“Ел есіндегі есімдер”

27 Тамыз 2014, 04:08

“Ел есіндегі есімдер”

Адамдың кемелдікке жетуіне иман керек болса, оның жаушысы əдебиет. Сол үшін əдебиет халықтың рухани кемелденуіне басты құрал. Қабекең сол үшін де əдебиетті сүйген, проза мен поэзияға ғашық болған, екі жанрда да қалам тартқан. Ол: «Байланып белдеуіне қазанаттар, Дəм татқан дастарқаннан азаматтар. Қоңыр үй əкемді ойлап тұнжырайды, Айырылып иесінен, қаза тапқан».

Деп жырлаған шумағында қазақ тіршілігінің көрінісін, əкесіне деген ілтипат пен сағыныш сезімін нəзік те əдемі бейнелеген. Қабекеңнің «Теңіз лебі», «Үш қиян» атты екі өлең жинағы ақындық қуатының куəсіндей. Қабекеңнің ақындық өнерімен қатар дастан жазу қабілетіне «Кек», «Жан дауысы» атты дастандары дəлел. Ғалым Маңғыстаудың көркем даласы, Қара құм мекенінде туып, Алатау баурайындағы əсем қала Алматыда жерленді. Қабекең табиғаттың заңына сай бұл пəниден өткен болса да пəк жүрегі мен құнды еңбектері арқылы қазақ елінің елеулі азаматы болып, халқының рухани кеңістігінде мəңгі жасай береді.

Менің бағыма 1990 жылдың жаз маусымында Қабекеңмен Алматыда таныстым. «Ереуіл атқа ер салмай» атты өзі баспаға дайындаған кітапты естелік ретінде қолтаңбасымен қолынан алдым. Батасын алып, ел қатарлы тіршілігіме кірісіп те кеткенмін. Сағынышпен елді аңсаған жүрегімді сезді ме? Арман жолым Қабекеңді қызықтырды ма? Əйтеуір жазбаларында елінің елеулі азаматтар қатарынан мені де қалдырмай жазып жүрді. Адамдық жəне ғалымдық қасиеттері ұштасқан ерекше болмыс иесі екендігі ағаның бойынан үнемі сезіліп тұратын. 2001 жылы дүние салғанда «Сізді демеуші көруші ем...»,- деген атпен қоштасу тілегімді жаздым.

Қабекеңнің зерттеу жұмыстары сан қырлы еді. Сол отызыншы алапат жылдары туған жерінен кеткен геолог ғалым Оразмұхамбет Көрпе, ғашықтық жырларымен елге танымал болған Ғайып туралы да зерттеу мақалаларын жариялады. “Ел есіндегі есімдер” айдарымен шыққан кітаптарында да оларға орын беріп, есімдерін елге кеңінен танытты.

Қабекең зерттеу жұмыстарына мұқият қарайтын зерделі ғалым. Сол үшін Махамбет Өтемісұлының (1803-1846) өмірі мен шығармашылығын танып, білгісі келетін ізденушілер мен зерттеушілерге ғалымның баспаға дайындап, алғы сөзін, түсініктерін жазып баспадан шығарған «Ереуіл атқа ер салмай» атты еңбегі Махамбет туралы бұрын-соңды жазылған дүниелерді таразылауға, сараптауға негіз бола алады.

Қабиболла Сыдиықұлы қазақ халқы бай ауыз əдебиеті мұраларынан, сондай-ақ, ұлттық-рухани тұтастығынан қол үзіп қалмасын деген мақсатпен елдің Батыс өңірінде тұнып тұрған өлең-жырлар мен шығармаларды кеңінен зерттеу нысанасына алып, олар туралы талай дүниелер жазды. Қабекең сол еңбектерімен қазақ əдебиетінің мол мұрасын одан əрі байытты. Қабекеңнің еңбектері қазақ əдебиетінің қазынасы молайып, кеңінен танылуына айтулы үлес болып қосылды, қазақтың алдыңғы қатарлы ғалымдарының сапында қызмет атқарған Қабекең еңбегіне туған халқы да бек риза. Бұл жайтты Қабекеңді жете білген профессор Қадыр Жүсіптің тұжырымынан ұға аламыз. Ол: «...жоғары мектептерде оқытылып жүрген əдебиет тарихы курстарында Батыс жы- раулары туралы мағлұматтар жоқтың қасы болатын. Терең шыңырау түбіндегі асыл қазынаны сыртқа шығаруға нардың күші керек болды. Ондай күшке ие Қабиболла еді. Шалгез, Абыл, Мұрын, Мұрат, Қашаған, Ақтан, Аралбай, Ерімбет, Шынияз, Насихат, Досы, Бала Ораз, Ғұмар Қараш, Сəттіғұл, Түмен, Қалнияз, Досжан, Қашқынбай, Қайып, Өскенбай еңбектерін жарық дүниеге шығару оңай болған жоқ. Жəне олар туралы ешкім де жазып тауыса алмады. Қабекеңнің зерттеулерінен кейін ғана «Жыраулар поэзиясы» шынайы қалыпқа келді, Батыс жырауларымен толықты, олардың шығармашылығы хақында тараулар енді»,– деп Қабекеңнің еңбек пен ғылымдағы халық үшін жасаған биігін көрсетті.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: