Екібастұзда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына 50-ден аса кәсіпкер көмекке жүгінген

7 Желтоқсан 2022, 18:35 2529

Бұл туралы Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы мәлім етті

Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы Екібастұз қаласында орын алған апатты жағдайдан мүлкі бүлінген кәсіпкерлерге арналған алгоритмді әзірлеген болатын. Қазіргі таңда аталған алгоритм бойынша бизнес субъектілері колл-орталық пен «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына көмекке жүгінуде, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Павлодар облысы ӨКП директорының орынбасары Серік Әубәкіров кәсіпкерлерге бүлінген мүлікке өтемақы алуға құжаттар тапсыру алгоритмі бойынша жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп жатыр дейді. Кәсіпорынға бүгінге дейін бірқатар кәсіпкер хабарласқан.

«Бізге келіп түскен ақпарат бойынша «жедел желі» колл-орталығына 17 кәсіпорын иесінен өтініш берілген. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына 50-ден аса кәсіпкер хабарласып, кеңес сұраған. Қарапайым халыққа барынша бағыт-бағдар беріп, көмек көрсетудеміз», – деді Серік Әубәкіров.

Сондай-ақ ол зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын кім өтеп беретіні әзірге белгісіз екенін айтты.

«Колл-орталыққа өтініштің барлығы түскеннен кейін барып қана зардап шеккен қанша кәсіпкерге қандай көмек берілетіні белгілі болады. Әзірге олардың шығынын кім өтейтіні белгісіз», – деді Павлодар облысы ӨКП директорының орынбасары.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: