Елбасы Түркияға барды

14 Сәуір 2016, 10:58

Нұрсұлтан Назарбаев пен Р.Ердоған кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев пен Р.Ердоған кездесуде Түркия Президентінің Қазақстанға былтыр сәуірдегі сапарында қол жеткен уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын қарастырды.

Сондай-ақ екі ел көшбасшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Бұл бағыттарда бірлескен перспективалы жобалар бар екені, оларды жүзеге асыруға екі елдің шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алатыны айтылды.  

Мемлекеттер басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен терроризмге және экстремизмге қарсы күрес аясында қабылданып жатқан шаралар жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Президенті биыл наурыз айында Анкарада болған террорлық актіге байланысты Р.Ердоғанға тағы да көңіл айтты.

Екіжақты қарым-қатынас мәселесіне тоқталған Мемлекет басшысы Түркияның жетекші компаниялары мен холдингтерінің мемлекетіміз тарапынан елеулі қаражат бөлініп отырған индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламаларын жүзеге асыруға белсене қатыса алатынына назар аударды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі тауар айналымын, соның ішінде Түркиямен арадағы тауар айналымы көлемін арттыру үшін еліміздің  алдынан зор мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.   

Қазақстан Президенті біздің республикамыздың транзиттік-көліктік әлеуеті жоғары екенін, оны екі ел экономикасының игілігіне тиімді пайдалануға болатынын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Антальяда «ЭКСПО-2016» және Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу тұрғысынан Қазақстан мен Түркияның тәжірибе алмасуы маңызды екеніне назар аударды. 

Р.Ердоған бірқатар бағыттар бойынша алға қойылған мақсаттарға жету үшін екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін айтты.  

Сонымен қатар Президент Түркия холдингтері мен компанияларының басшыларымен кездесті. Кездесуге Түркияның Ulker Group, Turkuaz Group, Yildirim Group, Yildiz Holding, Akfel Holding, Aselsan Electronic, Acibadem сияқты 25-ке жуық компаниясының басшылары қатысты.

Әңгіме барысында ынтымақтастықтың түрлі салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасылды. Компания басшылары Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін жағдай жасалғанына алғыс білдіріп, мұның қазақстандық серіктестермен өзара іс-қимыл аясын кеңейту мүмкіндігіне жол ашып отырғанын айтты.

Қазақстан Президенті қазіргі кезде елімізде түрік капиталының үлесі бар 1600-ден аса компания жұмыс істейтініне, сондай-ақ Түркияның 15 мыңға жуық азаматы тұрып жатқанына назар аударды.

Қиындықтар бар екеніне қарамастан, екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард доллардан асып түседі. Президент Ердоғанмен уағдаластық бойынша, бұл көрсеткішті 10 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Соңғы 10 жылда түрік бизнесінің біздің экономикаға салған инвестициясы 2 миллиард доллардан асты. Былтыр Қазақстанда белсенді инвестициялық жұмыс жасаған шетелдік он компанияның үшеуі түріктікі болды. Мысалы, қазір Қазақстан мен Түркияның жалпы құны шамамен 3 миллиард доллар  болатын 91 бірлескен жобасы жүзеге асырылуда, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі мен Қытай Халық Республикасымен көршілестігі аясында бизнес үшін туындайтын зор мүмкіндіктерді атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан Бес институционалдық реформа туралы да әңгімелеп, оның аясында шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде шаралар қарастырылғанын айтты.

Сонымен қатар, біздің ел көздеген мақсаттары жөнінен ҚХР-дың Жібек жолы Экономикалық белдеуі бастамасына ұқсас «Нұрлы  жол» бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асыруда. Аталған жоспар аясында елімізді инфрақұрылымдық тұрғыдан дамыту саласында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жолдың» және индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының мүмкіндіктерін түрік компаниялары да тиімді пайдалана алатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті түрік компанияларын алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырды.

Мемлекет басшысы кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар мен бастамаларға қолдау білдіре отырып, Түркия бизнесмендерінің қызметіне біздің елде жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап айтты. 


Ақпарат http://www.akorda.kz/ сайтынан алынды   

Бөлісу: