30 Маусым 2014, 03:33
Солтүстік Американың тұрғындары эхинацеяны ерекше бағалап, онымен көптеген ауруларды емдеген. Үндістер эхинацеяның тамырын жыланның уына және қанның бұзылуына қарсы дәрі ретінде пайдаланған. Сонымен қатар, асқазан аурулары мен суық тигенді де емдеген. Осыған орай, ХХ ғасырдан бастап көптеген мемлекеттер эхинацеяның емдік қасиетін жан-жақты зерттей бастады. Лабораториялық зерттеулердің нәтижесінде, эхинацеяның көптеген ауруларды емдейтін қасиеттері мен адам ағзасының табиғи қуатын жақсартатындығы анықталған. Әсіресе, вирустық пен бактериялық ауруларға жақсы көмектеседі. Дәріханаларда эхинацея капсула, дәрі, кептірілген шөп, шай күйінде сатылады. Медицинада эхинацеяны 2 жылдық көшеттерінен бастап қолданыла береді. Оның үстіңгі бөлігімен қатар, тамыры да тең пайдаланылады. Дәрілік тұнбаны гүлдеу кезінде дайындайды.
Эхинацеяны медицинада мынадай ауруларды емдеуге қолданады: суық тигенде, бактериялы аурулар кезінде, фурункулез, жара, тері күйген кезде, герпес, зиянкестер шаққанда, құлаққа ауырғанда, циститт, полиартрит аурулары. Тамырын, сабағын, гүлдерін кептіріп, қайнатпа жасайды. Емделу алдында дәрігермен кеңесу міндетті. Аяғы ауыр, бала емізіп жүрген әйелдерге және иммунитеті әлсіз адамдарға аталған өсімдікпен емделуге кеңес берілмейді. Эхинацеяның құрамында бағалы эфир майы, С дәрумені гүлдерінде 0,5 %, жапырағы мен сабағында – 0,35%, тамырында – 0,05-0,25% мөлшерінде бар. Тамырында сонымен қатар гликозид эхинакозид, бетаин (0,1%), смола (шамамен 2%), органикалық қышқылдар (пальмитинды, линолды, церотинды) және фитостериндер бар екендігі анықталған. Эхинацеяның дайын тұнбасын 10-30 тамшыдан таңертең және кешке 3-8 апта бойы қабылдауға кеңес беріледі.
Сонымен қатар, радиациялы аймақта ұзақ уақыт өмір сүрген адамдарға да эхинацеядан жасалған дәрілерді, денсаулығын қалыпқа келтіру үшін қабылдаған жақсы көмектеседі.
Эхинацеяның жақсы қасиеттеріне байланысты, адамзат басын июі қажет. Ол ауланы да гүлдендіріп тұрады, әрі адам жанына шипа. Табиғаттың нағыз баға жетпес байлығы десем артық айтқандық емес...