ризашылығын білдірген еді, - деді Елена Владимирқызы.

Қызылорда өңірінің құшағында төрт ұрпақ өсті. Елена солардың сүт кенжесі. Бүгінде ол ата-бабасын жиі еске алады. Олардың тағылымды тәрбиесіне тәнті болады.

Алдымен әулетіміздің көшін бастаған Енфар Пак еді. Оны көргенім жоқ. Атам Виталий Пак ауылда механизатор болған, қарапайым шаруа адамы. Ал, әкем болса, ауылдың ветеринары, мал шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Айтпақшы, әжем Светлана Лянь ауылдық кеңесте бас есепші қызметін атқарды. Жалпы, корей халқының жергілікті тұрғындарға деген достық ниеті арқасында екінші отанына тез сіңісіп, ел экономикасының көтерілуіне ерекше атсалысты.  Шаруашылықта басшылық жасаған  Цай Ден Хак, Ким Ман Сам, Ким Ик Се, Ким Чон Ден секілді 30-ға жуық еңбеккерлер  Социалистік Еңбек Ері атағымен марапатталды. Қазақстандағы тұңғыш корейше мерзімді басылым «Ленин кичи» газеті Қызылордада жарық көрді. Осында корей музыкалы драма театры құрылды. Қызылорда қаласында «Корей ұлттық-мәдени орталығы» жұмыс істейді. «Кызылординский вести» газетінің бас редакторы болған Евгений Харитонович Хан ең бірінші корей тілін үйрететін жексенбілік мектеп ашты. Ал,қазақшаға жетік азамат А.П. Чагай  «Ге Бон У»  қоғамдық қорын басқарды. Ол  бір кездері Тілдерді дамыту департаментіне де жетекшілік жасаған, – деп Елена мақтаныш сезімін білдірді.

Біз Қорқыт ата атындағы университетінің демографиялық саланы зерттеуші ғалымы, тарих ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айтжан Оразбақовтан кәрістер көші туралы сұрағанымызда ол мынадай деректі алдымызға тартты.

1937 жылы 1 қыркүйекте көшіп келген корейлердің ата қонысы  Қиыр Шығыстағы Приморье өлкесі.  Жалпы, 98000 кәріс Қазақстанға депортацияланған.  Оның 50 мыңы Қызылорда облысына қоныстанды. Қазақстан Орталық Атқару комитетінің ұйымдастыруымен облыста 26 жекелеген корей колхоздары құрылды, оның ішінде Қармақшы ауданында –2, Сырдарияда –7, Шиеліде–3, Тереңөзек, Қазалы, Жаңақорған аудандарында -2-ден болды. 1940 жылдың өзінде Қызылорда облысында корейлер 25026 гектар жерге дақылдар еккен, – деді Айтжан Оразбақов.

Алғыс айту күнін кәріс ұлты ыстық ықыласпен қабылдайды. Оны  Елена Пак былайша жеткізеді.

Бұрын Қызылордада тұрып, қазір Алматы қаласына көшкен Людмила Ким дейтін меценант апайымыз бар. Сол кісі осындағы кәріс кәсіпкерлердің басын қосып, қаржы жинап, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың жанынан «Қазақ еліне мың алғыс» атты монумент тұрғызды. Бұл – ұлтымыздың бас иіп, қиын-қыстау замандарда мейірімділік пен жанашырлық танытқан қазақ еліне білдірген үлкен белгісі болатын, – деді ол.

Қаныбек Әбдуов
Бөлісу: