Елдіктің нышаны, өрліктің нұсқасы - рәміздер

4 Маусым, 19:10 543

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Биыл мемлекеттігіміздің символдарының қабылданғанына 32 жыл толып отыр. 1992 жылдың дәл осы күні Тәуелсіз қазақ елінің мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілсе,  2007 жылдың 4 маусымынан бастап қазақстандықтар бұл күнді Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекелей бастады.

Қазақстан да өз егемендігін жария­лаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Алдымен 1992 жыл­дың басында Жоғарғы Кеңестің төрал­қасы мемлекеттік символи­каны дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабыл­дады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына бел­гілі заңгерлер мен қоғам қайрат­керлері кірді. Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Ал рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты. Міне осыншама еңбектердің арасынан біздің бүгінгі күнге дейін жетіп отырған рәміздеріміз таңдалып алынды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорда төрінде жиналған жұртшылықты Мемлекеттік рәміздер күнімен, елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мерекемен құттықтады.

Осы мерекеге орай біз жаңа ғана еліміздің бас байрағын көтердік. Көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы. Аспан түстес көк байрағымыз – біздің мақтанышымыз. Спортшыларымыз туымызды талай рет жеңіс тұғырына көтерді. Жақында қазақтың қайсар қыздары Эверестке шықты. Туымыз әлемнің ең биік шыңында тағы да желбіреді. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Намысты өрендеріміз Париж төрінде туымызды тік ұстайды деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы байрағымыздың биікте желбіреп, елдің абыройын асқақтатуы - ата-бабалар аманатына бүгінгі ұрпақтың адалдығын көрсететіне екпін түсіре айтты. «Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың түбінен табылған. Бірлігін бекем ұстаған, елі мен жерін қорғаған. Байтақ даланы көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына мирас еткен. Сол аманатқа адал болу – ұрпақтың ұлы мұраты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Туды қалай пайдаланамыз?

2020 жылдың қазан айында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігін мәлімдеген болатын. Осыдан кейін туды балконға ілуге ​​ресми рұқсат берілді. Бірақ тек патриоттық сезім мен қазақы болмысты таныту үшін, Қазақстан мен ел азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ілуге мүмкіндік берілді. Мемлекет басшысы сол кезде Туиттер парақшасына: «Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет.. Парламенттің бәрқатар депутаты мен азаматтарымыздың еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, ҚР мемлекеттік туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын», - деп жазды. Осыдан келіп мемлекеттік рәміздерді халықтың жаппай қолдануына қатысты бұрын қабылданған шектеулерді азайту, ел азаматтарының мемлекеттік туды өз тұрғын үйлерінің балкондарына немесе қабырғасына ілуіне заңнамалық тұрғыдан рұқсат беру қажеттігі жөнінде тапсырма берді.

Осылайша қазақстандықтар өз тұрғын үйінің балконына ұлттық стандартқа сай тігілген (көлеміне қарамастан) туды іле алатын болды. Мемлекеттік ту ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда, ол ауыстырылады немесе жойылады. Туды бір қабатты және көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшелігіне қарамастан пайдалануға болады. Тұрғындарға ғимаратқа ілінген туға қараңғыда жарық түсіріп тұру міндетті емес. Туды үйде адамға немесе затқа құрмет ретінде төмен түсіруге, теріс қаратып қоюға болмайды. Ту жерге, еденге, суға тиіп тұрмауы керек. Абайсызда суға тиіп кеткен жағдайда келесі қолданылғанға дейін мұқият тазалануы тиіс. Тудың өңін жоғалтпауына, табиғи құбылыстар салдарынан бүлініп қалмауына жіті назар аударуымыз қажет. Туды кірлетуге, былғауға, жыртуға, жазу жазуға, сурет салуға, майлық ретінде пайдалануға және басқа да бір реттік қолданыстағы заттарға, сондай-ақ белден төмен киілетін киім-кешекке, төсек-орынға бейнелеуге тыйым салынады. Тудың сабы көлденеңінен көтерілмейді. Үйде ілінетін ту және оның бейнесі шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуы керек. Туды кез келген кәсіпорынның шығаруына рұқсат етілмейді, оны тек лицензиясы бар кәсіпорындар ғана шығара алады. Туды осы кәсіпорындармен келісімшартқа отырған дүкендерден сатып алу қажет. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін мемлекеттік туды заңсыз дайындағаны үшін әкімшілік айыппұл қарастырылған. Жеке тұлғаларға – 25 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2024 жылдың қаңтарынан бастап – 3 692 теңге

«Әрбір мектепте сабақ Әнұраннан басталу керек»

Біз осы ретте сарапшы Асылбек Баяжұмадан аталған заңға қатысты ойын білген едік. Ол елімізде рәміздерге қатысты жүйелі идеологиялық жұмыстардың көптеп жүргізілгені жөн деген пікірін айтады.

Біз 4 маусым күні ғана мемле­кеттік рәміздерді еске алып, көп жағдайда өңірлерде мем­лекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстары формальды түрде, дөңгелек, үстел, конференциялар және флэш-мобтармен ғана шектеліп жатамыз. Мәселен Ту бейенелген төсбелгіні депутаттардың ғана еншісіне беріп қойдық. Бұл дұрыс шығар, дегенмен де мектеп оқушыларына да осындай Ту мен Елтаңба бейнеленген төсбелгілерді қолдануымызға не кедергі? Мұның арқасында бала санасында рәміздерге деген түсінік ертерек қалыптасып, құрметі де арта түсер еді. Мәселен туыс Түркия елінде асханада да, көлік жөндейтін орталықтарда да Тулар ілініп тұрады. Көпқабатты үйлердің қабырғалары, балкондары және маңызды деп саналатын ғимараттардың сыртқы қасбеттері тумен үнемі көмкеріліп тұрады. Бұл елдікке, елдіктің нышаны болған рәміздерге деген үлкен құрметтің белгісі. Бізге де осындай идеология керек. Қазақстанның барлық өндірістерінде еліміздің Туы ілініп тұруы қажет. Тағы бір мысал, мен өткен жылы Ресейге барған сапарымда Санкт-Петербург қаласындағы үш шақырымға созылған Невский даңғылында рәміздерге құрметтің керемет үлгісін байқадым. Сонда әрбір дүкенде, әрбір қонақ үйдің, әрбір мекеменің маңдайшасында Ресейдің туы ілініп тұрды. Арнайы барып сұрағанымда олар қандай да бір бұйрықтың негізінде емес, өз қалауларымен қойғанын айтты. Көшенің барлығы көк жалауға толып тұруы керек. Әнұранға келер болсақ, әрбір мектепте, әрбір балабақшада сабақ Әнұранмен басталуы керек. Мұны мемлекеттік деңгейде міндеттеу керек. Бізде балаларды былай қойғанда, үлкен шенділердің өзі Әнұранды білмей жатады. Кейбір мектептер өз мектебінің Гимнін шығарып алған. Балалар соны айтады. Сол секілді әрбір облыс өздерінің Елтаңбасын жасағысы келеді. Бұл идеологиялық қателік. Себебі, онсыз да ру-руға, жер-жерге бөлінудің проблемасын көріп отырмыз. Мемлекетіміз үшін бір ғана таңба, бір ғана белгі болуы қажет. Бұл біздің тұтастығымыздың кепілі, - дейді сарапшы.

«QAZBILIM GROUP» компаниясы басқарма төрағасы Аятжан Ахметжан осыдан екі жыл бұрын фейсбук әлеуметтік желісіне жариялаған жазбасында былай дейді: «Рәмізге құрметті ең алғаш оқушы кезде Қытайда көрдім. Қытайда мектепте аптасына бір рет ту шығару салтанаты деген рәсім өтетін. Ол жақтағы қатаң тәртіп қой, бүкіл мектеп алаңда қасқайып тұрып, әнұран айтып, ту көтеретінбіз. Бірақ, аса қатты соның мәні мен мағынасын түсінбеппін. Тек тәртіпке бағыну керек болғасын тұратынбыз. Ең алғаш елге оралып, Кентау қаласындағы Халықаралық Қазақ-түрік университеті филиалында дайындық факультетіне оқуға түсіп, бардым. Қазақстанның елімнің әнұранына қолымды кеудеме қойып тұңғыш рет сонда тұрдым. Сол жерде дүйсенбі күні таңертең 8:00-де бірінші Қазақстанның, екінші Түркияның әнұраны қойылады. Кейде қандай да бір сабақтан кешігіп қалсақ, Қазақстан әнұраны шығып жатқанда жұрт баспалдақта, ғимарат іші, сыртында жүгіріп бара жатады. Ал, екінші Түркияның әнұраны шыққанда көшеде келе жатқан түрік студенттерінің өзі қатып қалатын қаздиып. Тіпті, есіктен кіріп келе жатса есікті ашқан жерде тоқтап қалатын. Оларды Түркияның әнұраны шығып жатқанда қозғалту мүмкін емес еді. Сол кезде қатты таңғалып ем, не деген құрмет деп. Біз мектепте әр дүйсенбі мектепте әнұран қосылып, сабақты бастаймыз. Жыл басында оқушыларды үйрету қиын болды. Жүріп бара жатқандар тоқтамайды. Әйтеу жыл бойы үйреткендей болдық». Иә, елімізде мектепте рәміздерге деген құрмет – ұрпақ санасына сіңіруден бастау алытыны рас. Жас ұрпақ рәміздерін құрметтеу арқылы – елін құрметтейді, отаншыл болып өседі.

Еліміз Рәміздерді қалай қорғайды?

Қазақстан Республикасының Конституциясының мемлекеттік рәміздерге арналған 9 және 34-баптарында: «Әркім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» делінген. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі мен Қылмыстық кодексінде осы міндетіне салғырт қараған азаматтарды жазалау шаралары көрсетілген. Ел азаматтарына және заңды тұлғаларға туды қорлауға және мазақ етуге қатаң тыйым салынады. Қазақстан туы өзімен қатар тұрған өзге тудан әрқашан биік тұруы тиіс. Тіпті белгілі бір мемлекетке, лауазымды тұлғаға немесе беделді халықаралық ұйымға құрмет көрсету кезінде де төмен түсірмеу керек.

Қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес еліміздің мемлекеттік рәміздерін қорлау 3000 айлық есептік көрсеткішке (айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2024 жылдың қаңтарынан бастап – 3 692 теңге)  дейінгі мөлшерде айыппұл салумен немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарын атқаруымен (қоғамдық жұмыстарға тартудың ең ұзақ мерзімі – 900 сағат) немесе 2 жылға дейінгі бас бостандығын шектеумен немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану және орындау тәртiбiн бұзған азаматтарға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 458-бабы бойынша, екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салынады. Осы бапта мемлекеттiк рәміздерді пайдалану мiндеттi болып табылатын жағдайларда оларды пайдаланбағаны үшін лауазымды тұлғаларға – екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Осы баптың бірінші және екінші тармақтарында көрсетілгендей, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін, бір жыл ішінде рәміздерді пайдалану тәртібін екінші мәрте бұзса – төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлейді.

Қазақстан Республикасының Үкіметі 2007 жылы 2 қазанда шығарылған «Қазақстанның мемлекеттік туын, елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ  гимн мәтінін пайдалану (белгілеу, орналастыру) ережелерін бекіту туралы» № 873 қаулысына өзгерістер енгізді. Қаулыға сәйкес, 4-тармақтың 1-бөлімінде: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын жеке және заңды тұлғаларға патриоттық сезімдерін, бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ғимараттарда (тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда), ғимарат ішіндегі пәтер балкондарында және мерекелік іс-шаралар өткізілетін жерлерде пайдалануға (орнатуға) болады» делінген.

Әлемде мемлекеттік рәміздер қалай қорғалады?

Әлем елдірінің көбінде мемлекеттік рәміздер заңмен қорғалған. Бірақ бірді-екілі ел мемлекеттік рәміздер сөз бостандығы, демократия секілді дүниелерден артық емес деп санайды. Бірнешеуіне назар аударып көрейік. Мәселен, 2016 жылы Үндістанның Тривандрум (Керала штатының астанасы) қаласында өткен Халықаралық кинофестивальдың аясында кинотеатрға келген 12 адам сотталды. Олар мемлекеттік әнұран ойналғанда орындарынан тұрмағаны үшін айыпталады. Себебі сол оқиғадан бір ай бұрын Жоғары сот кинотеатрда көрсетілетін әр фильмнің алдында мемлекеттік гимн ойнауы керек және барлығы оны тұрып тыңдауы қажет деген қаулы шығарды. Тұтқындалғандардың бірі Indian Express газетінің тілшісіне, тұрған жағдайда, орнымызды жоғалтып аламыз деп қорықтық деп түсіндірген.  

Үндістанда 1971 жылы қабылдаған заңға сәйкес, әнұранның ойналуына немесе оны орындап тұрғандарға  кедергі келтірген адам 3 жылға бас бостандығынан айырылады немесе айыппұл салынады. Жаңа заңға сәйкес кинотеатрларда ұлттық әнұран ойналғанда экранда Үндістанның туы көрсетілуі керек. Ал кино тамашалауға келгендер әнұран аяқталғанша  аяғынан тік тұру қажет. Ешкім кедергі келтірмеуі үшін әнұран айтылғанда кинотеатрдың есіктері жабылады. Кейінірек мүмкіндігі шектеулі адамдарға тұру міндетті емес деген заңға өзгертулер енгізілген.

Ал Германияның мемлекеттік туын, елтаңбасын және әнұранын қорлағаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Дәл осындай жаза қоғамдық және мемлекеттік органдарда ілініп тұратын туды бүлдірген жағдайда да қолданылады. Ал Францияда мемлекеттік әнұранды немесе туды қорлағаны үшін 7,5 мың еуроға дейін айыппұл және алты айға дейін түрмеге қамау қарастырылған. Беларусьте елдің елтаңбасын, туын, әнұранын қорлағаны үшін ең көп жаза – бір жылға дейін бас бостандығын шектеу.

Америка Құрама Штаттарында туды өртеуге рұқсат берілген. «Техас Джонсонға қарсы» ісі аясында 1989 жылы АҚШ Жоғарғы соты конституцияға мемлекеттік туды жұртшылық алдында өртеп жіберуге рұқсат берді. Олар оны сөз бостандығымен байланыстырады. Содан бері АҚШ заңгерлері туды қорлағаны үшін жауапкершілікті қылмыстық кодекске қайтаруға бірнеше рет талпыныс жасады, бірақ әзірге нәтиже жоқ.

Англия, Шотландия және Уэльсте мемлекеттік тумен кез келген нәрсені істеуге болады. Бірақ азаматтардың әрекеті шектен шықпауы тиіс.

Жапонияда басқа мемлекеттің туын қорлауға тыйым салынған. Мазақ еткен жағдайда сол елдің ресми өтініші бойынша іс қозғалады.

Спортшыларымыздың «әттеген-айы» мен «бәрекелдісі»

Мемлекеттік рәміздерімізді қорлау фактілері кездесіп қалып жататыны жасырын емес. 2012 жылы  ақпан айында Қостанай қаласында шаңғы фестивалінің ашылу  салтанатында  әнұранымыздың орнына шетелдік әнші Рикки Мартиннің «Livin La Vida Loca» деген өлеңін қойғаны күллі әлемге тарап кетті. Сол жылдың наурыз айының 22 жұлдызында Кувейтте халықаралық жарыс-та нысана көздеуден еліміздің абыройын асқақтатқан жеңімпаз Мария Дмитриенконы  марапаттау кезінде  мемлекеттік әнұранның орнына сайқымазақ Саша Коэннің атышулы «Борат» фильміндегі ағылшын тіліндегі әуен қойылған. Өкінішке қарай, жеңіс тұғырына көтерілген спортшымыз еш саспастан, кеудесіне қолын қойып, сол әнге соңына дейін ұйып тұра берген оқиға болды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Үндістанда су спорты түрлерінен жөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтіп, қазақстандық қыздар командасы ұйымдастырушылар тоқтатып тастаған Әнұранымызды өздері айтып шыққаны көпшіліктің әлі де есінде болар. Жалпы мұндай оқиғалар әлемде жиі орын алып тұрады. Дегенмен халықаралық аренада еліміздің басты Әнұраны айтылып жатқандағы спортшыларымыздың әрекеті – еліміздің иммиджіне әсер ететінін ұмытпағанымыз жөн. Ендігі уақытта  мұндай келеңсіз жағдайлар орын алып, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі  беделіне  нұқсан келтірмесін деп тілейік.

Рәміздерді ұлықтауда қандай жұмыстар атқарылуда?

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі №155 Жарлығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия құрылған болатын. Комиссия мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ мемлекеттік ту, елтаңба, гимнді орналастыру, ауыстыру ережелерінің бұзылмауын, орнатылған мемлекеттік рәміздердің техникалық және басқа да талаптарға сай келуін қадағалайды. Комиссияға облыстардағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мемлекеттік рәміздерді пайдалану стандарттарын сақтауы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижелері ұсынылады. Облыс әкімдерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі баяндамалары, сонымен қатар орын алған кемшіліктерді жою шаралары туралы есептері тыңдалады. Республикалық комиссия отырысы жылына екі рет өткізіледі.

Енді комиссияның өткен жылы атқарған жұмыстарына шолу жасайық:

1) Заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында 2023 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» 372-бабына 2023 жылғы 3 қаңтардағы № 188-VII ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2) 2023 жылы Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша 1 компанияға 3000 АЕК айыппұл салынды (жалпы 2023 жылы Ішкі істер министрлігімен Қылмыстық кодекс бойынша 1 хаттама, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша 46 хаттама толтырды).

3) «ҚР СТ 1430-2005 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы салынған мөрге қойылатын техникалық талаптарына» 2023 жылғы 30 мамырда № 195-НҚ бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

4) «Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын, мемлекеттік елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларын бекіту туралы» бұйрық бекітілді.

5) Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлік рәміздерді әзірлеу мен бекіту жүйесін ретке келтіру, жалпы тәсілдер тұжырымдамасын дайындау бойынша қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

–  Заңның 6-бабы «Өңірлік рәміздерді бекіту» деген 4-5) тармақшамен және 29-бабы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер саласындағы уәкілетті орган бекітетін үлгілік қағидалардың негізінде өңірлік рәміздердің жобасын әзірлейді» деген 16) тармақшамен толықтырылды.

6) 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың патриоттар форумын» ұйымдастыру тұжырымдамасы бекітіліп, өңірлерге жолданды.

7) 2023 жылы 5 ведомстволық награда және 1 геральдикалық белгі тағайындалды:

– «Сот жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін», «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» және «Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдары, «Кен орнын алғаш ашушы» және «Еңбек сіңірген геолог» төсбелгілері, Ішкі істер министрлігінің жаңа белгілері (шеврондар) заңнамалық нормамен бекітілді.

8) Мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларын оңтайландыру мақсатында тоқсан сайын жүргізілетін талдау жұмыстарымен бірге, олардың шығарылуы мен табысталуы жөнінде реттік есептер жүргізілуде.

9) Бұл ретте 2023 жылы республика бойынша 7000-нан аса әртүрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді (оның ішінде 300 астамы ірі шаралар). Жалпы саны – 4 миллионнан астам адам қамтылды.

10) Министрліктің тікелей ұйымдастыруымен 1 республикалық патриоттар форумы, 6 республикалық оқыту семинары, 6 сараптама кеңесі, әлеуметтік желілерде 10-нан аса челлендж, 2 конференция ұйымдастырылды.

11) 4 маусым күні бүкіл республика бойынша бір уақытта Мемлекеттік Гимн орындалды. Астана қаласындағы «Атамекен» этномемориалдық саябағындағы ең биік ту тұғырда Мемлекет басшысының қатысуымен мемлекеттік ту көтеру рәсімі ұйымдастырылды. Әр өңірде патриоттар форумдары өткізілді.

12) «Отанды сүю – жүректен» медиажобасы, «Туымыз төрімізде» атты жалпы ұлттық акция ұйымдастырылды. Оған қоса «Қазақстандық патриотизмді насихаттау жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған» кешенді жоспар әзірленді.

13) Еліміздегі ең танымал мобильдік бағдарлама – «Aqyl battle» қосымшасына мемлекеттік рәміздерге арналған арнаулы блок іске қосылды. Бүгінгі күні жаңа технологиялық қосымшаны 600 мыңнан астам азамат пайдаланады.

14) Сыртқы істер министрлігімен бірге әлеуметтік желілер арқылы «Менің туым – менің мақтанышым» тақырыбында шетелде тұратын Қазақстан азаматтарының бейнеқұттықтаулары ұйымдастырылды.

15) 2023 жылы 1 маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік туының авторы Шәкен Ниязбековтің 85 жылдық мерейтойына орай республика бойынша 70-тен аса (оның 5 ірі іс-шара) іс-шара өтіп, республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Оған елімізге белгілі ғалымдар, геральдистер, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Мерейтойдың қорытынды шарасы ретінде туған жері Жамбыл облысында «Шәкен Ниязбеков: Қылқалам ғұмыр» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

16) 2023 жылы мемлекеттік рәміздерді заң талаптарына сәйкес қолданылуы бойынша 443 мемлекеттік мекемеге мониторинг жүргізілді. Атап айтқанда: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне, Абай, Атырау, Жетісу, Жамбыл, Павлодар, Маңғыстау, Ұлытау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары.

17) Геральдика саласын жетілдіру бойынша, «Өңірлік рәміздерді», «Мемлекеттік органдардың геральдикалық белгілерін», «Мемлекеттік ұйымдардың геральдикалық белгілерін», «Кәсіподақ ұйымдарының геральдикалық белгілерін» және «Үкіметтік емес ұйымдардың геральдикалық белгілерін» біріздендіріп, мемлекеттік геральдикалық тізілімді жүргізу мақсатында жұмыстар бастады.

18) Жас ұрпақ елдің қуатты қозғаушы күші екенін ескерсек, мемлекеттік рәміздерді жастар ортасында танымал етуге ерекше назар аудару керек. Мысалы, жастар арасында жаппай көшеде, спорт және мәдени, мекемелер мен оқу орындарында (мектепке дейінгі балалар, мектеп оқушылары, студенттер, жұмыскерлер ұжымдары, т.б.), әлеуметтік желілерде әртүрлі флешмобтар ұйымдастырылды.

19) Ту элементтерін смартфондар мен басқа гаджеттердің ұсынылған экрандарына/тұсқағаздарына, мектеп атрибуттарына (рюкзактар, пеналдар, қаламдар, спорттық киімдер, т.б.), телефон қораптарына және басқаларға орналастыруға рұқсат берілді. Сонымен қатар барлық меншік нысандарындағы балабақшаларда, мектептерде, арнайы орта және жоғары оқу орындарында әртүрлі бұқаралық іс-шараларда көгілдір түсті галстуктарды, орамалдарды, көбелек-галстуктарды пайдалануға болады.

Түйін: Бірде бір қыз көшеде кетіп бара жатып, жерге шұқшия қарап, бір нәрсені көтермекке еңкейіп жатқан бір қартты көреді. Қарияның қолына сонша қиналып ілінген не нәрсе екендігін көрмекке жанына барса, 1 теңгелік бақыр тиын екен.  «1 теңгені жерден сонша ыждаһаттылықпен алдыңыз ғой?» деген қыз таңданысына ақсақал «Елімнің елтаңбасын аяққа таптатпаймын!» деп жауап беріпті. Міне, рәмізге деген құрмет осындай кішкентай дүниеден басталмақ. Рәміздердің қадірін шет елге жыраққа жұмыспен, оқумен кеткен отандастырымыздан сұрақа болады. Олар тіпті «Қазақстан» шоколадының қағазын сақтап қоятын көрінеді. Себебі онда тудың суреті бар. Кейде шет елдегі отандастарымызбен видео байланысқа шыққанда төрлерінде ілініп тұрған көк Туымызды көреміз. Иә, көк Тудың желбірігені – жанымыздың елжірегені.

Өткен жылғы ақпарат бойынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның мемлекеттік туы халықаралық және әлемдік деңгейдегі мәдени іс-шараларда 4,6 мың рет көтерілген екен. 1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұңғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апарса, 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстанның Туы Жерді 150 рет айналып ұшқан екен. Сонымен қатар Монблан шыңында (4 810 м), Памир тауының Ленин шыңында (7 134 м) және Эверест шыңында (8 800 м) еліміздің Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалды. Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анар Борашеваны әлемдегі ең биік Эверест шыңын қазақ қыздарының арасынан бірінші болып бағындыруымен құттықтаған еді. Әлемнің ең жоғарғы нүктесінде еліміздің көк байрағын желбіреткен ару қызымыз Мемлекет басшысына Эверест шыңына алып шыққан Қазақстан туын сыйға тартты.

Наурызбек Сарша
Бөлісу: