Экс-министр Ажар Ғинияттың қызметінен кетуіне МӘМС-тегі былығы себеп болды ма?

7 Ақпан, 13:30 1325

Бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек екенін атап өткен болатын. Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова баспасөз брифингінде МӘМС-ке қатысты мәселелерді шешу бойынша қандай шаралардың атқаралып жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өздеріңіз білесіздер, МӘМС-ке қатыспаған азаматтарға мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек бар. Жалпы МӘМС-тің өзі бойынша жұмысты бастадық. Естеріңізде болса, мемлекет басшысы «дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерді қағазбастылықтан тоқтатыңдар» деп айтқан болатын. Бұрын әрбір мекеме 6 келісімшарт жасайтын еді, биылдан бастап оны бір мекеме бір келісімшарт жасайтындай еттік, - деді Тамара Босымбекқызы.

Премьер-министрдің орынбасары әрбір адамға көрсетілген медициналық көмектің бәрі тексеріледі деп отыр.

Мемлекет басшысы кепілдендірілген сақтандыру пакеттерінен бір пакет жасау керек екенін айтты. Оны қазір бастаймыз. Екіншіден, тарифті көтеру мәселесін де қарастырамыз. Үшінші мәселе - азаматтардың қатысуы жөнінде. Қазір қатысуға мүмкіндігі бар, еңбек табысы бар азаматтарды тарту бойынша жергілікті жерлерде жұмыстар басталды. Мүмкіндігі жоқ азаматтарды жергілікті атқарушы органдармен бірге қарастыратын боламыз. Қазірдің өзінде 15 санатқа жататын 11 млн азаматқа мемлекет төлейді, - деп жауап берді ол.

Тамара Дүйсенова МӘМС жүйесінен бас тартпайтындарын атап өтті.

Жоқ, бас тартпаймыз. Дүние жүзінде МӘМС әрбір емхананы, азаматтарды іздеп шақырып, көмек көрсетеді. Ал біз әлі өзіміз іздеп жүрміз, - деді ол.

Сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары Ажар Ғинияттың қызметінен кетуіне де қатысты пікірін білдірді.

Ажар Ғиният дәрігер ретінде өте жақсы жұмыс істеді. Бірақ, әрине, МӘМС-те біраз мәселе бар. Сондықтан осы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа өзгерістер енгізіліп жатыр, - деді Тамара Босымбекқызы.

Айта кетейік, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында  әлеуметтік салаға қатысты мәселені де көтерді. 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: