Елбасы және Біз!

30 Қараша 2019, 00:00 3307

Тәуелсіздіктің балалары. Аға ұрпақ үнемі оларға қызыға көз салады. Ойы еркін, тілі азат, талғамы жоғары және ең бастысы, таңдауы бар! Шет елде оқимын десе, әні, «Болашақ» салған жол сайрап жатыр. Кәсіп ашамын десе, екі қолға бір күрек мұнда да табылады. Күрек деген не тәйірі, мемлекет «басы» бар «баланы» қолдауға әзір. Тек идеяңыз бен ерік-жігеріңіз болсын. Бесіктен белі шыға салысымен, биліктің дәлізіне «бас сұққысы» келетіндерді де қолтығынан сүйеп, тәлімгерлік етуге бар. Ал ауылға барамын деген жанашыр жастардың аяғын әсте жерге тигізбейді. Мемлекеттің берген көтерме жәрдемақысынан өзге, кейбір аудан, ауыл әкімдері тіпті келген жас маманның алдына мал, басына үй салып беремін деп алақанға түкіріп отыр. Мұның барлығы ертеңгі күні ел тұтқасына айналар болашақ иелерінің қамсыз білім алып, мамандық игеріп, оны ел пайдасына жаратуы үшін жасалып жатырған мүмкіндік. Мұның барлығы ел болып егемендік алғанына адам жасымен салыстырғанда да, тарихи тұрғыда да аз ғана уақыт болғанына қарамастан, ең басты қайтарымды инвестицияны адами капиталға – болашаққа салған Елбасының көреген саясатының нәтижесі.

Тәуелсіздіктің балалары өсті. Бүгінде олар да аяғынан нық тұрған Қазақстан секілді өздерінің өмір жолдарының бағыттарын айқындап үлгерді. Қызыл галстукты ұмытқаны немесе тіпті үтіктемегені үшін ұрыс естіп өспеген, шетел әдебиетін оқығаны үшін кластастары мен ұжымдастарының алдында қызармаған, ошақ жанындағы әжесінің күйбеңдеп жүріп «біссіміллә» деп күбірлегенінен көршісі күдіктеніп қала ма деп жалтақтамаған өжет, намысшыл, білімді, азат жастар өсті. Және олар ең бастысы, тәуелсіздіктің рухымен өскен буын.


Елбасы қай істі қолға алмасын, қандай бастама көтермесін мейлі, елдің болашағы үшін деп бата қылды. Джеймс Кларктың «Саясаткер келесі сайлауды, мемлекеттік қайраткер болашақ ұрпақты ойлайды» деген қанаттыға айналған бір ауыз сөзі дөп айтылған секілді. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі фаторы ретінде жастардың біліміне, энергиясы мен патриотизміне бәс тікті, өйткені.

Жастар өзіне артылған сенімді сезінді, сондықтан өз елімен мақтанады, оның тарихын тануға ұмтылады және өз болашағына сеніммен қарайды. Елбасы 2019 жылды жастар жылы деп жариялау арқылы жастарға кеңінен жол ашатын бастамалардың жүзеге асырылуына мүмкіндік берді.

«Ақпыз, қара, сарымыз, ағайынбыз бәріміз» деген өлең шумақтары тіл ұшына үйіріле берді...

Бүгінде төртеуі түгел Қазақстанның болашағынан үміт күтер жастары бірлік пен бейбітшіліктің бағасын біліп өсіп келеді. Ата-баба тарихынан сабақ алған олар «ерім деген елінің» бар екенін біледі, сезеді өйткені.

«Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедиция жобасының тұсауы кесілген салтанатта сөйлеген сөзінде ұлты литвалық бойжеткен «Менің қазақ жеріне бас сауғалап келген, нақақтан «халық жауы» атанған атам арада бірнеше ондаған жылдар өткен соң немересінің ел басшысының алдында сөз сөйлейтіндігі туралы тіпті армандамаған да болар» деді. Қазақстан жүздеген ұлттардың киелі қара шаңырағына айналды. Осы қара шаңырақта дүниеге келген түрі бөлек, тілі бөлек мыңдаған, миллиондаған жас ұрпақ, жаңа ұрпақ өздеріне өмір сыйлаған қазақ халқына, жеріне алғыс, аталар аманатына адалдық ретінде қазақ тілін үйренуді, қазақ дәстүрін дәріптеуді, қазақ тарихын құрметтеуді, қазақ халқымен бір болуды парызым деп санайды.

«Қазақ еліндегі барша жұртты ұйытып, ынтымағын арттырып отырған — қасиетті қазақ тілі! Оны сол ортада өсіп, жете түсінген мен айтпағанда кім айтады. Жетімдіктің тақсіретін тартқанда маңдайымнан сипаған қазақ ұлтына қарыздармын. Сонда қазақ ұлтының бір қажетіне жараймын деп ант еткенмін. Қазір сол ұстанымды серік етіп келемін», - деген Мәжіліс депутаты, тіл жанашыры Геннадий Шиповскихтың осы сөзінің өзі не тұрады?!

Елбасы аз ғана уақыт ішінде шын мәнінде, теңдесіз нәтижеге қол жеткізді. Әлемнің кейбір елдері өз-өздерімен іштей қырық пышақ болып жатқанда, 100-ден астам ұлт өкілі Қазақстанда бейбіт тірлік пен адал достықтың үлгісін көрсетті. Тіпті Қазақ еліне жолы түскен аузын айға білеген саясаткерлердің өздері немістің Наурызда шапан киіп, орыс ұлының «нағыз қазақ – домбыра ғой, шіркін» деп тамсанғанын көріп, «көздері атыздай» болды.

Ел бейбітшілігі мен тұрақтылығын сақтауды билік саясатының аса маңызды миссиясына айналдырған Елбасының көрегендігінің арқасында Кеңестен іргесін ажыратқанда, ер-тоқымын бауырына алып тулаған кейбір елдер, бәлкім ұлттар бүгінде қазақтан үйренері көп екенін мойындады.

Ғасырлар бойы ғұмырын ат тізгінінен аяқ алмай өткізген ата-бабаның аңсағаны да осы емес пе еді?! Тәңіршілдігінен емес, тәубешілдігінен қыр астынан қылаң бергенді есік алдында Құдайындай тосқан, босағадан бас сұққан бейтанысты Құдай дарытқан құтқа балап, төрге оздырған қазақ атамыздың жазбай қалдырған дала заңы осы емес пе?! Қазақтың көксегені бейбітшілік, татулық, достық, бірлік! Әлемді таң қалдырған Елбасының бойындағы тегіне тартқан тектілік, қанмен берілген қазақылық міне, осы!

«Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек».

Нұрсұлтан Назарбаев,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың Елбасы туралы айтқан жақсы бір сөзі бар. Қызмет барысында Түркия елінде елшілік қызмет атқарған кезіндегі саяси ойынның құрбанына айналған, бауырындағы баласына қорғаныш бола алмай, әлем қарыштап дамыған заманда өз елінен, ата мекенінен тек өмір сүру үшін безуге мәжбүр болған халықтың көз жасын көріп, адамзат үшін іші удай аши тұра елдің қамын ойлаған ердің айтқаны бұл.


«Қызмет барысында мен Елбасының жанында бірге жұмыс жасадым, және ел дамуына байланысты тағдыршешті мәселелерде шешімнің қалай қабылданғанын білемін. Саясаткер келесі сайлау туралы, ал мемлекеттік қайраткер келесі ұрпақ туралы қам жейді. Нұрсұлтан Назарбаев – бұл үлкен әріптермен жазылатын мемлекеттік қайраткер. Көп нәрсе салыстыру арқылы танылады. Түркия елінде елшлік қызмет атқарған кезеңде Сирия қақтығысында босқындардың қандай жағдайға тап болғанын көзіммен көрдім. Шүкір, біздің ел мұндай жағдайды бастан кешірген жоқ».


Бұл туралы бүгінде Түркия елінде оқып жүрген, Сирия секілді отты нүтелерден хабар таратқан қазақстандық әскери журналист, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, сарапшы Назгүл Кенжетай да өз сұқбатында айтады.

«Мен әлемге Қазақстанды соғыс пен балалардың көз жасына қарсы ел ретінде танытқым, ал суреттер арқылы отансыздықтың опасыздығын, бейбітшіліктің бағасын көрсеткім келеді. 2014 жылдан бастап Таяу Шығыстағы Сирия мәселесін жақынырақ зерттеп келемін. Қақтығыс салдарынан өз елінен босуға мәжбүр болған халықты көргенде, өз Отаныңа деген махаббатың арта түседі. Шүкір, менің Отаным бар, бейбітшілікті қолдайтын елім бар. Адам жақынын, сезімін, бар жиған-тергенін жоғалтқанда үндемеуі мүмкін. Бірақ Отанын жоғалтса, ол ешнәрсесіз қалады. Бұл анасыз қалудан да сорақы. Қазір біз не үшін еңбек етіп, не үшін күресіп жатырмыз? Халқымыз жақсы өмір сүрсін, еліміз көркейсін дейміз. Отанымыз болған соң, ертеңге жоспар құрамыз. Егер Отан болмаса, мұның барлығының керегі болмас еді

Қазақстан екі жыл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық етті. Сирия мәселесі бойынша Астана процесін өткізді. Мен мұны Елбасының мықты дипломатиясы деп ойлаймын. Себебі, Қазақстан нейтралды географияда орналасқан ел, оның ешқандай жанжалға қатысы жоқ. Бірақ соған қарамастан, Қазақстан әлемде болып жатқан қақтығыстарға бей-жай қарамайды. Мәселен, мен жұмыс жасап жүрген Түркияда Елбасының бітімгершілік қызметі Түркия мен Ресей арасындағы ұшақ жанжалынан туындаған дипломатиялық қақтығыстарымен байланысты. Біз бұл процесті жақыннан бақыладық. Иә, бұл қақтығысқа байланысты бастама көтергенімен, араласуға батылдары бармаған лидерлер болды. Мұндай жағдайда тек сыртқы саясатта сөзі салмақты дипломаттардың ғана сөйлеуге құқығы бар екеніне көзім жетті. Ал біздің Елбасы осы мәселеге араласу арқылы, тағы бір болуы мүмкін дағдарыстың бәлкім тіпті қақтығыстың алдын алды.


Сирия мәселесін шешу, дағдарысты жою туралы бастама Астана процесінде көтерілді. Бүгін енді Сирия дағдарысында түрлі ұйымдар мен мемлекеттердің мүддесі бар екені жасырын емес. Олардың барлығының басын қосып, диалог орнататын алаң керек болатын. Егер мемлекеттер бір нәтижеге келе алмаса, оның жауапкершілігін Қазақстан арқалар еді. Көптеген елдер бізді Астана процесі арқылы бейбітшілікті жақтайтын бітімгер ел ретінде таныды.

Әлем елдерінің ішінде адам құқығының маңыздылығына мән беретін ел Қазақстан екенін «Жусан» операциясы дәлелдеді. Көптеген елдер Сириядағы террористердің құлдығына түскен өз азаматтарынан бас тартуда. Еуропа бас тартты, Франция азаматтықтан шығару туралы жариялады. Егер біз де солай жасасақ, Астана прцесінің ұйымдастырылуы да бекер іс болар еді. Ал біздің Ата заңымыздың бірінші бабында мемлекеттің ең қымбат ресурсы ол адам деп жазылған. Қазақстан азаматы қай жерде болмасын, мемлекетінің қорғауында екенін түсінеді, тіпті ол құқық бұзған жағдайда, оның Қазақстан азаматы ретінде заң алдында өз елінде жауап беруі көзделген.

Түркітілдес елдер Елбасыны түркі әлемінің лидері, ақсақалы ретінде таниды. Таяуда ғана Әзербайжан астанасында өткен Түркі кеңесінде Елбасының «біз түбі түркі бір елміз, біздің тарихымыз, тіліміз ортақ» деген сөзі қазір әрбір ұлтжанды мемлекетшіл түріктердің аузында жүр. 2015 жылдың 15 шілдесінде Түркияда төңкеріс бола жаздаған еді. Сол уақытта Түркия президентіне достық ниетте ең бірінші болып телефон шалған, ертеңіне бауырлас елге ұшып келіп зиярат еткен біздің Елбасы болды. Ол осы қадамы арқылы 100 пайыз толықтай түркі әлемінің фаворит-лидерлерінің біріне айналды».

Жас қазақстандықтардың сырт елде емін-еркін қоғамдық дипломатия қызметін атқаруына мүмкіндік берілгендігінің көрінісі бұл. Назгүл Кенжетай оқуымды бітірген соң, еліме келіп қызмет етемін дейді. Ол кез-келген Қазақстан азаматының сыртта жүргенде еліне қарап бағаланатынын дәлелдеді.


Аскер Пириев, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

- Елбасымен кездесу менің өмірімді өзгертті. Ауылдың қарапайым ғана баласы, қалтамда көк тиыным болмағанына қарамастан, тәуекелге бел буып, солтүстік астанадан бір-ақ шықтым. Бұл 1995 жыл болатын. Маған Нұр-Сұлтан қаласы сол уақытта суық далалық секілді болып көрінді. Менің ат басын бірден мұнда бұруымның да себебі бар еді. Өйткені, Елбасы сол кездесуде Қазақстанның болашағы жаңа астанада деп айтқан болатын. Ал осыдан он жыл бұрын Ассамблеяға келдім. Осы жылдар ішінде бейбітшілік пен бірлік бар жерде ғана табысқа жетуге болатындығына көзім жетті. Елбасы өз ойларыңды жүзеге асыра отырып табысқа жетуге болатындығын, елде тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын айтты. Менің түсінгенім, өз бақытыңды өзге жерден іздеудің қажеті жоқ. Себебі, біз дәл қазір осы жерде өз елімізде өзіміздің бақытты болашағымызды жоспарлап, құра аламыз. Ол біздің өз қолымызда. Біз дәл солай жасадық, себебі, Елбасыға сендік.


Елена Мащинская, «Дастархан» ЖШС-гі директоры:


- Мен өзімнің табыс жолымды Елбасының батасымен бастадым. Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Ақмола облысына келгенде, маған оның алдында сөз сөйлеу бақыты бұйырды. Елбасына Қазақстанның ұлттық аспаздар ассоциациясы қазақтың ұлттық асханасынан шетелдіктерге халықаралық чемпионаттарда дәм татқызып жүргені туралы айтып бердім. Ол таң қалды. Шетелдіктер біздің бещбармақты жақсы көреді дедім. Кейде меннен «Сен чувашсың ғой, бірақ қазақтың ұлттық асханасын дәріптеп жүрсің. Өзіңнің тарихи отаныңа қайтатын уақыт келген жоқ па?» деп сұрайды. Жоқ, мен Қазақстанымнан ешқайда кетпеймін. Қазақстанда менің балаларым, немерелерім дүниеге келді. Президент бізге «Халықты тыңдаңдар, көмектесіңдер» деді. Біз солай жасадық. Мәслихатқа бардық, бірінші қалалық, кейін облыстық мәслихаттың депутаты болдым. Содан елге пайдам тиер тағы қандай іспен айналысамын деп ойладым. Осылайша Елбасының өзі құрған достық шаңырағы Ассамблеяға келдім, барлық чуваш ұлтының өкілдерін осында жинадым. 2014 жылы Президент Көкшетау қаласына келіп, Достық үйін ашты. Мен тағы да оның алдында сөз сөйледім. Бұл мен үшін үлкен бақыт болатын. Мен өзімнің осы іске қатысты екенімді, Қазақстанды сырт елдерде лайықты таныстыра алатынымды мақтаныш тұтамын.


Ирина Тухватулина, Солтүстік Қазақстан облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы, ҚХА мүшесі:

- Менің Тұңғыш Президентпен кездесулерім үнемі тағдыршешті және әкелік қамқорлыққа толы болды. Бірінші рет Президентпен 2015 жылы Ассамблея сессиясында кездестім. Бұл кездесуге ешкім де сенбеген еді. Мен ол уақытта қарапайым ғана ауыл мұғалімі болатынмын. Сол туралы айтқанымда, Елбасы президиумнан түсіп, менімен бірге суретке түсті. Және маған бұл суретті мектептегі ұжымдастарың мен оқушаларыңа көрсет деді. Менің Елбасының қарапайымдылығына қайран қалмасқа амалым болмады. Бұл еліміздің барлық мұғалімдер қауымына көрсетілген құрмет болды деп ойлаймын. Біздің кездесуімізден кейін мен тәуекелге бел буып, мемлекеттік қызметке бардым. Отаныма қызмет етіп, Елбасыға көмектескім келді. Маған ең жауапкершілігі жоғары жұмыс - Солтүстік Қазақстанның жастарымен жұмыс жүргізуді тапсырды. Елбасымен республикалық жастар форумында кездескенімде, одан тарайтын әкелік махаббатты, жылылықты еліміздің әрбір жасына жеткізгім келді. Елбасы біз үшін барлық жақсылықты үйіп-төгіп жасап жатыр. Осы жылы Ассамблея сессиясында Нұрсұлтан Әбішұлы маған раушангүлін сыйлады. Мен оны үйге жеткенше соншалықты ұқыпты ұстап келдім. Мұны байқаған қасымдағылар, «Раушангүлін Президенттің өзінен алғандай соншалықты сақтап, баптап ұстап келе жатырсыз» деп күлді. Расы сол ғой. Мен оны әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Және ол мен үшін тұтастығын сақтаған Ассамблеяның белгісі, оның бүгінге дейін бір де бір күлтешесі түскен емес.


Вида Грейчуте, тарих пәнінің мұғалімі, ҚХА мүшесі:


- Мен репрессияға ұшыраған литвалықтардың ұрпағымын. Атам мен әжем 1941 жылы 58 бап бойынша сотталып, айдауға ұшыраған. Сол уақытта олар халық жауының немересі Президент алдында сөз сөйлейді деп ойламақ түгілі, армандамаған да болар. Алғашқы рет Елбасымен 2017 жылы ҚХА-ның мерейтойлық сессиясында кездестім. Сол уақытта Президенттің алдында сөз сөйлеген болатынмын. Толқыдым деу, ештеңе айтпау шығар. Толқығаннан тіпті тіземе дейін қалтырап кеткенін сездім. Соңғы минуттарда өзімнің әрбір сөзім туралы ойландым. Барлығы қалай өтеді, маған қалай қарайды, не ойлайды деген күдіктер болды. Алайда, бір таңқаларлығы мен мінберге көтерілген сәтте, барлық толқулар ғайып болды. Себебі, мен Елбасының көздерін көрдім. Әкелік мейірімге, махаббатқа, жанашырлыққа, алаңдауға, үлкен парасатқа толы көзқарас болатын бұл. Мен сияқтылар өте көп. Елбасымен кездесіп, одан бата алған жастардың барлығының бойында жаңашылдыққа, ертеңге деген ұмтылушылық пайда болады. Елбасының қасиеті де осында.


Максим Споткай, ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы:

- Мен бақытты адаммын. Себебі, Елбасының өзінен бата алдым. Павлодар облысында қарапайым отбасында туып-өстім. Омбыда оқып жүрген кезімде Елбасымен кездесудің сәті түсті. Сол уақытта Елбасы маған «Оқуыңды бітіріп, елге қайт» деген болатын. Мен Елбасының тапсырмасын орындап, оқуымды бітірген бойда, ат басын елге бұрдым. Онымен кездескен сәттен бастап, өмірімде көптеген өзгерістер болды. Мен бірнәрсеге қол жеткізе алатындығымды дәлелдегім келді. Және қазір өмірімдегі барлық жетістіктерімді тек Елбасымен байланыстырамын.


Анастасия Тимощенко-Боровикова, Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының астаналық филиалының төрайымы:


- Әр адамның өмірінде із қалдырған кездесулер болады. Мен үшін бұл осыдан он бес жыл бұрынғы Елбасымен кездесуім. Мерекелік шарада Елбасыны украиндардың ұлттық киімімен нан-тұзбен қарсы алдым. Ол күнді әлі есімде сақтаймын. Менің Елбасымен әрбір кездесуім тағдыршешті. Мен өзімді Ассамблеяның баласымын деп есептеймін.


Нұргүл Қалиева
Бөлісу: