Екі өңірде 50-ден астам тұрғын үй су астында қалды

14 Наурыз 2023, 13:49 832

Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында күрделі жағдай орын алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

50-ден астам тұрғын үй су астында қалды. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен алдын ала 240-тан астам адам эвакуацияланды, оның 20-дан астамы уақытша эвакуациялау пункттеріне орналастырылды, қалғандары туыстарына кетті. 700-ден астам ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз жерлерге айдалды. Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Қаратөбе, Шыңғырлау, Сырым, Бөрлі аудандарында су тасқыны қаупі бар елді мекендерге, өзендер мен көлдерге тәулік бойы мониторинг жүргізу жалғасуда, – делінген хабарламада.

Жалпы, су тасқынына дайындық және оған қарсы күрес кезеңінде 15 мыңнан астам қапқа инертті материалдар салынып төселген. Шамамен 300 мың текше метр су сорылып, 300 мыңнан астам текше метр қар шығарылды. 5 мыңнан астам ойық бұрғыланды, 65 мың шаршы метр мұз кесілді.

Су тасқыны қаупі бар аймақта тұратын тұрғындар арасында су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік және жүріс-тұрыс шаралары туралы ақпараттық жаднамалар таратылды. Төтенше жағдайлар мен оқиғалар қаупі туралы халықты ескерту мақсатында азаматтардың ұялы телефондарына дауылды ескерту туралы СМС-хабарламалар жіберіледі, – дейді ТЖМ баспасөз қызметі.

Орал қаласы, Шыңғырлау, Бөрлі және Бәйтерек аудандары әкімдерінің шешімімен жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар жарияланды.

Авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізуге Атырау және Маңғыстау облыстарынан қосымша тартылған ТЖМ күштері мен құралдарын қоса алғанда, ТЖМ құтқару бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың, ІІМ, ҚМ жеке құрамынан 1000-ден астам адам жұмылдырылды. Жедел жұмыстарда 400-ден астам техника және 200-ден астам су айдау құралдары қолданылады.

EL.KZ
Бөлісу: