Екібастұзда апат салдарынан зақымдалған елу пәтер анықталды

11 Желтоқсан 2022, 12:20 1291

Ақауларды анықтайтын 70 адамнан тұратын жеті бригада құрылды

Екібастұз қаласында апат салдарынан барлығы зақымдалған 50 шақты пәтер анықталды. Бұл үйлерде дүйсенбіден бастап ретке келтіру үшін бригадалар жұмысқа кіріседі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. 

Әкімдік қызметкерлерімен бірге пәтерлерді аралап шықтық. Апат салдарынан барлығы зақымдалған елу шақты пәтер анықталды.  Бұл үйлерге дүйсенбіден бастап бригадалар кіріп,  адам тұратындай жағдайға келтіреді.  Қалған өтініштер топтастырылғаннан кейін жұмыс басталады. Егер де комиссия тұрмыстық техника апат салдарынан істен шыққанын растаса, шығынның  өтелетіндігіне үміт артуға болады,  — деді «ОАЭК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Леонид  Янушко баспасөз конференциясында. 

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, барлық зардап шеккен пәтерлер бойынша жеке тізім жасалуда. Ол үшін арнайы өтініштерді қабылдайтын жеті мекенжай бойынша пункті ашылған. Бұдан бөлек, әкімшілікте зардап шеккен азаматтардың шағымдарын қабылдайтын пункті бар. 

Бұл мәселеге қатысты «ОАЭК» АҚ басшылығымен келіссөздер жүргізілген. Сондықтан да жалған ақпарат болмауы тиіс. Міндетті түрде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ақауларды анықтайтын  70 адамнан тұратын жеті бригада құрылған.  Тұрғындардың өздері жөндеуді бастаған жағдайлар да бар. Ол үшін чектерді ұсыну қажет. Мұндай жағдайда комисия тексергеннен  кейін шығын өтеледі, — деді  Аян Бейсекин.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін тұрғындарға электр энергиясы бойынша шығындарды өтеу үшін өтініш жазудың қажеті жоқ екені айтылған болатын. 

EL.KZ
Бөлісу: