Ертең қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы «Rostelecom Cup 2016» халықаралық жарысына қатысады
Ертең Ресейдің Мәскеу қаласында мәнерлеп сырғанаудан Гран-при сериясының үшінші кезеңі – «Rostelecom Cup 2016» жарысы басталады. Бұл жарыста мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева ел намысын қорғайды.
Халықаралық доданы «Kazsport» телеарнасы 4 қараша күні сағат 23:25-те және 5 қарашада сағат 22:35-те тікелей эфирде көрсетпекші. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасының стратегиялық маркетинг департаменті хабарлады.
«Rostelecom Cup 2016» турнирі – мәнерлеп сырғанау бойынша ISU Гран-придің үшінші кезеңі (2016-2017). Турнир ұйымдастырушысы – РФ мәнерлеп сырғанау федерациясы. Жарыс ерлер мен әйелдердің жекелей сырғанауы, жұппен сырғанау және мұзда билеу категориялары бойынша өтеді.
Элизабет Тұрсынбаева – биыл Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ІІ Қысқы Олимпиаданың қола жүлдегері. Сондай-ақ, ол жақында Канадада өткен «Autumn Classic International Skate Canada» халықаралық турнирінде де қола жүлдеге қол жеткізді.
Әзірлеген – Жансая Төлеген