Экспортталмай қалған пияз шіріп кетті ме? Арман Шакқалиев жауап берді

3 Мамыр 2023, 13:04 758

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев Қазақстанда пияз экспортына тыйым салынғаннан кейін өнімнің жартысы экспортталмай қалды деген пікірді жоққа шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтің сұрақ-жауап бөлімінде журналист Арман Шакқалиевтен «Пияз экспортына салынған тыйым жақында алынып тасталды. Бұл тыйым кеш алынған жоқ па? Өйткені осы уақытқа дейін біраз шаруа шығынға батып қалды. Тауарын қайда өткізерін білмей, кейбіреуінің өнімі бұзылып, тіпті лақтыруға тура келді. Экспортқа салынған тыйымды ертерек алуға не кедергі болды?» деп сұрақ қойды.

Арман Абайұлы берген жауабында биыл 1,1 миллион тонна пияз өндірілгенін айтты. Оның сөзінше, пияздың 900 мыңы экспортталған. Өндірушілердің мәліметі бойынша, экспортталмаған 100 мың пияз қалған.

Өткен аптада барлық пияз өндіретін шаруалармен кездестім. Пияздың қаншасы қалғанын, қаншасы лақтырылғанын сұрадым. Олар бұқаралық ақпарат құралдарына тиісті мәліметтерді жеткізген. Қазіргі таңда пияз ішкі нарықта сатылымда, - деді вице-министр.

Айта кетейік, бұған дейін 28 қаңтардан бастап 3 ай бойы пияз экспорттауға тыйым салынған болатын. Кейін Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен Қазақстан аумағынан пиязды әкетуге салынған тыйым алынды.

8 сәуірден 28 сәуірге дейін республика аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттері мен үшінші елдерге пияз әкетуге 20 мың тонна мөлшерінде сандық шектеулер (квоталар) енгізілді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: