Елдегі демографияның жақсармауына сүр бойдақтар мен кәрі қыздар кінәлі ме? Сарапшы жауап берді

21 Қазан 2023, 10:59 3767

Демографиялық статистикаға қарайтын болсақ, алғаш рет некеге тұратындың жасы өсіп келе жатыр. Бұрын орташа есеппен 19-22 жас аралығында тұрмыс құрып немесе үйленетін болса, қазір бұл көрсеткіш 25 жастан асып кетті. Мұны демографтар айтып отыр. Оған не себеп екенін ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, демограф Найля Мұхтаровадан сұрап көрдік.

Әлемде кеш үйлену деген тренд пайда болды.Бұл үрдіс Қазақстанға да келді. Бұл – жаһанданудың, гендерлік теңдік, әйелдердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы, білімін жетілдіруде ерлермен тең мүмкіндікке ие болуы сияқты себептермен байланысты. Жас қыздардың тұрмыс құруды кейінге қалдырып, басқа мақсаттарды бірінші орынға қоюуы жиіледі, - деді Мұхтарова.

Оның сөзінше, тек жігіттер ғана емес, қыздар да ана атануға асығар емес.

Демографиялық статистикаға қарайтын болсақ, туу көрсеткіші бойынша әйелдердің алғаш рет бала сүю жасы да кешеуілдеп тұр. Бұл әзірге бала туу статистикасының төмендеуіне әсер етіп жатқан жоқ. Бүгінгі күні бала туудың репродуктивті жасындағылар 1980-90 жылдары туған әйелдер болып отыр. Осы уақыт аралығында туу көрсеткіші өскен, тиісінше әйелдердің саны көп. Сондықтан әзірге туу көрсеткіші жоғарыны көрсетіп тұр. Бірақ уақыт өткен сайын 1990-2000 жылдар аралағында туған әйелдердің бала туатын репродуктивті жасы келе жатыр. Ал бұл кезеңде тоқырауға байланысты бала саны аз болған еді. Сондықтан туу көрсеткіші төмендейді деп болжам жасап отырмыз. Болашақта Қазақстанда туу көрсеткіштері азаяды. Бұл алдағы бес жылда болады. Бірақ бұл – уақытша құбылыс. Біртіндеп төмендейді. 2000 жылдардан бастап тоқыраудан кейін бала саны артқан еді. Демек, өмірге бала әкелетін әйелдердің саны көп. Сондықтан қайтадан біршама уақыттан кейін бала туу саны көтеріледі деп күтіп отырмыз. Аталмыш прцоесс біртіндеп жүреді, - деді демограф.

Әзірге туу көрсеткіштері жоғары болып тұр екен. Жылына 450 мыңнан астам бала дүниеге келеді.

Біз демографтан қараша айында болжанып отырған 20 миллион халықты әлеуметтік-экономикалық жағынан қамтамасыз ету бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуге байланысты сұрадық.

Болжам бойынша жиырма миллионыншы азамат қараша айында дүниеге келеді деген болжам бар. Бүгінгі күні әлеуметтік салада болып жатқан мәселелерді халық санының көбеюі ушықтырып жібереді. Ол қандай проблемалар? Балабақшада, мектепте орын жетпеуін нақты мысал ретінде келтіруге болады. Қоғамда туындаған, туындайтын мәселелерге назар аудару үшін біз халық санындағы өзгерістерді жариялап отырамыз. Демографиялық болжамның маңызы зор. Министрліктер, Үкімет өздерінің жұмыс жоспарларын жасаған кезде осы болжамға сүйенеді. Ғылымға сүйенген саясат деген ұстанымды ұстансақ, біз кез келген жағдайға дайын боламыз, - дейді Найла Мұхтарова.

Демограф келтірген ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда өлім-жітім көрсеткіштері төмендеген. Бұған әлеуметтік жағдай, өмір сүру сапасының көтерілуі себеп болған. Бірақ туу көрсеткіштеріне экономикалық жағдайдың жайлылығы кері әсер етеді екен.

"Демографиялық-әлеуметтік парадокс" деген термин бар. Еуропа елдерін қарап тұрсаңыздар, бір әйел 1-2 бала ғана туады. Дамыған, бай мемлекеттердің көпшілігіне осындай тенденция ортақ. Ал Африкада бір әйел 5-6 баланы өмірге әкеледі. Яғни бұл жерде қаржылық жағдай оң әсерін тигізіп тұрған жоқ екенін көреміз. Экономика туу көрсеткішіне әсер ете алмайды. Бірақ туу көрсеткіші көтерілген кезде экономикалық жағынан жағдай жасауы керек болады. Экономика мен демографияның арасында осындай байланыс бар, - деді ол.

Ол әлеуметтік желідегі халық айтып жүрген көбірек қаражат берсе, халық саны бұдан әлдеқайда көп болар еді деген пікірмен келіспейтінін айтты.

Мемлекет тарапынан қолдау болуы керек. Мен мұнымен келісемін. Бірақ ғылыми зерттеу экономика көтерілген сайын туудың азаятынын көрсетіп отыр, - дейді демограф.

Экономикалық өсімнің төмендеуі халық санының азайып кетуіне алып келе ме?

Туу көрсеткіші төмендесе де, халық саны азаймайды. Өйткені елімізде қартаю жасы ұлғайып бара жатыр. Бұл өз кезегінде халық санының артуына әсерін тигізеді. БҰҰ зерттеулеріне сүйенсек, 65-тен асқан халықтың саны 7%-дан жоғары болса, демографиялық қартаю процесі жүріп жатқанын көрсетеді. Бүгінде бізде 65-тен асқан халық саны 8%-ды құрайды. Бізде өмір сүру ұзақтығы жыл өткен сайын ұзарып бара жатыр. Қазір елімізде өмір сүру ұзақтығы – 74-75 жас. Менің ойымша, халық саны өсе береді. Оған қоса, Қазақстанға қоныс аударып жатқандар да көбейіп жатыр. Бұл көрші елдердегі саяси жағдайларға байланысты, - деді ол.

30 миллионға қашан жетеміз?

2050 жылға болжам бойынша 25 миллионға жетеміз. Оны әлі де зерттеуіміз керек, - деді ол.

Маманның сөзінше, демографияның ел экономикасында, басқа да қоғам салаларында үлкен маңызды болуына қарамастан, демограф-маман  дайындауда қолға алынбай жатыр екен. Бұл болашақта үлкен проблема тудыруы мүмкін екен.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: