Ел перзенті еді: Қуат Есімханов туралы бірер сөз

2 Желтоқсан 2022, 21:34 2393

Арамызда жүрсе 70 жас мерейтойын атап жатар едік

Ғабит Мүсрепов пен Ғабиден Мұстафинің ақ батасын алған, Әбіш Кекілбаев замандасымен кеңесіп ел ертеңінің рухты ережесін қалаған, елге белгілі тұлға Қуат Есімхановтың есімін ендігі уақытта мақтанышпен еске аламыз.  Елуінде елағасы атанып, алпысында абыройлы ақсақал,  міне енді өзі жетпесе де - атқарған ізгі істері жалғасқан жетпістің жалауын қалың жұрты әспеттеген абыз азаматымыз еді деп  абыройымен көтерді.

Арамызда жүрсе мемлекет және қоғам қайраткері Қуат Есімхановтың  70 жас мерейтойын атап жатар едік...

Мамандығы инженер-құрлысшы, экономика ғылымдарының кандидаты. Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында басшылық қызмет атқарған мемлекет және қоғам қайраткері. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «ҚР еңбек сіңірген қызметкері», «ҚР Құрметті теміржолшысы» атақтарымен наградталған. Бірнеше облыс пен ауданның Құрметті азаматы. Қай жерде жүрсе де ел құрметінде болды.  Кейінгі он бес жыл теміржол саласында қызмет атқарды.

«Теміржолсу» және «Теміржолжылу» акционерлік қоғамдары біріктірілгеннен кейін еншілес компаниялардың тәжірибелі менеджерлерінің қуатты командасын құрған Қуат Есімхановтың жетекшілігімен «Теміржолсу» АҚ ұжымында өндіріс жөніндегі вице-президент ретінде жұмыс істеудің қуанышты мүмкіндігі ие болдым,- дейді Ермек Ысқақов.

«Кәсіпорынның қызметі  рентабельді болды, еңбек өнімділігі жыл сайын артты, өндірістік қорлар мен су және жылумен жабдықтау нысандары жаңартылды.

Ұзақ жылдар бойы кейбір елді-мекендердегі вокзалдар мен трассаларда тұрғындардың аздығына орай олар ауыз сумен қамтамасыз етілмеді. 2012 жылғы «Мөлдір бұлақ» бағдарламасының үш тармағы осы мәселені шешуге арналған. Теміржол вокзалдары мен трассаларды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету. Сумен жабдықтау объектілерін салу (бұрғылау ұңғымалары, су құбыры желілері, сорғы станциялары мен су мұнаралары және т.б.) және темір жолдағы нысандарды қалпына келтіру жүзеге асты.

«Мөлдір бұлақ» бағдарламасының арқасында біз 530,677 шақырым су құбыры желісін, 25,63 шақырым кәріз желісін қалпына келтірдік. 53 су сақтау мұнарасына күрделі жөңдеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Тазасу» арнайы су тазарту қондырғысы (71 бірлік) орнатылып, 55 артезиан ұңғымасы бұрғыланды.

«Мөлдір бұлақ» бағдарламасының арқасында 468 вокзал мен трасса бойындағы 768 нысан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету толық шешімін тапты. Инженерлік желілердің тозуы 85%-дан 25%-ға дейін төмендеді. Нормативтік су ысыраптарының деңгейі 10%-ға дейін төмендеп, артық ысыраптар жойылды.

Мұның бәрі Қуат Есімханұлының тынымсыз еңбегінің, түпкілікті нәтижеге деген талабының, кәсіби және адами қасиеттерінің жемісі болатын. Еліміздің әртүрлі аймақтарында жылу және сумен жабдықтау объектілерін пайдалану тәжірибесімен алмасу бойынша өткілген семинарлар менің жадымда. Міндетті жұмысымызбен қатар басшымыздың бастауымен  тарихи орындарды аралап, ұлттық құндылықтар мен салт - дәстүрлерін танып білдік. Міне біз де зейнетке шыққанда жас ұрпаққа тағлым айта алар қазыналы қарт болсақ, ол да Қуат Есімханұлының арқасында деп әңгімесін түйіндеген Ермек Қабышұлы.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қуат Есімханов қазақ халқының  төл тарихы, әдебиеті мен мәдениетіне, жаңа ғасыр, жаңа заманға бет бұрған бүгінгі ұрпаққа сол сан ғасырлық сын мен сынақ жолынан өткен ата-бабамыздың өнегелі тарихын жеткізуді өзіңіздің азаматтық борышы санаған ел презенті.

Өткенге ерекеше құрметпен, жеке жауапкершілікпен қарайтын азаматтық позициясы 1987 жылы Павлодар облысындағы Ермак (қазіргі Ақсу) аудандық атқару комитетінің төрағасы ретінде бар жауапкершілікті өз мойнына алып, арнайы Қаулыға өзі қол қойып, қанішер Ермактың ескерткішін бір түнде орнынан жұлып алып тастау оқиғасынан бастау алған...

 Ел аралап жүріп, қазақтың жері болса да қазақтың исі аса қатты сезілмейтін осы аймақта қызмет еткен Еңбек Ері Мәмбет Омаров деген қаһарманды естиді. Кезінде дәріптелген, сосын ұмытылған. Не көшенің аты берілмеген. Жерленген жері де белгісіз. Заман-ай десеңізші. Содан басталды - өткенге салауат. Мектепке атын бергізіп, бюст қойғызды. Еңбек демалысында анасын көлігіне мінгізіп, қазақтың ұлан-ғайыр даласын шарлайтын. Аруақты тұлғалардың басына арнайы барып, құран оқитын. Бірде Семейге барғанында аяулы анасы көзіне жас алып: «Семейдегі СССР-ге әйгілі ет комбинатының астында ұлтымыздың сандаған дүлділдері жатыр... Мына маңда Кемпірбайдың сүйегі жатыр… Талай азамат ескерусіз қалды-ау…» деп күрсінген. Содан жаны  жай таппай, тарихи деректермен танысады. Нақты мәліметке қанық жандардан көзі тірісі академик Зейнолла Қабдолов қалыпты. Алматыға арнайы ат басын бұрған. Сонда Зекең ол жерде суырып салма ақындығымен, әрі әншілігімен аты шыққан Кемпірбай Бөгембайұлы ғана емес, Алашорда белсенділері мен әскербасылар жерленгенін айтқан.

Қуат Есімханов сөз емес істің адамы еді. Алаштың арда азаматтарына арнап отыздың үстінде есте қалар естелік дүниелердің жасалуына бас-көз болды. Бизнесмен де, ақшасы көп бай да емес. Әрбір қасиетті істі қолға алып асарлатқан кезде бар жауапкершілікті мойнына жүктеп алып, бас болатын бір айғайшы елағасы керек. Сол абыз ақсақал Қуат ағамыз болатын. Ел перзенті – Қуат Есімхановтың бас болуымен жеті ескерткіш, алты тақта, бірнеше гранит тастар қойылды.

Тарихты тануға келгенде сауатсыз адамнан аса бір қауіп жоқ. Олар «мен білемге» салып, жаға жыртысып дауласпайды. Ең қиыны шаласауаттылар. Егер олар екі сөйлемді құрап жазуды үйренсе нағыз дәукес, пысылдақ пәле. Тарихқа кінәрат. Анадан-мынадан оқыған-естігендерін термелеп-тізіп, ақиқат осы деп жазады. Онысымен қоймай менікі дұрыс деп дауласады. Есімхановтың принципті түйіні - әр оқиғаның дәлелі керек. Бұлжытпайтын сілтемелері қоса жазылуы міндет. Сонда ғана ол шындыққа жақын. Тарихтан орын алатын мәлімет болмақ. Шоқан Уәлиханов пен Әлкей Марғұланның жазбаларын оқыды. Архивті күн-түн ақтарды. Содан іріктеп қағазына жазғандарын жадында ғана сақтамай, ел-жұртқа жария етіп отырды. Бәріне нақты сілтеме келтіреді. Аңыз емес, өмірде болған кісілердің естелігі. Және қай жылы, қай уақытта, қандай жағдайда айтылғаны сол жазбада көрсетеді. Бейнебір нотариалдық мекеменің құжаттарындай айдан анық. Міне, тарихи деректер осылай тізбеленуі керек.

Қуат ағамыз осы ескеткіштерді орнатарда осындай құнды мәліметтерді жинайды. Ешкімнің тарапынан дау тудырмайтын кезде ғана азаматтарға сөз айтып, іске кіріседі.

 Тарихты жасайтын, жазатын да адам десек оның әділ болғаны жөн. Ал оны зерделеп, жүйелі зерттеу үшін алдымен ынта, сосын дәлелді құжатың болуы тиіс. Біздің тарихымызда ұмытуға болмайтын оқиғалар, заманалар зары, сондай зұлмат кезеңде өмір сүрген, қазір ескерусіз ұмыт қалған тарихи тұлғалар жетерлік. Бірін білсек, екіншісін ұмытып, екіншісін танысақ, үшіншісін іздеусіз қалдырып жатамыз. Тарихи тұлғалар мен оқиғалардың мерейлі немесе атауға тиіс жылдары еске алу, сол арқылы бүгінгі ұрпақ санасында ұлттық құндылықтар мен ұлы есімдерді жаңғырту күні кеше бодандық қамытын киген әр ел үшін маңызды қадам. Мұндай тәжірибеден біз ғана емес, бір кездері отарлықтың қамытын киген кез келген мемлекет өткен.

Ел ішінде жүрген ауқатты бизнесмендердің бәрі тоғышар емес. Ұлттық таным тұрғысындағы құндылықтарды түсіндіре айтсаңыз, игілікті іске бел сыбана кірісер азаматтарымыз аз еместігін көріп жүрміз. Олар атақ та қумайды. Аттарын да атамайды. Келешегімізге қажетті шара болса, көмегім осы деп қолынан келгенін жасауға әзір.

Басты кейіпкеріміз марқұм Қуат Есімхановтың ұйытқы болуымен, ұйымдастыруымен тындырылған игі істердің бірқатарын атап өтейік. Шоқан Уәлихановқа - Омбыда, Мағжан Жұмабаевқа - Түркістанда, Майра Уәлиқызы, Сәбит Дөнентаев, Нәжимеден Доғаловқа - Павлодарда, Отыншы Әлжановқа - Үржарда, Ғабит Мүсрепов пен Ауған соғысының батырларына – Қызылжарда, Қарауыл Қанай биге – Ақмолада, Батыр Баянға – Астанада ескерткіш-мүсіндер орнатылды.

Халқымыздың аяулы азаматтары: Шоң би, Қамардин хазрет, Мұса Шорманұлы, Қожаберген жырау, Құсни-Қорлан, Естай, Есеней би, Сәкен Сейфуллин перзенті Аян, Кемпірбай ақын мен Малайсары батыр тағы да басқа тұлғалардың басына белгітастар жасалып, ескерткіш-тақталар қойылды.  Бөкей ордасы мұражай-үйіне Жәңгір хан мен Фатима сұлудың патша сарайындағы  үлкен портреттік суреті  сыйланды.

Бала Қуаттың –  абыз Қуатқа айналып өсу жолы екі анадан қатар алған тәрбие тәлімі болатын. Әкеден ерте айырылса да, қос анасы қанатын қайырмай өсірді. Әжесі мен анасы тарихи-аңыз әңгімелерді, нақыл сөздерді құлағына құйып, кәусар бұлақтың тұнығынан дәм татырды. «Әр жігіттің ішінде сырғауыл болады. Сол сырғауыл майысса ешқашан түзелмейді. Сен Алладан өзге ешкімге қарыз емессің! Еңсеңді тік ұста». Бұл – ана сөзі! Ана сөзінен артық қадірлі сөз бар ба?!. «Әйел - өмірдің тірегі ғана емес, әйел өмірдің өзі» деген аталы сөзге Қуат ағамыз бас иетін еді...

  Осы жылдың мамыр айында елағасы Қуат Есімханов 70-ке қараған жасында өмірден озды. Елі мен жұрты абзал азаматпен қимай қоштасты. Өз аманаты бойынша туған мекені Баянаул жерінде жерленді. Мықты азаматқа арнап талай естеліктер жазылды. Жазыла да бермек. Елі үшін, келешек ұрпақ үшін деп ұлтқа адал қызмет еткен Азамат есімін халқы да ұмытпайды.

Махат Садық
Бөлісу: