Елбасы Жолдауы, 2008 жылғы 16 ақпан

19 Ақпан 2014, 05:44

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2008 жылғы 16 ақпан.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2008 жылғы 16 ақпан.

16.02.2008
ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ —

МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ

Құрметті қазақстандықтар!

 

Менің жыл сайынғы Жолдауларым әдеттегідей жетістіктерімізді саралап, келешегімізді бағдарлауға, ең бастысы – баршамызға ортақ ұлы мақсатқа жетудің дұрыс жолын бірлесе айқындауымызға бағытталып келеді.

Қазақстан халқына арналған 2006 және 2007 жылдардағы Жолдауларымда мен ағымдағы міндеттер туралы ғана емес, біздің дамуымыздың келешегі жайында да айтқан едім. Осыған орай, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарынан нық орын алу мен 30 корпоративтік көшбасшыларын қалыптастыру негізінде елді индустрияландыру міндеттері біздің басты стратегиялық мақсатымыз болып қала бермек.

Үстіміздегі жылы Үкімет олардың орындалуы жөнінде есеп беруі тиіс.

Өткен жыл Қазақстан үшін жан-жақты экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңару жолында тағы бір сенімді ілгері қадам жасаған жыл болды.

Қазақстан 2008 жылды жаңа экономикалық жетістіктерімен, жаңарған саяси құрылымымен қарсы алды.

Ел Конституциясына енгізілген өзгерістер Парламент пен саяси партиялардың, азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыра түсті. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет теңдестірілген негізде парламент сайлауы өткізілді. Сайлауда “Нұр Отан” партиясы айқын басымдықпен жеңіске жетіп, алғаш рет Үкімет жасақтады.

Әкімшілік реформа жалғасын тауып, оның аясында мемлекеттік органдар аппараттарының тұрақтылығын нығайтатын жауапты хатшылар институты құрылды.

Өткен жылғы экономикамыздың өсу қарқыны 8,5 пайызды құрады. Жалпы алғанда, ел экономикасы 2001 жылдан бастап жылына орта есеппен 10 пайызға өсіп отырды. Бұл өте үлкен де жедел өсу болып саналады.

Бүгінгі күнге дейін еліміздің айтарлықтай резерві қалыптастырылып, Ұлттық қор қаражатын қоса есептегенде ол шамамен 40 млрд. АҚШ долларына жетті. Осындай елеулі жинақтаулардың болуы еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде өзекті рөл атқарды.

Еліміздегі әлеуметтік ахуал да тұрақты қалпында. 2000 жылдан бастап, мем­ле­кеттік бюджеттің білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындары 5 еседен астам ұлғайды. Біздің 5 миллионнан астам азаматтарымыз мемлекеттік әлеуметтік қорғаумен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіш осыдан бес жыл бұрынғыға қарағанда екі есеге артық.

Біз зейнеткерлерімізді қолдау көлемін ұдайы арттырып келеміз. Халықтың зейнетақылық жинақтаулары тұрақты түрде көбеюде, оның көлемі 1,1 триллион теңгеден асып түсті.

Әлеуметтік инфрақұрылым нығайып отыр. 2007 жылы ғана республика бойынша 76 мектеп пен 23 денсаулық сақтау нысаны салынды.

Біз демографиялық құлдырауды тоқтатуға қол жеткіздік.

Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында өткен үш жыл ішінде 18 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл біздің жоспарымыздағыдан 2,2 млн. шаршы метрге артық.

Жоғарыда аталынған қоғамдық өмір­дің барлық салаларындағы ілгерілеу серпіні – біздің экономикамыздың өркендеуінің, сындарлы әлеуметтік саясатымыздың және тұрақты саяси жүйеміздің тиімділігінің айқын айғағы.

Құрметті депутаттар,

мәжіліске қатысушылар, меймандар!

Бүгінгі әлемдік конъюнктура нашарлаған жағдайда біз рөлі өсе түсіп отырған мемлекеттік холдингтердің, даму институттарының, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың ішкі инвестициялық ресурстарын белсенді етуге тиіспіз.

Пайда болған қиындықтарға қарамастан, менің тапсырмам бойынша Үкімет экономиканы орнықты өсіру бойынша шаралар қабылдады.

Қысқа мерзімді және орта мерзімді міндеттерді мына басым бағыттарда шешу үшін жұмылу қажет.

Бірінші – өндіруші сектор.

Мұнай-газ саласындағы басты бағыт – мемлекеттің халықаралық мұнай және энергетика рыноктарына ықпалды және жауа­пты қатысушы ретіндегі ұстанымын күшейту.

Бұл үшін біз энергетика саласының стратегиялық маңызды буындарына мемлекеттің ықпалын дәйектілікпен күшейтеміз. Біз қазірдің өзінде Қашаған, Құм­көл мұнай кен орындарын, Богатырь көмір разрезін, т.б. игеруде қазақстандық үлесті ұлғайттық.

Бұл біз үшін және қосымша құн салығы үлесі жоғары дайын өнімді халықаралық рынокқа шығаруды қамтамасыз ету үшін аса маңызды.

Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек.

“Самұрық” холдингі мен өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар тау-кен металлургия саласын тиімді дамыту мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдауытиіс. Бұл үшін қазіргі тау-кен металлургия компаниялары акцияларының мемлекеттік пакеттерін бір жағына шығарып, оларды нақты басқаруға кірісу, сондай-ақ сирек кездесетін металдарды қоса алғанда, қара және түсті металдардың барланған кен орындары қойнауын пайдалану құқығын өз қолымызға алуымыз қажет.

Үкіметпен бірлесіп, жаңа кен орындарын барлау мәселесін шешу қажет.

Екінші– экономиканың негізгі секторларын озық инфрақұрылымдық қамтамасыз ету.

Үкіметке электр энергетикасын, тасы­малдау жүйесін дамыту бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл секторлар бүгінде Қазақстан экономикасы дамуына анық “ілесе алмауда”.

Экономика мен тұрғындарды электр энергиясымен қамтасыз ету саласындағы бірінші кезектегі міндеттер Балқаш ЖЭС-ін, Екібастұз ГРЭС-2-нің үшінші энергоблогын, Мойнақ ГЭС-і және басқаларын салу құрылысы болып табылады.

2009 жылы “Қазақстанның Солтүстігі—Оңтүстігі” жобасы бойынша қуат тасымалдаудың екінші желісі мен “Солтүстік Қазақстан—Ақтөбе облысы” қуат тасымалдау желісінің құрылысын аяқтау қажет. Бұл Қазақстанның оңтүстігі мен батысындағы қуат тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді.

Республиканың оңтүстік өңірлерінің газға сұранысын тұрақты қамтамасыз ету үшін “Бейнеу—Шымкент” магистральді газ құбыры мәселесі мүмкіндіктерін талдап, құрылысты бастау керек.

Ақтау қаласында атом электр стансасын салу бойынша нақты ұсыныстар енгізу қажет.

Үкімет осымен бір мезгілде өзінің күш-жігерін қуат жинақтаушы және экологиялық таза технологиялар енгізуге жұмылдыруы тиіс.

Электр энергиясын барлық жерде бірдей үнемдеуге біздің кәсіпорындарымыз бен азаматтарымыз әлі кірісе қойған жоқ. Арзан энергияның сарқыла бастағанын ашық айтуға тиіспіз. Аз төлегіміз келсе, көп үнемдеу керек. Бұл әркімнің өз қамы болуы қажет.

Үкімет осы жұмысты кеңінен қолға алуы тиіс.

Темір жол және автомобиль инфра­құрылымдарын салу мен жаңғыртуды қамтамасыз ету қажет.

Біз биылғы жылдың өзінде концессиялық негізде Шар – Өскемен темір жолы құрылысын аяқтап, Маңғыстау – Баутино, Ералиев – Құрық темір жол же­лілері мен Қорғас – Жетіген учаскесінің құрылысын, Мақат – Қандыағаш темір жол учаскесін электрлендіруді бастауымыз керек.

Жылжымалы құраманың тапшылығын төмендету үшін үстіміздегі жылы отандық көліктік мәшине жасауды дамыту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеп, іске асыруға кірісуіміз керек.

Біз барлық оңтүстік облыстарды көктей өтіп, Қызылорда мен Ақтөбе арқылы Ресейге шығатын, өңірлердің экономикасын жандандыратын Қазақстандағы ең ірі көліктік жобаны – “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” трансқұрлықтық дәлізді іс жүзіне асыруды қолға алуымыз қажет.

Бюджетке түсетін салмақты азайту мақ­сатында, тұтастай алғанда, концессиялық негізде, алдағы уақытта ақылы ету арқылы Астана – Бурабай, Астана – Қарағанды, Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас автомобиль жолдарын, сондай-ақ Үлкен Алматы айналма жолын салу мен қайта жаңғырту басталады.

Концессиялық жобаларды тартымды ету мен жандандыру үшін Үкімет қолданыстағы заңнамалық және нормативті

Бөлісу: