Экономиканы дамытудың негізі өңдеу өнеркәсібіне байланысты

26 Тамыз, 15:15 401

Қыркүйектің басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауын жариялауға тиіс. Жолдауда президент саяси реформалардың аяқталғанын, енді экономикалық реформаларды жүзеге асыратын кез келгенін жеткізді. Соған сәйкес, дамудың жаңа парадигмасын ұсынды. Үкіметке айтылған міндеттерді үш жылдың ішінде атқаруды тапсырды.

Сонымен, ең әуелі мемлекет басшысы ең басты міндет ретінде Қазақстанның мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыруды, экономиканы елді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізуді атап өткізді. Соған байланысты өңдеу саласын жедел дамытуға ден қою керек екенін жеткізді.

Бұл бағытта Үкімет ауыз толтырып айтатын жұмыс атқарды. Ең әуелі, заңнаманы жетілдіріп, әкімшілік кедергілер азайды. Отандық өндірісті ілгерілететін жеңілдетілген қаржыландыру мен жаңа тәсілдер енгізілді. Әсіресе, көлік жасау, мұнай-химия, металлды тереңдетіп өңдеу секілді салаларға басымдық беріліп отыр.

Нәтижесі жаман емес. Мысалы, өткен жарты жылда бұл саладағы даму көрсеткіші 105,1 пайызды құрап отыр. Ішкі жалпы өнімге қосқан өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 13,3 пайызды құрайды. Яғни, тау-кен өнеркәсібі мен саудадан кейінгі үшінші орынға берік жайғасқан.

Заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде өңдеуші кәсіпорындар мен ірі кен өндіруші компаниялар биыл 25 келісімге қол қойыпты. Бұл құжаттар негізінен алюминий мен мыс шикізатын өңдеуге бағытталған. Мұндай қадамдар ішкі нарықтағы өңдеу өнеркәсібіне тың серпін беріп отыр.

Сөзіміз дәлелді болу үшін цифрларды сөйлетейік. Мысалы, 2023 жылы алюминийді өңдеу көлемі 51 мың тоннаны құраған. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Ал 2021 жылмен салыстырсаңыз, алюминийдің өңделуі 70 пайызға артқан. Үкіметтің жоспары бойынша, биыл бұл көрсеткішті 72 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Абай облысында мыс қорытатын жаңа зауыт салынып жатыр. Аталған кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 450 мың тонна мыс өңдемек. Ал 2029 жылға қарай өндіріс көлемі 750 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Жобаның құны 1,5 миллиард долларды құрайды.

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына барып, «Қармет» металлургиялық комбинатының жұмысымен танысты. Осы сапар барысында біраз мәліметтер айтылды. Мәселен, қазіргі таңда мұнда 3,8 миллион тонна шойын өндіріледі. Кәсіпорынның жаңа стратегиясы қабылданған. Соған сай, 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат шығаруды, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарланған. Яғни, өндіріс 66 пайызға ұлғаяды.

Құрылыс саласында да оң өзгерістер бар екенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда салаға қажетті негізгі тауарлар Қазақстанда өндіріледі. Статистикаға сүйенсек, еліміздің әрбір бөлігінде құйылатын бетон түгелдей отандық өнім. Цементтің 93,7 пайызы өзімізде шығарылады. Құрылыс қоспалары бойынша бұл көрсеткіш 98,3 пайызды құрап отыр. Үкімет 2029 жылға дейін 170 жаңа жобаны жүзеге асырмақ. Олардың қатарында тұсқағаздар, еден жабыны, керамикалық плиткалар секілді көптеген материалдар өндірісі кіреді. Бұл құрылыс саласын отандық өнімдермен қамту көрсеткішін 85 пайызға дейін жеткізеді.

Саран қаласында тұрмыстық және электр техникасын шығаратын Silk Road Electronics кәсіпорны жұмысын бастады. Жалпы ауданы 61 мың шаршы метрден астам өндіріс бұрынғы «Қарағандырезинатехника» зауытының аумағында орналасқан. Аталған жобаның құны 25 миллиард теңгені құрап отыр. Оған қытайлық HKC Corporation және оңтүстік кореялық Samsung Electronics компаниялары үлес қоспақ.

Бүгінде мұнда тұрмыстық техника шығарылып, оны еліміздің электроника бұйымдарын сататын сауда желілеріне жеткізіледі. Биыл кәсіпорында 97 мың тұрмыстық техника өндіріліпті. 2027 жылға қарай компания толық өндірістік қуатына көшкенде жылына 1,1 миллион тұрмыстық техника шығаруға қауқарлы. Ал Samsung Electronics Central Eurasia компаниясы өз брендімен теледидар және автоматты кір жуу машинасын шығаруды жоспарлап отыр.

Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғалы бергі басты кемшіліктің бірі – жол инфрақұрылымының дұрыс жүргізілмеуі. Соның салдарынан Алтай мен Еділге дейінгі ұланғайыр атырапта «темір тұлпармен» қатынау қиындық туғызатын. Сондықтан бұл мәселені шешу кезек күттірмейтін мәселе болғаны айтпаса да түсінікті шығар.

Жолдауда мемлекет басшысы автокөлік жолдарының құрылысы мәселесін шешуді тапсырған болатын. «Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет», деген Президент 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізудің маңызын атап өтті.

Тоқаевтың тапсырмасын орындауда Үкімет жақсы нәтиже көрсетіп отыр десек қателеспейміз. Биыл жол-құрылыс жұмыстарының көлемі рекордтық 12 мың шақырымға жетпек. Соның 8 мың шақырымы Қазақстанның түкпір-түкпірін байланыстыратын, стратегиялық маңызы бар көлік күре жолдар саналатын, республикалық жолдарды құрап отыр. Сондай-ақ жергілікті маңызы бар 4 мың шақырымы жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қуанышымызға орай, бүгінде республиканы байланыстыратын күре жолдар заманға сай жөнделіп келеді. Мәселен, биыл «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен» және «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» бағытындағы жолдарды реконструкциялау жұмыстары аяқталады. Үш бағыттың жалпы ұзындығы екі мың шақырымды құрайды. Трассалардың жаңғыруы, жөнделуі өзара қатынасты жақсартады, уақытты қысқартып, апатты азайтады.

Кезінде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық бағыты түбегейлі аяқталды деп биік мінберлерде есеп берілген. Алайда Түркістан облысындағы Шақпақ баба асуындағы туннель қазылып бітпеген болатын. Соның кесірінен «темір тұлпар» тізгіндеген жүргізушілер Шақпақ баба ауылының ішінен өтіп, бірнеше шақырым жолды айналып өтуге тура келетін. Бұл жолға кететін уақытты ұзартатыны өз алдына бөлек әңгіме, сонымен қатар ауыл тұрғындарының қауіпсіздігіне қатер төндіретін. Талай мәрте сонда апат болғаны жасырын емес.

Негізі Шақпақ баба туннелі сонау 2016 жылы аяқталуға тиіс еді. Алайда оның ашылуы бірнеше рет кейінге шегерілді. Өзі айналдырған 840 метр ғана. Түрлі мәселелерге байланысты жер асты өткелін аяқтау мүмкін болмай келді. Биыл аталған туннельдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Бүгінде онда бетон мен асфальт төселіп, негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Бүгінде бейнебақылау жүйелерін, желдету және өртке қарсы жабдықтарды орнату бойынша іске қосу-реттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұйыртса, жылдың аяғына дейін туннелде көліктер зырылдамақ.

«Қызылорда – Жезқазған» автожолының нашарлығы туралы талайдан бері айтылып жүр. Ерінбегеннің бәрі бұған әзіл шығарып, жүргізушілер мұңын айтқан еді. Биыл еліміздің оңтүстік және орталық өңірлерін байланыстыратын «Қызылорда – Жезқазған» автожолын реконструкциялау жұмысы басталып, қазіргі таңда қызу жүріп жатыр. Реконструкция барысында жол төсемін жақсарту, жол жиектерін нығайту және инфрақұрылымды жаңғырту жоспарланған.

Таяуда премьер-министр Олжас Бектенов Ұлытау облысына жұмыс сапармен барып, «Жезқазған – Қызылорда» автожолы құрылысының қарқынымен танысып қайтты. Ресми мәліметке сүйенсек, «Жезқазған – Қызылорда» жобасы (208 шақырым) Ұлытау облысынан өтетін бөлігін жөндеуге 4 мердігер ұйым анықталып, келісімшарт жасалған. Жалпы, Ұлытау облысы бойынша жұмыс құны 108,6 млрд теңгені құрап отыр. Бұйыртса, «Жезқазған – Қызылорда» алдағы бірнеше жылда аяқталуға тиіс.

Бұдан бөлек, Бұқтырма су қоймасындағы көпір құрылысы да аяқталуға жақын. Биыл бір шақырымнан асатын көпір пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар еліміздің басқа өңірлерінде де жол құрылысы қызу жүріп жатыр.

Қысқасы, жолдауда жүктелген міндеттер орындалып жатыр деп айтуға толық негіз бар. Өңдеуші өндіріс саласында да, жол құрылысы саласында да оң өзгерістерді көріп отырмыз. Биыл ел дамуының 2029 жылға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Сонда ішкі жалпы өнім көлемін аталған мерзімге дейін 450 миллиард долларға жеткізу көзделген. Ал бұл мақсатқа қол жеткізу жолында өңдеуші өнеркәсіп пен жол құрылысын қосар үлесі зор болмақ.

Alikhan Assangeldi
Бөлісу: