Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи ел назарын қайтадан атышулы «ЭКСПО ісіне» аударды. Ол бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында бұл қылмыстық істі жаңадан ашылған жайттар негізінде қайта тексеруді талап етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұған себеп – жуырда бірқатар интернет-ресурстарда, атап айтқанда, Ulysmedia.kz және «Время свободы» сайттарында жарияланған Мұрат Омаровтың сұхбаты. Мұрат Омаров – кезінде 14 жылға сотталған ЭКСПО-2017 Ұлттық компаниясының басшысы Талғат Ермегияевтің орынбасары, өзі де 4,5 жылға сотталып, кейін шартты түрде босап шыққан тұлға.
Ермұрат Бәпидің айтуынша, бұл сұхбатта бұрын-соңды жарияланбаған маңызды деректер айтылған.
Сұхбатта көрсетілгендей, «ЭКСПО-дағы жемқорлық» істі қолдан құрастырумен, жалған айғақтармен ұйымдастырылған болуы мүмкін. Мұрат Омаров тергеу мен сот процестері барысында елеусіз қалған, бірақ нақты рөл атқарған адамдарды атады, - дейді депутат.
Иә, ЭКСПО-да жемқорлық болды. Бірақ оны Ұлттық компания басқармасы емес, сол кездегі саяси билік ұсынған кеңесші – Айдос Есполов жасаған. Ал оны істен әдейі шығарып тастаған Кәрім Мәсімов пен Қайрат Қожамжаров, – деп келтіреді сұхбаттан үзінді Бәпи.
ЭКСПО құрылысына мемлекеттен бөлінген 565 млрд теңгенің 10 млрд теңгесі жымқырылған деп танылып, 23 адам сотталған еді. Алайда депутат бұл үкімнің әділдігіне күмән келтіріп отыр. Ол қылмыстық істегі негізгі фигуранттардың бірі саналатын, бірақ ресми тергеуде «анықталмаған тұлға» ретінде көрсетілген адамның аты-жөні мен рөлі тергеу органдары тарапынан неге назардан тыс қалғанын сұрайды.
Пара алған – бар, ал оны берген кім? Тергеу бұл сұраққа нақты жауап бермеді. Бұл істе психикалық ауытқуы бар адам куә ретінде тартылған, сотқа дейін ол есептен алынып, сот аяқталған соң қайта есепке қойылған – бұл қалай?, – дейді Ермұрат Бәпи.
Ол сондай-ақ ЭКСПО жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін жасаған «Рона» ЖШС-нің офшорларға ақша аударуы секілді деректердің тергеу барысында ескерілмегеніне де тоқталып өтті.
Бәпи өз депутаттық сауалында:
Әділет ешқашан жартыкеш болмауы тиіс. «Әділетті Қазақстан» идеясын шын мәнінде жүзеге асырамыз десек, осындай істі қайта қарап, кінәлілер мен бейкүнәларды әділ бағалауымыз керек, – дейді.
Сөз соңында депутат Бас прокурордан сот үкіміне протест жариялап, істі қайта тергеуді ресми түрде сұрады.