Елбасы Жолдауы, 2006 жылғы 1 наурыз.

19 Ақпан 2014, 05:49

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2006 жылғы 1 наурыз.

01.03.2006
ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы

Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында 

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы  

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметті депутаттар және Үкімет мүшелері!

Ханымдар мен мырзалар!

 
Қазақстан бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық жаңару мен саяси демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр.

 
Мен өзіміздің әлемдік рейтинг кестесінің жоғары бөлігіне іліккен елдер тобының ішінен орын алуымызға мүмкіндік беретін басты негіздер мыналар деп білемін.

 

Біріншіден,
  өркенді де өршіл дамып келе жатқан қоғамның іргетасы тек қана осы заманғы, бәсекеге қабілетті және бір ғана шикізат секторының шеңберімен шектеліп қалмайтын ашық нарық экономикасы бола алады. Бұл — жеке меншік институты мен келісім-шарттық қатынастарды құрметтеу мен қорғауға, қоғамның барлық мүшелерінің бастамашылығы мен іскерлігіне негізделген экономика.

 

Екіншіден,
 біз аға ұрпақты, ана мен баланы, жастарды қамқорлық пен ілтипатқа бөлейтін әлеуметтік бағдарланған қоғам, ел халқының барлық топтары тұрмысының жоғары сапасы мен алдыңғы қатарлы әлеуметтік стандарттарын қамтамасыз ететін қоғам құрудамыз.

 

Үшіншіден,
 біз еркін, ашық әрі демократиялық қоғам орнатудамыз.

 

Төртіншіден,
 біз дәйекті түрде саяси тежемелік пен тепе-теңдіктің үйлестірілген жүйесіне негізделген құқықтық мемлекет құрып, оны нығайта береміз.

 

Бесіншіден,
 біз барлық діндердің тең құқылығына кепілдік береміз және Қазақстанда конфессияаралық келісімді қамтамасыз етеміз. Біз Исламның, басқа да әлемдік және дәстүрлі діндердің озық үрдістерін құрметтеп әрі дамыта отырып, осы заманғы зайырлы мемлекет орнатамыз.

 

Алтыншыдан,
 біз қазақ халқының санғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз.

 

Жетіншіден,
 біз өз елімізді халықаралық қоғамдастықтың толық құқылы және жауапты мүшесі ретінде қарастырамыз, ал мұның өзі біздің аса маңызды басымдықтарымыздың бірі. Қазақстан мұнда геосаяси тұрақтылықты және өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде маңызды міндеттер атқарып отыр.

 
Бүгін, cіздерге, құрметті қазақстандықтар, өзімнің жыл сайынғы Жолдауымды арнай отырып, мен Қазақстанның әлемнің бәсекеге барынша қабілетті әрі серпінді дамып келе жатқан мемлекеттерінің қатарына қарай қадам басуы жолындағы негізгі басымдықтарды ұсынғым келеді.

 

1. Бірінші басымдық: Қазақстанның әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуі – елдің     экономикалық дамуының сапалық серпілісінің негізі

 
Біз Қазақстанның жаһандық экономикалық үрдістерге сәйкес дамып келе жатқан ел болуын қалаймыз. Әлемдегі жасалған жаңа мен озық атаулыны бойына сіңірген, дүниежүзілік шаруашылықтан шағын да болса өзіне лайық “орнын” иемденген, әрі жаңа экономикалық жағдайларға жылдам бейімделуге қабілетті ел болуын қалаймыз.

 
Біз қатаң бәсекеге әзір тұрып, оны өз мүддемізге пайдалана білуіміз керек. Қазақстан көп тарапты халықаралық экономикалық жобаларға белсене қатыса алады, қатысуға тиіс те, өйткені олар біздің жаһандық экономикаға кірігуімізге жәрдемдеседі әрі сол арқылы біздің қолайлы экономикалық-географиялық жағдайымызға және қолымыздағы ресурстарымызға сүйенеді.

 
Мемлекет өз тарапынан іскерлік бастамашылықтың жолындағы заңнамалық, әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді ысырып тастауға, жеке меншік капиталдың келешегі үлкен кемел бастамаларына тікелей қолдау көрсетуге міндетті.

 
Қазақстанның экономикалық дамуындағы сапалық “серпілісті” әлемдік экономикаға кірігудің қажетті шарты ретінде пайымдай отырып, мен мынадай бағыттарға баса назар аудару керек деп санаймын.

 

1.1. Халықаралық маңыздағы “серпілістік” жобаларды      іске асыру, индустрияны дамыту, әлемдік рыноктың             белгілі бір тауашаларында бәсекеге қабілетті бола алатын тауарлар мен қызметтерді өндіру

 
Біз түпкі өнімдерін экспортқа шығаруға бағдарланған өндірістерді, мұнай-газ, көлік саласында және машина жасау мен металлургиядағы, химия мен агроөнеркәсіп кешеніндегі басқа да ішкі салаларда бірлескен кәсіпорындар құруға және дамытуға арқа сүйеуіміз керек. Алдымызда халықаралық ұйымдардың белсене қатысуымен биотехнологиялық орталықтар; өңірлік ІT-орталық ретінде ақпараттық технологиялар паркін дамыту міндеті тұр.

 
Үкімет ұлттық тауарлар мен қызмет көрсетудің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға бағытталған нақты бағдарламалар қабылдауы қажет. Жеке меншік бизнесті қолдаудың және оның тауарлары мен қызметін әлемдік рыноктарға жылжытатын мамандандырылған құрылымдар болуы шарт, мұндай ұйымдардың әлемдік тәжірибесін зерделеп, оны еліміздің жағдайына бейімдеуіміз керек.

 

1.2. Қазақстанның өңірлік және халықаралық экономикалық бірлестіктер мен ассоциацияларға       қатысуы жолымен халықаралық экономикаға кірігуі

 
Қазақстан көп тарапты халықаралық экономикалық жобаларға белсене қатыса алады және қатысуға тиіс, мұның өзі біздің жаһандық экономикаға кірігуімізге жәрдемдеседі әрі біздің экспорттаушыларымызға қолдау көрсетеді.

 
Өңірлік серіктестікке келгенде, біз ЕурАзЭҚ шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге және Біртұтас Экономикалық кеңістікті қалыптастыруға одан әрі септесе беру ниетіндеміз.

 
Сонымен қатар Бүкілдүниежүзілік банк, Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі және таяуда құрылған Еуразия даму банкінің жобаларына баса назар аудару керек.

 

1.3. Қазақстанды экономикалық жаңарту мен халықаралық рыноктарда бәсекеге қабілеттілігін      нығайтудың қосымша құралы ретінде БСҰ-ға кіру

 
Қазақстанның БСҰ-ға кіруі жолындағы келіссөз үдерісі тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Республиканың сыртқы сауда режимін реттейтін заңдарының едәуір бөлігі қазірдің өзінде БСҰ нормаларына сәйкес келтірілді немесе Парламентте талқылану үстінде.

 
Еліміздің осы халықаралық экономикалық ұйымға енуі Қазақстанның дүниежүзілік рыноктағы бәсекеге қабілеттілігін нығайту үшін кең мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін. Дегенмен осы мүмкіндіктерді ұтымды әрі тиімді пайдалана білу керек.

 
Біз әлі қолға алынбаған секторлардағы шетел инвесторларының құрылтайшылық қатысуы деңгейіндегі экономикалық тұрғыдан өзін ақтамайтын шектеулерді алып тастауымыз керек.

 

1.4. Экспорттық-импорттық кредиттеуді дамытуды мемлекеттік қолдау

 
Шикізаттық емес тауарлардың экспорты мен жоғары технологиялық жабдықтардың импортын қолдау мен кредиттеу басымдыққа айналуға тиіс.

 
Бүгінгі күні дайын өнімдер экспортының көлемі жылына 2 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Шикізаттық емес экспорт он жылға жуық осы деңгейде қалып келеді. Ендігі жерде осы көлемді үдемелі түрде ұлғайтатын уақыт жетті.

 
Біз үздік әлемдік тәжірибеге сүйеніп, шет елдердің экспорт-импорт агенттіктерімен ынтымақтастықты белсенді дамытуымыз керек.

 

1.5. Қазақстанның жаңа технологияларды әзірлейтін         және дамытатын халықаралық компаниялардың құрылтайшысы және акционері ретінде қатысуы

 
 Қазақстанға өзінің ғылыми әлеуетіне қоса жоғары технологиялардың халықаралық бизнесіне қатысатын және оған бастапқы құрылтайшылық деңгейінде қатысу жөнінде бастамашылық танытатын уақыт жетті деп білемін.

 
Бұл жерде осы жұмыс үшін жауап беретін Инновациялық қордың атқаратын рөлі өте маңызды.

 
Біздің осы орайда экономикалық дамудың барынша “серпілісті” бағыттарындағы озық технологиялық идеяларды игеру үшін күллі дүние жүзіндегі жаңа немесе енді қалыптаса бастаған жоғары технологиялық компаниялар акцияларының пакеттерін сатып алатын басқа елдердің өнегесіне ден қойғанымыз абзал.

 
Осы арқылы біз тиісті авторлық құқық пен зияткерлік меншіктің иесі бола аламыз. Мұндай жобалар үшін бізге өзге елдердегі “құрметті консулдар” институтын кеңінен пайдалану керек.  
Үкімет Қазақстанның халықаралық рыноктағы технологиялық бастамашылығы мәселесін мұқият пысықтауы тиіс.

 

1.6. Қазақстанда зиаткерлік меншік құқығымен және сауда маркасымен қорғалған тауарлар өндірісі үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру

 
Қазақстанның авторлық құқық пен сауда белгісін қорғаудың қатаң кепілі ретіндегі беделін нығайту бізге экономиканың жаңа секторларын белсенді түрде дамытып, әртараптандыруға мүмкіндік береді.

 
Қазақстанда алдамыш өнімдерге төзбестік көзқарас туғызуға бағытталған жариялы науқан жүзеге асырылуға тиіс, сонымен қатар зияткерлік меншік құқығын бұзу мен сауда белгілерін қолдан жасаушылар үшін әкімшілік және қылмыстық қудалау шараларын қабылдау керек. Мұндай шаралардың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өнімдер шығарушылардың мақұлдауы мен қолдауына ие болатынына, Қазақстан экономикасына жаңа инвестициялар ағысын қамтамасыз етіп, оны әртараптандыруға кең мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін.

 

1.7. Ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін академиялық орталықтар мен оқу орындарын құру

 
Қазақстанда халықаралық ұйымдардың қатысуымен осы заманғы ғылыми орталықтар мен “технологиялық парктер” құру мен дамыту, жаңа технологияларды игеру үдерісіне қолдау көрсету мен кадрлардың білігін бағдарлаудың икемді жүйесін қалыптастыруымыз керек.

 
Ғылыми әлеуетті дамыту қолданбалы ғылымды өндіріс пен бизнеске мейлінше жақындатуға бағытталуға тиіс.

 
Көш басында жүрген академиялық институттар мен орталықтарды Қазақстанға тарту үшін тиісті алғышарттар жасау қажет. Бұл үшін бізге Қазақстанда халықаралық оқу орындарын бірлесе дамыту үшін “инкубациялық жобалар” үлгісіндегі құралдарды пайдалануымыз керек.

 
“Инкубациялық жобаларды” дамытуды көтермелеу мақсатында Үкімет, Үндістанда жасалғандай, ғылыми орталықтарды дамыту үшін жер телімдерін тегін беру, бастапқы капитал бөлу, қажетті негіздік инфрақұрылымды жасақтау және басқа да бірсыпыра шараларды ұйымдастыру мәселелерін шешуге тиіс деп санаймын.

 

1.8. Осы заманғы және бәсекеге қабілетті көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту

 
Қазақстанның көлік-коммуникация кешенінің басты мақсаты еуразиялық көлік жүйесіне кірігу болып қала береді. Көлік-коммуникация кешенін дамыту Еуропа мен Азия ортасындағы аралық көпір болып отырған еліміздің геостратегиялық орналасуының артықшылықтарын пайдалануды толығымен қамтамасыз етуге тиіс.

 
Жүктердің тез өткізілуін ұйымдастыру жөнінде тиімді рәсімдер енгізу үшін көршілермен арадағы нақтылы уағдаластықтарды дамыту қажет.

 
Осы және басқа да міндеттердің бәрі Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясын әзірлеу мен іске асыру барысында ескерілуге тиіс.

 
Бұл мәселелерді шешуде біз мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті қамтамасыз ету тетіктеріне баса назар аударуға тиіспіз.

 

1.9. Табиғат ресурстарын пайдаланудың ашық саясатын іске асыру

 
Біз табиғи ресурстарды пайдаланудың, трансұлттық компаниялармен және өңірдегі басты көршілерімізбен ынтымақтастықтың айқын әрі тұрақты шарттарын қамтамасыз етудің ашық саясатын жүргізуге бастама көтердік және оны одан әрі жүргізе беретін боламыз. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге нақты үлес қосып отырған келешегі зор сенімді әріптес ретіндегі беделін нығайта түседі.

 
Біз қазір Қазақстанның энергия ресурстарын әлемдік рынокқа жеткізудің арналарын әртараптандыру мен олардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай-газ кешеніне тікелей қатысты тереңдете өңдеу салаларының ең озық қарқынмен дамытылуына баса назар аударуымыз керек.

 

1.10. Алматыны қаржы және іскерлік белсенділіктің            ірі өңірлік орталығы ретінде дамыту

 
Орталық Азия өңірінің басты қаржы орталығы ретінде Алматының серпінді дамуы Қазақстанның ірі қаржы ұйымдарын өңірлік үлкен бизнес-жобаларға арналған займдар беру, сақтандыру мен қаржы қызметін көрсету саласында негізгі “мердігерлерге” айналдыру үшін қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер туғызу мақсатына бағытталуға тиіс.

 
Қаржы орталығының тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін тиісті инфрақұрылымдар, ең алдымен, телекоммуникациялар жасақтау қажет. Сонымен қатар іскерлік қасиетімен танылған әрі осындай орталықтар мен сырт жерлерде  еркін аймақтар құру жөніндегі жұмыс тәжірибесі мол мықты менеджерлер тарту қажеттігі де анық.

 
“Еркін” қаржы-экономикалық аймақтарында ілеспе қызмет көрсету рыногын дамытуға да ерекше назар аудару керек.

 

1.11. Нақты іске асыру

 
Бірінші басымдықты нақты іске асыру мақсатында Үкіметке мына міндеттерді тапсырамын:

 
• 2006 жылы қолданылып жүрген нормативтік-құқықтық базаға талдау жасап, ретке келтіретін болсын. Қазақстан Республикасының “Бәсекелестік және монополистік қызметті шектеу туралы” Заңының жаңа редакциясын, “Концессиялар туралы” және “Өңірлік қаржы орталығы – Алматы қаласы  туралы” заңдарды әзірлесін.

 
• Салықтық және кедендік әкімшілік жүргізу реформасын іске асырсын, отандық өндірушілерге мемлекеттік көмек көрсетуді қайта бағдарласын, техникалық реттеудің ішкі стандарттарын БСҰ-ның халықаралық стандарттарына сәйкес келтірсін, қаржылық қызмет рыногын реформалауды жалғастырсын.

 
• БСҰ-ға кіру шеңберінде біздің экономикамыздың кейбір салаларын, әсіресе, шикізатты өңдеуді дамыта отырып, ауыл шаруашылығын қолдауға мүмкіндік беретін арнаулы экономикалық “бейімделу бағдарламасын” әзірлеп, іске асыратын болсын.

 
• Халықаралық рыноктың Қазақстан бәсекеге қабілетті өнім беруші бола алатын барлық секторларын ізерлей зерделеуді жалғастырсын және соны ескеріп, халықаралық бәсекеге қабілетті ұлттық тауарлар мен қызметті қолдаудың нақтылы және нысаналы бағдарламасын жасайтын болсын.

 
• Даму институттарымен және жетекші қазақстандық компаниялармен бірлесіп, мақсатты орта мерзімдік және ұзақ мерзімдік жобалар тізбесін түзетін болсын. Индустриялық аймақтардың, атап айтқанда, Астанадағы аймақтың, арнаулы экономикалық аймақтардың, көлік-логистикалық орталықтардың мәселелерін пысықтасын. Қытаймен шекаралық ынтымақтастықтың “Қорғас” орталығын дамытуға ерекше назар аударылуға тиіс.

 
• Мемлекеттік даму институттарының іс-қимылын үйлестіру үшін құрамына барлық даму институттары кіретін Басқару компаниясынжасақтасын.

 
• Биылғы жылы Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясы бекітіліп, онда мемлекет-жеке меншік серіктестігі негізінде инфрақұрылымды дамыту бойынша бизнеспен арадағы тиімді ынтымақтастық қамтамасыз етілсін. Еуропа – Азия аралығында сапалы тасымалды қамтамасыз ету үшін кем дегенде 2-3 авиациялық торап құрылсын. Әуе тасымалына сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету үшін Астана қаласында қызмет көрсету орталығы құрылсын.

 

2.Екінші басымдық: Қазақстан экономикасын тұрлаулы экономикалық өрлеудің іргетасы ретінде одан әрі жаңарту мен әртараптандыру

 
Ел экономикасындағы өрлеудің тұрлаулы әрі серпінді сипатын ұстап тұру үшін мемлекет қазынагерлік, кредит-ақша саясатының, өндірістің негізгі факторларын тиімді қайта бөлуді мемлекеттік реттеу тетіктерін пайдаланып, жоғары сапалы өнім мен қызметке деген сұранысты көтермелеп отыруға міндетті.

 
Қазақстан экономикасын алдағы уақытта одан әрі жаңарту мен әртараптандыру мақсатында нақтылы тұрғыда мынадай бағыттарға баса көңіл бөлу керек деп санаймын.

 

2.1. Ақша-кредит саясаты

 
Ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты – инфляцияны тежеуді қамтамасыз ету. Бұл мақсатқа жету жолындағы жауапкершілік Ұлттық банк пен Үкіметке жүктеледі. Олардың қолында сол үшін барлық өкілеттіктер мен құралдар бар.

 
Ақша-кредит саясатының келесі міндеті – қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляция өсімінің залалды зардаптарын төмендету, сонымен бір мезгілде экономикалық өрлеуді ынталандыру үшін нақтылы айырбас бағамының икемділігін сақтап тұру.

 
Осы орайда Ұлттық қор маңызды рөл атқаруға тиіс. Үкімет Қор қаражатының ашықтығын және ұтымды құралуы мен пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс деп санаймын.

 

2.2. Қадағалау тәртібі мен тиімді салық саясаты

 
Салық және кеден саясатын реформалау күллі экономикалық жаңару саясатының маңызды құралы болуы керек.

 
Экономикамыздың жаңа салаларын әртараптандыру мен дамытуды ынталандыру, бұл салаларға шетел капиталы мен соны ілімді тарту мақсатында икемді салық және бюджет саясатын пайдалану маңызды.

 
Өндірісті дамыту мен кеңейту мақсатында қосымша құн салығының мөлшерлемесін төмендету қажет деп санаймын.

 
Ірі салық төлеушілерден түскен салық түсімдерін жинауды тексеру үшін Қаржы министрлігінің Салық комитетінде арнаулы бөлім құруды ойластыру керек. Ол бөлім тексеру ісіне мүдделер қайшылығынан ада халықаралық аудиторлық фирмаларды тартуға тиіс.

 
Қатаң бюджет және салық тәртібі сақталуға тиіс.

 

2.3. Экономиканың отын-энергетика және өндіруші секторларының тиімділігі мен экономикалық қайтарым деңгейін арттыру

 
Ішкі және әлемдік рыноктардың жаңа тауашаларын біз өндіруші өнеркәсіптің мұнай, газ және басқа салаларында терең өңдеуді дамыту есебінен игеруіміз керек.

 
Әрбір мұнай-газ кеніші кәсіпкерлікті дамытудың осы заманғы тұрмыстық қызмет көрсетуден бастап, ең озық инженерлік және бағдарламалық қамтамасыз ету саласына дейінгі ауқымды қамтитын өзіндік тұтас аумақ ретінде қарастырылуға тиіс.

 
Тұтынушыларының алдында Қазақстан сенімді өнім берушінің абыройын жоғары ұстауға тиіс.

 
Биылғы жылдың ішінде Үкімет Қазақстанда мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың таяудағы он жылға арналған кешенді Бас жоспарын нақтылы орындауға кіріседі деген ойдамын.

 

2.4. Мемлекеттік активтерді тиімді басқару

 
Үкімет мемлекет активтерін басқарудың ашық және айқын жүйесін жасауы қажет. Мемлекеттің меншігіне түгендеу жүргізіп, күллі еліміз үшін біртұтас деректер базасын жасаған жөн. Медетшілік жасау немесе банкроттық туралы шешім шығарған кезде біртұтас өлшемдер қолданылуы керек. Банкроттық шығынды мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін қалпына келтіру мүмкіндігі қалмаған жағдайда жасалатын соңғы қадам болуға тиіс.

 
Банкроттықты мемлекеттік мүлікті басқарудың өзі үшін ең ұтымды тәсілі санайтын белгілі  бір конкурстық басқарушыларды қайталап қатыстыру тәжірибесінен арылып, бұл салада барынша бәсекелестік туғызуды ойластырған дұрыс. Қажеттігіне қарай, мемлекеттің неғұрлым ірі активтерін басқару үшін халықаралық компанияларды да жалдау керек.

    

2.5. Нарық қағидаттары негізінде мемлекет пен жеке меншік сектор арасындағы экономикалық өзара қатынастардың тиімділігін арттыру

 
Біз экономикаға мемлекеттің қатысуын әкімшілік реформаның есебінен оңтайландыруымыз керек.

 
Жаңа экономика жаңа басқару шешімдерін қажетсінеді, ал ондай шешімдерді осы заманға сай ойлай білетін және түпкі нәтижеге бағдарланған мемлекеттік менеджерлер ғана қабылдауға қабілетті.

 
Қоғамдағы келісім-шарттық қатынастарды дамыту мен жеке меншік институтын нығайту үшін қосымша заңнамалық және әкімшілік шаралар, сондай-ақ даулар мен төрелік ету рәсімдерін тәуелсіз тұрғыда қарау жүйесін дамыту қажет.

 
Келісім-шарттық міндеттемелерді орындамағаны үшін экономикалық, әкімшілік, керек десеңіз, қылмыстық жауапкершілік билік органдарының өкілдеріне де, сондай-ақ экономикалық өмірдің басқа да барлық агенттеріне қолданылуға тиіс.

 
Біз үшін миноритарлық акционерлер мен құрылтайшылардың құқықтарын қорғау жөніндегі бара-бар заңнаманың болуы өте-мөте маңызды. Сондай-ақ, ұлт меншігінен қайтадан алуға қарсы заңнамалық кепілдіктер берілуін қарастыру қажет.

 
“Электрондық үкімет” жүйесін шұғыл енгізу қажеттігін әдейі  баса көрсеткім келеді. Ол мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттырып, сыбайластық пен әкімшілік кедергілерді кемітуге қол жеткізеді.

 

2.6. Кәсіпкерлікке кең ауқымды мемлекеттік қолдауды іске асыру, шағын және орта бизнестің тұғырын кеңейту мен нығайту

 
Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры халықтың кәсіпкерлік әлеуеті мен бастамашылығын іске асыруға тырысқан түрлі топтары үшін қаржы ресурстары мен сараптама жасаудың нақты қайнарына айналуға тиіс. Қордың өкілдік желісін кеңейту, өңірлердегі кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жұмысты күшейту қажет.

 
Сонымен қатар, металлургияда, банк саласында, сақтандыруда, химия өнеркәсібінде және басқа салаларда сақталып қалған “жасырын” монополияларды құрту қажет. Мұны монополияға қарсы заңнаманы реформалау арқылы, сондай-ақ отандық және шетелдік жаңа компаниялардың экономиканың осы секторларына кіруі үшін тартымды әрі ашық жағдайлар туғызу арқылы, яғни осы секторлардағы бәсекелестікті арттыру арқылы жасау керек.

 
Бюрократияның өндірістік активтерге бақылау жасауға ұмтылған әрекеттеріне жол бермеу керек.

        

2.7. Өңірлік әлеуметтік даму мен кәсіпкерлік корпорацияларын құру есебінен экономикалық өркендеудің өңірлік “локомотивтерін”  жасақтау

 
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) – бұл өз қызметін өндірістен және тауарлар мен қызмет сатудан пайда табу мақсатында ұйымдастыратын тұрлаулы бизнес-құрылымдар. ӘКК-нің коммерциялық корпорациялардан басты айырмашылығы сонда, олар алынған пайданы өздері мүддесін көздеп құрылған сол өңірдегі халықтың әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени мақсаттары үшін қайтадан жұмсайды.

 
Қазақстанның түрлі өңірлерінде бастапқы кезеңде қолдарына коммуналдық меншікті, жерді, жаңа бизнес жасау үшін пайдалануға болатын жұмыс істеп тұрған рентабельсіз кәсіпорындарды беру арқылы ӘКК жасақтауға болады.

 
Әрбір ӘКК өзіндік бір өңірлік даму институтына айналуға тиіс, оның еліміздің тиісті өңіріндегі мемлекеттік активтерді басқаратын холдинг компаниясы ретінде жұмыс істеуі мүмкін.

 
Содан кейінгі кезеңде басқару тәжірибесін жинақтауы мен ӘКК-нің капиталдану деңгейінің артуына қарай олардың өңірлік және халықаралық рынокқа шығуымен қоса, “жауапкершілік аясын” кеңейту мен әртараптандыру жөнінде әңгіме қозғауға болар еді.

     
 Бұл корпорациялардың қызметі жаңа жобалар тартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, кооперациялануды күшейтуге бағытталады.

 
Сөйтіп ӘКК ірі жұмыс берушілерге әрі ел дамуының жолбасшысына айналады, бұл ретте

Бөлісу: