Екібастұздағы кейбір үйлер ондаған жыл бойы жылу маусымына дұрыс дайындалмаған – Роман Скляр

8 Маусым 2023, 15:26 710

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұздағы ЖЭО-ның жөндеу жұмысы жылу маусымының басына дейін аяқталатынын айтты, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Жылу беру маусымының басына қарай барлық жұмыс аяқталады. ЖЭО-да барлық өткелдер, соның ішінде жылу желілері жөнделеді. Тиісті қаражат бөлінді. Жұмыс белсенді жүргізілуде. Өз атымнан нақты кепілдік бере аламын, өйткені өзім желтоқсан айында Екібастұзда жеті күн болдым және мәселенің мәніне толықтай қанық болдым, - деді ол.

Сондай-ақ ол Петропавл қаласындағы ЖЭО-2-дегі жаңа мұржаның құрылысы туралы айтып өтті.

Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Петропавлда бір құбыр опырылып, шамамен 17 миллиард теңгеге жылу электр орталығын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жылу беру маусымы өткен жылдармен салыстырғанда бірқалыпты және жақсы өтті. Оның алдында қала мен облыс әкімі көп қабатты үйлерді, әлеуметтік нысандарды аралап, жылу маусымына дайындалған болатын, - деді Роман Скляр.

Ол Екібастұздағы кейбір үйлер тіпті ондаған жыл бойы жылу маусымына дұрыс дайындалмағанын айтты.

Әрбір көп қабатты үйде сапалы жылу алу үшін ішкі жүйелер сапалы дайындалуы керек. Өйткені көптеген үй ондаған жыл бойы қысқы маусымға дұрыс дайындалмаған, - деді премьер-министрдің орынбасары.

Еске салайық, 2022 жылдың 28 қарашасы мен 8 желтоқсаны аралығында Екібастұз ЖЭО-да және кеншілер қаласындағы жылу желілерінде болған апатқа байланысты техногендік төтенше жағдай жарияланған болатын.

Миражан Махан
Бөлісу: