Ел тарихы мен мәдениет тоғысы – театр сахнасы

30 Маусым 2014, 04:33

Ел тарихы мен мәдениет тоғысы – театр сахнасы

    «Жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу керек». Бұл – Президент Нұрсұлтан Әбішқлы Назарбаев «Мәңгілік ел» жобасында айтқан сөзі.

    Қай кезеңде болмасын, өнер пен әдебиет сол елдің мәдени деңгейін көрсеткен. Ал әдебиет пен өнердің тоғысқан жері – театр. Өнер мен әдебиеттің қатар жүретіні секілді, театр, драматургия деген сөз де егіз ұғым. Жақсы драматургиясыз тәуір театрдың болмайтынын қазір бәріміз жете ұғынған шақта тұрмыз. Өмір талабы туғызған қоғамдық құбылыстар сыр-сипатын сол күннің ертесінде-ақ ақын-жазушыларымыз шығармаларына арқау етіп өлең-жыр, әңгіме-новеллалар, очерктер жариялап жатса, драматургтеріміз ол кезде әлі қалам-қағаздарын реттеп те үлгермейді. Ол, әрине, мүмкін де емес. Сахна өнерінің бүтін болмысы көрермен көкейінің ой арманы, қиял мүддесі, талап тілегі. Осынау құдіретті күшке ие рухани дүниесінің кез келген мәселесіне бел шеше араласу өнер қамын ойлаған әр жолғы бет бағдары, режиссерлік шешімдердің, актерлік орындаушылық шеберлік пен сахналық тіл мәдениетінің кемшін тұстары көп айтылып та, жазылып та жүр.

 Сахна – қоғам айнасы. Сахнадағы қойылым оның сыртындағы қоғамның үнін жеткізеді. Сол арқылы көрерменіне ой тастап, адам жанын жақсылыққа баулиды. Тарихи шығармалар арқылы ұлттық рухқа, махаббат хикаялары арқылы адалдыққа, нәзіктікке, сезімталдыққа, әлеуметтік драмалар арқылы бауырмалдыққа, жаңашылдыққа құштарлықты оятуға тырысады. Сахнадағы қойылым режиссер мен актерлердің маңдай тері. Спектакль көрерменді баурап алу үшін пьесада жоқ іс-әрекеттер мен диалогтардың режиссер мен актер тарапынан қосылып жататын кезі болады. Ал сахнаға шықпай тұрғандағы қағаз бетіндегі пьеса драмматургтің еңбегі. Осы екі аралықта шығарманың кейде мазмұны, формасы, идеясы өзгерістерге ұшырайды.

Бүгінгі елімізде болып жатқан елеулі мәдени өзгерістер қоғамдағы әлеуметтік, тарихи құбылыстармен тығыз байланысты дамуда. Интеграциялық-инновациялық тұрғыда алға жылжу үрдісі қолға алынған тұста саны жағынан өскен қазақ театрларының көркемдік деңгейі тереңірек зерттеуді талап етіп отыр. Ұлттық мәдениет пен өнеріміз әлемдік аренаға шыға бастаған қазіргі уақытта театр өнерінің өміршеңдігі айқындала түсті. Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі бірнеше мыңжылдықтар аралығында бұл өнер адамзаттың ой-өрісі мен рухани қалыптасуына үнемі ықпал болды.

 Қазіргі таңда театрлар мемлекеттік жаңару мен жаңғырту процесінің бастаушы көзіне айналып, халықтың дәстүрі мен тарихын, тәуелсіз мемлекетіміз ұстанған демократиялық бағытын баса көрсетіп келе жатыр. Театр өнерінің тамыры бұқараның ең қайнаған ортасынан нәр алады, ал ол ортада сол халықтың өмірлік мақсат-мұраттары, әдет-ғұрыпы, салт-санасы бүге-шүгесіне дейін айқын көрініп қайнап жатады. Қай елдің театры болмасын белгілі бір ой-идеяның эстетикалық-көркемдік сұранысына жауап беріп, өз заманының талап-талғамына сай үн қатуға ұмтылады. Алайда егемендік алғаннан кейін керегесін керіп, гуманизм мен парасаттылыққа, ақыл мен ойға негізделген, тәрбиелік мәні зор қойылымдар түзген жас театрлардың шығармашылық даму жолы ғылыми тұрғыда зерттелген жоқ. Сондықтан репертуардағы ұлттық классикалық, тарихи, заманауи және орыс-батыс шығармалары негізінде сахналанған спектакльдердің идеялық мақсатын айқындау, трансформацияланған қойылымдардың режиссерлік интерпретациялары мен актерлік трактовкаларын жүйелі, әрі кеңінен қарастыру бүгінгі күннің басты кредосы саналады.

 Егемендіктің алғашқы жылдарында қоғам бастан кешкен өтпелі кезең ауыртпалықтарына байланысты қазақстандық театрлар қомақты, сапалы сахналық дүние жасай алған жоқ. Жаңадан қалыптаса бастаған қоғамда мәдени-рухани дамудың басты бағыт-бағдарын белгілеп, маңызды тенденциясын анықтап, нақты концепция ұсыну үшін уақыт керек болды. Алайда қазақ театрылары белгілі бір уақыт мерзімі мен қолайлы шарттарды күтіп отырмай, алуан тақырыптан ой қозғап, түрлі идеяларды алға тосты. Әсіресе, тарих іздеріне үңіліп, драматургтер де, режиссерлер де ұлттық сана мен халықтық дәстүр сипатын, ұлттық колоритті қоблату үрдісін қолға алды. Кейбір шығармашылық реформалар, айтап айтқанда, репертуар, режиссура, актерлік өнердегі елеулі ізденістер егемендік жылдарында өзіндік бағытын анықтап, олардың көбісі театр туралы жаңа таным-түсініктердің қалыптасуына әсер етті. Қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің көбеюіне байланысты театр өнеріне түсетін жауапкершіліктің салмағы артты, көрерменді патриоттық, ұлттық, отаншылдық рухта тәрбиелеу жолындағы рөлі күшейді. Облыстық театрларды құруда мәдени алға жылжу үрдісі байқалып, қоғамдық қайшылықтардың, түрлі адамдар мінезінің өзіндік бейне-болмысы көркемдік тұрғыда сұрыпталды. Соның нәтижесінде репертуардағы классикалық, тарихи және замандас бейнесінің бүгінгі уақыт үшін маңыздылығы, құндылығы, жаңашылдығы көрініс тапты.

       Тұлға мәселесі – ғылымды әр уақытта қызықтыратын маңызды мәселелердің бірі. Қоғамдық санаға үлкен өзгерістер енгенде тарихта елеулі орын алып, ірілі-ұсақты шайқастардың көшбасшысы болған тұлғаның өмірдегі орны, оның ар-ожданы, миллиондаған адамдардың өмірін өзгерткен тарихи оқиғалар және осындай мәні зор мәселелердің бүгінгі күн мен болашақ үшін жауапкершілігі туралы сұрақтар өз жауабын күтеді.

 Әрбір драматург тарихи тақырыпқа қалам тарту арқылы өткен заман уақиғаларын суреттей отырып, өзі өмір сүріп отырған кезеңнің болмысын, ұлттың рухын кейінгі ұрпаққа жеткізуді көздеген, бүгінгі қоғамның дамуына, ұлт болашағына, мемлекеттің ертеңіне тигізетін кеселге көрерменнің ой- санасын кешегіні айту арқылы бұрып отырған. Сонымен қатар көптеген адамдардың тарихи санасының қайраткерлігіне ғана емес, сонымен бірге бүкіл тарихи қалыптасқан саяси жүйеге деген көзқарасты қайта қарастыруға әкеледі.

 Кез келген кемелденген өркениетті мемлекет өз тарихын қастерлеп, оны келер ұрпақтың санасына сіңіруге күш жұмсайды. Тарих – халықтың мыңжылдық асыл мұрасы. Сондықтан Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуын кезеңінде оның жаңа талапқа сай тарихының болуы маңызды. Еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты мәдени өмірде көптеген өзгерістер болды. Соның ішінде ұлттың өшкені қайта оралып, мүлде тыйым салынған Кеңес дәуіріндегі тақырыптарды қайта қарауға мүмкіндік туды. Алайда халқымыздың өткен өмірі Ресей империясының тарихнамасының ықпалымен коммунистік идеологияның қағидаларына сәйкес өңі өзгеріп, мүлдем теріс бағаланып келгені баршаға аян. Сол кезеңде кемеңгер хандарымыз бен дана билеріміздің, ел қорғаны болған батырларымыз бен халқымыздың рухани көсемі болған ақын-жазушыларымыздың көркемдік бейнесін зерттеп-зерделеп, тарих сахнасына шығару былай тұрсын, олар туралы кітап жазып, есімдерін атауға тыйым салынғаны тарихи шындық. Тарих пен бүгінгі күнді байланыстыру, халық өмірінің ұлттық және интернационалдық-патриоттық, демократиялық дәстүрлерінің дамуы арқылы өткеннің тәжірибесін түсіну – бүгінгі қоғамның рухани ой-санасының ерекше де маңызды жағдайы. Бұл теориялық зерттеу мен айқындауды талап ететін қазіргі қазақ театр өнері процесінің ерекшелігін түсіндіреді.

 

Балғын Әділбаева  

 

Бөлісу: