Екі баласымен бірге курьер болып жұмыс істейтін жалғызбасты анаға депутат пәтер сыйлады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Айта кетейік, Алматы тұрғыны Салтанат Мұратова күндіз мәнті пісіріп сатып, кешкісін балаларын ертіп, тамақ жеткізуші қызметін атқарып жүрген.
Әлеуметтік желіде белсенді Әбдісамат Әбдіш бұл туралы жазып, жұртшылықтың назарын аударды. Нәтижесінде Мәжіліс депутаты Руслан Берденов жалғызбасты анаға пәтер сыйлады. Ол Asar Ume еріктілер тобы арқылы қаржылай көмек аударды.
Салтанат Мұратова – екі баласын өзі асырап отырған жан. Отбасын асырау үшін күндіз мәнті жасап сатса, кешке балаларымен бірге курьер болып жұмыс істейді. Мәжіліс депутаты Руслан Берденов қайырымдылыққа үлес қосып, оның баспаналы болуына көмектесті. Білуімше, ол басқа да игі істердің басы-қасында жүреді, бірақ жария болуын қаламайды. Осындай жақсылықтарды көбірек насихаттасақ, игі істер көбейе түсер еді. Қыс айында екі баламен курьер болудың қаншалықты қиын екенін елестетудің өзі ауыр... – деп жазды белсенді.