Екібастұз ЖЭО-ға айыппұл салынды

11 Наурыз 2023, 17:20 1688

Бұл туралы Pavlodarnews.kz мәлім етті

Кәсіпорында бірқатар бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ведомство мамандары облыстық прокуратураның тапсырмасы бойынша «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-нің бірнеше цехына жоспардан тыс тексеру жүргізді. 

Іс-шара барысында санитарлық нормалардың бірқатар бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде БЖЦ жұмыс аймағының ауасындағы шаңның артуы, үй-жайлардың температурасы мен жарықтандыруының, ЭМӨ кернеулігінің сәйкессіздігі, ауызсу режимінің бұзылуы сияқты зертханалық-аспаптық өлшеулер бойынша сәйкессіздіктер анықталды. «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-не қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Екібастұз қаласының бірінші сатыдағы сотында қаралды, - деді департаментте. 

Жұмыс қорытындысы бойынша сот ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425-бабы, 1-бөлігі - «халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының, сондай-ақ адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқпаған гигиеналық нормативтердің, техникалық регламенттердің талаптарын бұзу»  бойынша «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-н  жалпы сомасы 1600 АЕК (5 520 000 теңге) әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы етті.

Соттың бұл қаулысына қатысты кәсіпорын жоғары тұрған сотқа шағымдана алады.

Естеріңізге сала кетейік, «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС апаты 2022 жылғы 27 қарашада сағат 01:20 шамасында болған. Алдымен бір қазандық қондырғысы тоқтап, он минуттан кейін тағы үшеуі тұрып қалды. Салдарынан қала тұрғындары аязда жылусыз қалды. Апатқа байланысты балабақшалар біраз уақытқа жабылып, оқушылар қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды. 28 қарашадан бастап қалада ТЖ режимі енгізілген болатын. 

EL.KZ
Бөлісу: