Екібастұзда жылусыз қалған тұрғын жарты млн теңге өндіріп алды

24 Мамыр 2023, 17:40 567

Екібастұз соты қала тұрғынының "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС-не материалдық залал мен моральдық зиянды өтеу туралы талап-арызын қарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

 Сот органының баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұзда жылу желілерінде болған апаттан Дәулет Сыздықовтың пәтері мұзға оранып, салдарынан батареялар мен құбырлар жарылып кеткен.

Қала тұрғыны залалды өтеу туралы тікелей өтініш жасады. Қанағаттанарлық жауап ала алмаған соң, сотқа жүгінген. Шағымда екібастұздық өз есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізуге, құрылыс материалдарын сатып алуға тура келгенін атап өтті. Барлығы 366 мың теңге жұмсалған.

Тұрғын материалдық және моральдық шығынын айтып, сотқа "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС үстінен талап-арыз түсірген. Одан бұрын шығынды өтеуді өтінгенімен компания тұрғынның сөзін елемеген.
 
Дәулет Сыздықов құрылыс материалдарына жұмсаған 365 740 теңгені өтеуді және отбасының моральдық шығыны ретінде 500 мың теңге моральдық зиян өндіруді талап етті.
 
Сот отырысында талапкердің дәлелдері расталды.
 
Екібастұз қалалық сотының судьясы Мақпал Құмарова талаптарды ішінара қанағаттандырды. Ол 365 740 теңге көлемінде материалдық шығын сомасын өндіріп алды. Моральдық зиян сомасы 100 000 теңгеге дейін төмендетілді.
 
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
EL.KZ
Бөлісу: