Париж Олимпиадасында дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметовке Таразда ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін таңда Алматыға келген ұлттық дзюдо құрамасының балуандарын жанкүйерлер күтіп алып құрмет көрсеткен еді. Бұдан кейін туған жеріне табан тіреген Олимпиада чемпионына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жерлестері атынан 5 бөлмелі пәтер мен Лексус LX600 жол талғамайтын көлігін тарту етті.
Орталық стадионда өткен шараға Елдос Сметовті қолдауға көптеген қала тұрғындары жиналған. Көпшілік алдында облыс әкімі оған көлік кілтін ұсынып, балуан бірден жаңа көлікке отырды.
Бұған дейін Тараз қаласының әкімдігі Олимпиада чемпионы тұратын көшеге асфальт жол салып берген болатын.
Айта кетейік, Елдос Сметов 27 шілде күні Париж Олимпиадасында 60 келіде үздік атанған еді. Ол финалға дейін 5 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.