«Экологиялық апатқа тап боламыз». Мақсат Толықбай су тасқынынан кейін не істеу керегін айтты

2 Мамыр, 14:41 939

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай су тасқынына қатысты мәселе көтеріп, Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы су тасқынының беті қатты болды. Оны көз көрді. Қазір қарғын судың беті қайтқанымен, қауіп сейілген жоқ. Тіпті, қауіптің көкесі әлі алда. Оның үстіне, тасқын су талай былықтың бетін ашты. Қамсыздықтың кесірінен тал қармауға шамамыз келмей қалды. Тек көңілге медет болатыны, сол баяғы халықтың ауызбірлігі ғана. Оған дәлел, Атырдаудағы Миялы деген алақандай ғана ауыл. Міне, осы ауыл тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай тасқынға қарсы бөгет тұрғызып, аядай ғана ауылды аман алып қалды. Іргесінен тамшы өткізбеген ауыл қазір тап-тұйнақтай, тап-таза. Бұл ненің арқасы? Ауызбірліктің арқасы! Ал, сауыт-сайманы мен техникасы сақадай сай отырған кейбір облыс орталықтары айдың-күннің аманында тасқынның астында қалды. Ал, бұл нені көрсетеді? Бұл қамсыздықты, салғырттықты, немқұрайлылықты, жауапкершілік пен жанашырлықтың жоқтығын көрсетті, - дейді депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, су тасқынынан кейін тазалық жұмыстарын жүргізбесе экологиялық апат болады.

Құрметті әріптестер! Мен осы жерде мына тазалық мәселесін де көтергім келіп отыр. Себебі, елге тасқынмен бірге енді топалаң келеді. Өйткені, қарғын судан қорғану үшін мыңдаған қаптар мен пакеттерден бөгет тұрғыздық. Полиэтилен кленкаларды пайдаландық. Енді су кеткен соң осы кенеп қаптарды түгін қалдырмай, түгел жинап алмасақ, экологиялық апатқа тап боламыз. Оның үстіне сай-саладан келген су қаншама күл-қоқыс, қалдық, аң-құс пен малдың өлекселерін ағызып әкетті. Осы жемтіктерді залалсыздандырмасақ, жаңағы мен айтып отырған топалаң құрғыр түрлі дерт пен ауруды таратуы  мүмкін, - дейді Мақсат Толықбай. 

Депутат «Таза Қазақстан» экоакциясына қатысып, көзбояушылық жасамау керектігін ескертті.

Қайтпек керек?! Қазір ел бойынша «Таза Қазақстан» тазалық айлығы өтіп жатыр. Бірақ осы шара Президент айтқандай; «Әлеуметтік желілердегі әдемі роликтер үшін жасалатын бір реттік акция емес, күнделікті өмірдің салты болуы шарт» емес пе! Себебі, қоғамдық орындар мен қоршаған ортада тазалық сақтау, жасыл желекті күтіп-баптау - тек арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті, - дейді депутат.

Мақсат Толықбай көрші өзбек ұлтынан үлгі алу керек деп есептейді. 

Батыс елдерін айтпай-ақ қояйын, Біз мына іргемізде отырған көрші өзбек ағайындардың тазалығына таңдай қағып, таң қаламыз. Ал мұндай мұнтаздай тазалық өзінен-өзі жасалмайды. Оған жоғарыдағы Миялы ауыл халқының тірлігі дәлел. Демек, тазалық әрбір азаматтың өзінен, өз жауапкершілігін сезінуінен, тәртіпті сақтауынан басталады. Тазалыққа жауапты мекемелердің жұмысынан бөлек,  тұрғындар көрінген жерге қоқыс тастап, көшелер мен аулаларды ластап кете беретін болса, нәтиже болмайды. Мына Алматының іргесінде Алтын Орда деген базар бар. Барсаңыз енді күл-қоқыс, шаң-тозаң, құрт-құмырысқадан көзі жылтырайды, - дейді депутат.

Сондай-ақ Алматының экологиялық ахуалына назар салуды сұрады.

Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматы осы ма деп кейде еріксіз кейисің... Терезені ашып темекіні лақтыра саламыз, түкіре саламыз, стадион, кинотеатрға барсақ та, ішкен жегеніміз сол жерде қалады. Көкке шықсақ та сол. Ұлттық парктердің бәрі қоқыс. Одан қалса, үйдегі қоқысты сасытып, подьезге шығара салатын надандар бар. Сол үшін сананы өзгертуіміз керек. Тазалықты кәдімгі құндылық, тіпті, керек болса тәртіп ретінде дәріптеуіміз керек, - дейді ол.

Мәжіліс депутаты бірнеше ұсынысын айтты: Ел Үкіметі қоғамда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді бағдарлама әзірлеп, іске асыруы керек; Жергілікті атқарушы органдар өздеріне қарасты аумақтарды абаттандыруды тұрақты жүргізіп, жасыл желек егумен ғана шектелмей, оны күтіп-баптау ісіне де көңіл бөлуі тиіс.

Оқу-ағарту министрлігі орта мектеп оқушылары арасында «Экологиялық сана» атты ағартушылық сынып сағаттарын өткізуді жолға қойғаны жөн екенін атап өтті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: