Конституцияға енген өзгерістерді түсіндіретін кітап шықты

17 Тамыз 2022, 16:48 2389

Қазірден бастап баптардың нормаларын тікелей қолдану қажеттігі айтылды.

Бұрынғы жүйенің көп бағыттарын бүгінде Конституция өзгертті. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде «Конституциялық реформалар Жаңа Қазақстанды құрудың құқықтық және саяси негізі» тақырыбында заңгерлердің қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды El.kz.

Еліміздің бірнеше заңгері бірігіп Конституция күніне орай арнайы түсіндірме кітабын жазып шығарды. 

«Конституцияның баптары өте қысқа жазылады. Оны көбінесе заңгерлердің өздері де түсіндірме керек екенін біле бермейді. Сол үшін қарапайым халыққа, мемлекеттік қызметте жүргендерге түсінікті тілде жазылды. Заң қабылданғанша оның әсерін сезінуіміз керек. Қазірден бастап баптардың нормаларын тікелей пайдалануымыз қажет. Сол үшін осы түсіндірме кітап қысқаша болса да, ғылыми бағытта, әр бапқа, өзгерістерге жақсы түсіндірмелер берілді деп ойлаймын. Мемлекеттік жұмыста жүрген әрбір азамат Конституцияға сәйкес жұмыс істеп, халықтың жағдайын ойлауды басты мақсат еткені дұрыс. Бұл мәселелердің барлығы осы тұңғыш түсіндірме кітабында жазылған», – деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,Конституциялық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Ермек Абдрасулов. ​

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» туралы сөз болды. Бұрынғы жүйенің фундаменті қалса да көп бағыттарын бүгінде Кконституция өзгерткенін тілге тиек етті заңгерлер.

«Жаңа Қазақстан деген Әділетті Қазақстан. Соған тырысу керек. Бұл туралыКонституциялық кітапта анық жазылған. Сондай-ақ теңдік, әділеттік, бостандық, адам құқығы мен жеке құқықтар, әлеуметтік, саяси құқықтардың барлығы қамтылған. Бұрын көп заңдар дұрыс қабылданбады. Оның бәрін қазір түзету үшін Президен Қасым-Жомарт Тоқаев осындай бастама көтеріп, алдыға мақсат қойып отыр. Бізде сана әлі өзгермей жатыр. Әлі күнге дейін мемлекеттік органдарда елбасының порттреттері ілініп тұратын жағдайларға жиі ұшыраймыз. Қазіргі Конституцияда елбасы деген сөз жоқ. Сондықтан Бас прокуратура халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс», – деп атап өтті Еуропалық құқық және адам құқықтары сарапшылық институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Башимов.

Заң нормаларын қазақша жазу үшін бірінші қазақша ойлау керек екендігін айтқан заңгер түсіндірме кітаптың Конституцияға сай екі тілде жазылғанын түсіндірді.

Сонымен қатар Жаңа Қазақстанда бәріне бірдей қарау қажеттігі айтылды. Ол үшін кадрларды өзгерту керек деп есептейді. 

«Конституцияда үлкен-үлкен бағыттар жазу тәжірибеде жоқ. Бірақ әр бапты қарап отырсаңыз соған әкелетін жолы бар. Мысалы, мәжілістің күшін арттыру, дұрыс сайлау жүргізу ол үлкен бастама. Сол бастамамен парламент дұрыс жұмыс істесе, жақсы заңдарды қабылдаса, министрліктер дұрыс есеп беріп отырса ғана халықтың жағдай өзгереді. Осылардың барлығын шенеуніктерден бастап бәріміз іске асыруымыз қажет», – деді заң ғылымдарының докторы Ермек Баяхметұлы. ​

Заңгерлердің айтуынша, мемлекеттік органдар Конституцияда жазылған нормаларды сақтау керек. Конституциялық өзгерістерге енгізілген негізгі түсіндірме кітабын халықтың басым бөлігі күткені анық. 

«Қалай референдум қабылдады, сол күннен бастап басқасының күші жойылады. Конституция ең жоғарғы акт болып тұр», деді заң ғылымдарының докторы Марат Советұлы.

Түсіндірме кітаптың толық нұсқасымен Ұлттық академиялық кітапхананың сайтынан танысуға болады.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: