Елбасы қандай халық әндерін сүйіп тыңдайды?

15 Қаңтар 2016, 08:58

Елбасы сүйіп тыңдайтын әндер

Ақорданың ресми сайтында дербес парақша атты бөлім қосылып,  Елбасының авторлық әндері, сондай-ақ сүйіп тыңдайтын халық әндері мен өзге де авторлардың туындылары енгізілді.

Дербес парақшадағы «Музыка» бөлімінде «Президент өмірінде музыка маңызды орын алады. Мемлекет басшысының отбасында ата-анасы әрдайым ән-күй тыңдауды ұнататын және өздері де ән сала білетін. Әсіресе анасы Әлжан Назарбаева әнді жақсы айтатын. Оның сол қабілет-дарыны ұлына берілгені сөзсіз. Жас Нұрсұлтан бала кезінен «есте жоқ ескі кездердегі» де, өз заманындағы да түрлі әндер мен әуендерді тыңдап, құлағына және зердесіне сіңіріп өсті. Нұрсұлтан Назарбаев бос уақытында өзі де домбыраны шебер тартып, ән салады. Президенттің үш ән шығарғаны, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Әнұраны мәтінінің телавторы екені де баршаға белгілі. Бұл бөлімге Мемлекет басшысының авторлық әндері, сонымен қатар ол сүйіп тыңдайтын халық әндері мен өзге де авторлардың туындылары енгізілді», – деп жазылған.

Аkorda.kz сайтындағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дербес парақшасында сөзін өзі жазған авторлық әндері енгізілді. Бүгінгі таңда халық арасына кеңінен тараған және үлкен ықыласқа бөленген патриоттық рухты көтеретін «Елім менің», «Үш қоңыр», «Шұбарат», «Жерім менің» сынды әндер орналасты. Сонымен қатар, Елбасы сүйіп тыңдайтын: «Жұлдызым», «Көзімнің қарасы», «Беу- айдай», «Сәулем-ай» секілді туындылар жүктелген.

«Шұбарат» әнінің сөзін жазған Нұрсұлтан Назарбаев, әнін жазған Шәміл Әбілтай. Осы «Шұбарат» әнінің шығу тарихы туралы күйші, композитор  Шәміл Әбілтаев ағамыз мынадай пікір айтады: «Елбасы Уақап Қыдырханның бастамасымен бір топ журналисті қабылдап, «Шұбар ат» өлеңін оқып береді. «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдығына арналған үлкен жинаққа енгізген. 2011 жылы Қазақстанның 20 жылдығына орай Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген Елбасы» атты кітабы жарық көрді. Бетін парақтап отырсам, «Сағыныштан туған шұбар ат» деген очерк жарияланыпты. «Шұбар ат» өлеңін оқығанымда еріксіз жаным тебіреніп, шалқар шабытпен ән туды. Қисыны келіп қалған сазды нотаға түсіріп, 2013 жылдың бас кезінде «Айқын» газетіне «Қырық жылдан кейін қайта туған шұбар ат» деген тақырыпта әнді жазғаным жөнінде жарияладым. Мақаланы оқыған Махмұт Қасымбеков әнші Досымжан Таңатаровты шақырып, осы әнді орындауға кеңес береді. Досымжан бірден ұнатып, әрлеуші Бағлан Омаровқа әнді өңдетеді. 28 маусым күні Мемлекет басшысының алдында, Қазақстан Президенті оркестрінің сүйемелдеуімен әннің тұсаукесері өтті». 

Әнші Досымжан Таңатаров: «Шұбар ат» әні – халықпен бірге жасайтын, өміршең ән. Автор бұл өлеңді мемлекет басшысы болмай тұрып жазған. Кіндік қаны тамған туған жерге деген сағыныштан риясыз көңілден туындаған. Сондықтан болар әннің әуені сөздің мағынасын ашқан. Сазды, лирикалық бағытта өрбіген халық әні іспетті әнді халыққа насихаттап келеміз.

«Елім менің» әнінің музыкасын Бекболат Тілеухан жазған. Әйгілі әнші Бекболат Тілеуханның «Елім менің» атты әні – патриоттық тақырыптағы қазақ әндерінің арасында айрықша орын алатын шоқтығы биік туынды. Әнге тәуелсіздік алған қазақ елінің ұлан-асыр шаттығына үн қосқан шынайы қуаныш сезімі арқау болған. Отаншыл мазмұндағы, асқақ рухты бұл шығарма жұрт жаппай шырқайтын танымал әнге айналды. 

«Үшқоңыр» әні – Елбасы түлеп ұшқан құтты мекен Үшқоңыр туралы белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевтың әні. «Муз­АРТ» тобы нақышына келтіре шырқап, барша тыңдармандардың жүрегінен орын алған тамаша ән!

Сайтта сонымен қатар сайтта Нұрсұлтан Әбішұлының «Хоббиі» деген айдарда:

«Мемлекеттік жоғары лауазымдағы қызмет бос уақыт қалдыра бермейді. Алайда жұмыс арасындағы сирек үзілістерді Нұрсұлтан Назарбаев өзі үшін әрі демалыс, әрі көңіл сергіту саналатын сүйікті істеріне арнауға тырысады. Ол – табиғат аясында болу, спортпен шұғылдану, музыка тыңдау және кітап оқу. Спортпен айналысу немесе үздіксіз оқу адамды кейде едәуір күш пен бар зейінін жұмсауға мәжбүр етсе де, біз, соған қарамастан, оларды да әуестік пен демалыс айдарына қостық. Әлдебір ойшыл айтқандай:  толыққанды тұлға үшін  демалыс – өзі айналысатын істің түрін өзгерту ғана», – деп жазылған.

Ал, «Кітаптары» атты бөлімде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қызметі кезеңіндегі мейлінше маңызды деген және қалың оқырманның зор қызығушылығын тудырған кітаптары енгізілді. Бұл бөлімде «Қазақстан Президенті еңбектерінің каталогы хронологиялық тәртіп бойынша, танысуға және оқуға мүмкіндік беретіндей түрде ұсынылып отыр», – деп көрсетілген.

«Дәйексөздері» атты бөлімде Елбасының қоғамдық-саяси өмірдің, экономика мен мәдениеттің және халықтың салт-дәстүрінің маңызды бағыттары бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  мейлінше ең маңызды дәйексөздері мен айтқан пікірлері енгізіліпті.

Аkorda.kz сайтындағы Елбасына арналған дербес парақшаның толық нұсқасын келесі сілтемеден көре аласыз. 


Әзірлеген Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттер Аkorda.kz сайтынан алынды

 

Бөлісу: