Экологиялық проблемаларды шешуге арналған өнертабыстар

1 Ақпан, 18:12 2874

Қазіргі уақытта экология әлем бас ауыртып отырған мәселенің біріне айналды. Жыл өткен сайын ауа ластанып, мұхит қоқысқа толып, ормандар азайып барады.  Ғылымның қарыштап дамыған заманында экологияны жасылдандыру қалай жолға қойылып жатыр?

1. Ауызсу беретін «тұман жинағыш»

Таза ауызсу қазіргі уақытта «алтыннан» да қымбат сияқты. Себебі, әлемде 771 миллион адам таза суға қолы жетпей отыр. Бұл дегеніңіз Жер шарының әрбір оныншы тұрғыны қара суға зар. Зерттеушілер климаттың өзгерісі бұл жағдайды одан сайын ушықтырады деп тұспалдап отыр.  2025 жылы планетаның 50% тұрғыны су тапшылығына душар болады дейді.  Бұл проблеманың шешімі –  тұманды «жинау» арқылы сумен қамтамасыз ету. The Water Foundation қорының дизайнері Питер Траутвейннің The CloudFisher деп аталатын өнер табысы болашақта қолданысқа енеді. Ол жарнамалық тақталарға көбірек ұқсайды. Ондағы тор тұманнан су тамшылар жинап, резервуарға құяды.

The CloudFisher-ты тұман түсетін әлемнің кез келген бұрышында қолдануға болады.  Алғашқы тәжірибе көрсеткендей, бұл құрылғы бір күнде 600 лир таза су жинай алатын мүмкіндікке ие.

2. Ауаны түтіннен тазартатын мұнара

Түтін кез келген қалада болатын қалыпты жағдай. Оның құрамына көмірқышқыл газы, радиоактивті элементтер, күкірт газы, азот тотықтары және тағы басқа зиянды газдар кіреді. Түтіннен тазартудың ұтымды шешімін нидерландық дизайнер Даан Рузвегард ұсынды. Ол өзінің командасымен Smog Free Project жобасын дайындап, жеті метрлік Smog Free Tower мұнарасын жасап шығарды. Өнертабысы үйдегі ауа тазартатын құрылғы секілді жұмыс жасайды, тек жылдамдатылған  режимде.  Мысалы, мұнара бір сағатта 30 текше метрді тазарта алады. Оның бір қалаға шамасы келмес, алайда саябақ, балалар алаңқайы секілді орындарды зиянсыз ауамен қамтамасыз етуге қауқарлы. Smog Free Tower Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Мексикада және басқа да елдерде қолданыста болды.

3.Ауаны тазартуды көздейтін парниктік газдан жасалған «жасыл» пластик материал

Планетаны пласстиктен тазартудың өзі жеке мәселе. Пластикті қауіпсіз заттардан жасауды қазіргі уақытта көптеген ғалымдар ойластырып жатқаны анық. Newlight Technologies америкалық компанияның AirCarbon деген атау алған нұсқасы көптің көңілінен шығып отыр. Бұл  полигидроксибутиратты шайыр жай ауадан жасалады. Компаниядағылар алдымен парникті газ – метанды жинайды. Сосын ауа, су, ерекше биокатазиатормен реакторға салады. Осылайша AirCarbon екі бірдей мәселемен күреседі: ауаның ластануы және пластиктің көптігі. Одан шыққан материалды пластиктің бөліктеріне пайдалануға болады. Бастысы, оның шығару жолы да, жойылуы да «жасылдандырылған».

4. Мұхитты қоқыстан тазартуға арналған үлкен тор

Мұхиттарға жыл сайын 8–10 миллион қоқыс келіп түседі. Мұндай ластану су астындағы тіршілікке қауіп төндіреді. Тек мұхитқа емес, жалпы табиғатқа орасан зор залал әкеледі. Мұхитты қоқыстан тазарту технологиясын 2012 жылы нидерландық Боян Слат ұсынған еді. Ол уақытта Боян бар болғаны 17 жаста болатын. Грекияға теңізге демалысқа барған ол қоқыстың көптігіне таңғалған. Осыдан кейін мұхитты тазарту мақсатында U‑тәрізді тор қоюды ұсынады. Слат жарты жылда The Ocean Cleanup жеке компаниясын құрып, ол 2013 жылы краудфандинг арқылы қаржыландырылды. 2021 жылы оның торы алғаш рет мұхитқа түсіріліп, қоқыс жинай бастады. Осы уақыт ішінде бірнеше тонна бөтелке, пластикалық түрлі заттарды судан шығарды. Бұл тор арқылы кішкентай балықтар еркін өте алады, ал үлкен акула секілді теңіз жануарлары жақындағанда басқа бағытқа қарай жүзу туралы сигнал беріледі. Торда балықтар тұрып қалса, ұйымдастырушылар камера арқылы көріп, оларға қол ұшын соза алады.

5. Электрэнергияны үнемдеуге арналған күн батареясынан қуат алатын түссіз материал

Электрэнергиясын көмір, мұнай, газ арқылы өңдеу табиғатқа қаншалықты зиян келтіріп жатқанын жақсы білеміз. Ал күннен қуат алу ең қауіпсізі болып саналады. Қазіргі уақытта тегіс батареяларды үйдің шатырына қойып, күн энергиясын тиімді пайдалану жолға қойылып келеді. Күн энергиясын алудың эстетикалық жолы түссіз люминесценцияға негізделген күн «шоғырлағышы». Мұны 2014 жылы Мичиган университетінің зерттеушілері ойлап тапты. Ғалымдар оған күннен энергия алып, тоққа айналдыратын биомолекулаларды қосты. Оны үйге, автокөлікке, тіпті смартфон экранына қоюға баолады. Осыған ұқсас идеяны Ubiquitous Energy калифорниялық компаниясы пайдаланып жүр. Олар өздерінің фотоэлектрлі материалын UE Power деп атады. Осындай төсемесі бар әйнектерді Редвуд ситидегі Ubiquitous Energy офистеріне қойды. Нортвудта (Огайо штаты) орналасқан әйнек шығаратын жапондық Nippon Sheet Glass Co компаниясының терезелері де осындай жабындымен қапталған.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: