«Екі жыл бойы зорлап келген». 16 жастағы қызға бір топ жігіт қорлық көрсеткен

13 Ақпан, 13:46 2032

Алматы облысына қарасты Жетісу ауылында есірткіден есі кеткен жігіттер 16 жастағы бойжеткенді мәжбүрлеп, психотропты заттарға тәуелді еткен, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv сілтеме жасап.

Жетісу ауылының 11-сынып оқушысы екі жыл бойы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Өйткені бойжеткенді алғашқыда достыққа тартқан көрші балалар артынша оны қорқытып, күш көрсетіп, есірткі тұтынуға мәжбүр етіпті.

9-сыныпты қалай бітірдім, Азат есімді баламен таныстым. Ол достарымен таныстырды. Жаз мезгілінде араласа бастадым. Бірге қыдырдық, одан кейін келіспеушілік көп болды. Мені қорқыта бастады, мені видеоға түсірді, пышақпен қорқытты. Үйдегілерге айта алмадым. Зорлады,  ұрды, таяқ та жедім, – дейді жәбір көрген бойжеткен.

Жақындары оның мұндай мүшкіл халін байқаса да, қызынан ешқандай жауап ала алмапты. Барлық мән-жайды туыстары жасөспірім үш тәулікке жоғалғанда білген.

Отбасы бір жыл бойы қатты өзгерген қыздарын танымай, психологқа жүгінген. Алайда еш көмек алмаған бойжеткен амалсыздан түрлі әрекетке барып, өмірімен де қоштаспақ болған.  Қазіргі таңда аталған іс бойынша аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды.

Облыстық Полиция департаментінің аумақтық бөлімшесі болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу іс-шараларын жүргізуде. Қылмыстық іс бойынша тергеу барысын ерекше бақылауыма алдым. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының ережелеріне сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді, – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.

17 жастағы қыз қаладағы оңалту орталықтарының бірінде ем алып жатыр.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: