Егіздерден соң үшем туған батыр ана: Балаларым – Алланың сыйы!

26 Ақпан, 15:04 4614

Үшемдер жиі туыла бермейді. Сол себепті де үнемі көпшілік назарында.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы әзірлеген ресми деректерге сүйенсек, 2022 жылы елімізде 8 268 егіз, 151 үшем дүниеге келген. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі еліміздің демографиялық саясатын дамытуға зор үлес қосқан отбасымен сұхбаттасып, үшемдерді бағып-қағу қиындығы жайлы біліп қайтты.

«ЭКҰ жасаттыңыз ба? Егіз сыңарыңыз бар ма? Мемлекет тарапынан қандай қаржылық қолдау көрсетілуде?» Жуырда ғана үшемді өмірге әкеліп, көпбалалылар қатарын толықтырған Қабитовтар отбасы осы тектес сұрақтарды жиі естиді.

Естеріңізде болса, қаңтар айында Астана қаласындағы перзентханалардың бірінде Әмірхан, Әлихан, Әлім есімді үшем дүниеге келді. Бүгінде шақалақтардың ата-анасы өздерін  қоспағанда, 4 жасар Амаль мен 2 жастан асқан Аиша және Алан есімді егіздерді тәрбиелеп отыр.

El.kz: Ажар ханым, сұхбатымызды көпбалалы ана ретіндегі тәжірибеңізден бастасақ. Жақында ғана егіздердің соңынан үш бауыры ерді. Бауы берік болсын! Ең алғаш көпұрықты жүктілік туралы естігенде қандай сезімде болдыңыз? Бөлісе кетсеңіз.

Ажар Кабитова: Рақмет! Ең алғаш дәрігер қабылдауынан шығып, егіздер күтіп жүргенімізді естігенде бойымды үрей биледі. Бір жағынан, бақытымызға сенбей, қуандық. Енді бірде балаларды бағып-қағу қиындығын ойлап, уайымға салындық. Егіздерден бөлек 4 жасар қызым бар. Сол себепті бір емес, үш баланы бір мезгілде өсіріп-жеткізу жолдасым екеумізді қатты алаңдатты.

El.kz: Бұл жаңалықты естігенде жолдасыңыздың ойы қандай болды? Қолдау білдірді ме?

Ажар Кабитова: Жолдасымның қолдауы арқасында қорқыныш сейіліп, дұрыс шешім қабылдағанымызға көзім жетті. Ол да қорқыныш пен қуаныш астасқан сезімді бастан өткерді.

El.kz: Әр босану арасындағы үзілістің аз болуы, онымен қоса көпұрықты жүктіліктің өзі әйел ағзасына кері әсер ететіні рас. Егіздерді дүниеге әкелген соң денсаулықта кінарат болған жоқ па?

Ажар Кабитова: Денсаулықта шаршау мен екі есе қамқорлықтан басқа айтарылықтай мәселе болмады.

El.kz: Егіздерден кейін үшем күтіп жүргеніңізді білгендегі жағдайыңыз қалай болды? Жалпы үшемдермен жүктілік қалай өтті? Бұған дейінгі жүктіліктеріңізден айырмашылығы болды ма?

Ажар Кабитова: Балаларым кішкене есейіп, ендігі қиындықтар артта қалды дегенде, күтпеген жаңалықты естіп шок болдық. Бірақ үшем және олардың барлығы ұл екенін білгенде, жолдасымның төбесі көкке жетті. Десе де қуаныш пен қорқыныш сезімі қатар жүрді. Уақыт өте жағдайды толықтай қабылдап, бақытты отбасы екенімізді түсіне бастадық. Дегенмен болашаққа деген алаңдаушылық басым болды. Ал үшемдермен жүктілікке тоқталсам, денсаулықта асқыну көп болғанын нақты айта аламын. Күйзеліске де жиірек түстім.

El.kz: Жүкті әйелдер қамқорлыққа зәру келеді. Әсіресе перзентханадағы медицина қызметкерлері мен дәрігерлердің жылы қабақ танытқанын күтеді. Үшемді босанған перзентханадағы қызметкерлердің жұмысына, қарым-қатынасына көңіліңіз толды ма?

Ажар Кабитова: Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің маған деген көңіліне риза болдым. Үнемі сыпайылық танытып, мені көргенде денсаулық, отбасымызға береке тілейтін.

El.kz: Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар. Алайда бүгінгі күннің шындығына сәйкес, тұрмыс-тіршілікке қажетті заттардың бағасы - удай қымбат. Осыған орай, көпбалалы отбасы қатарына қосылған соң, қаржылық қиындықтар туындаған жоқ па деген сұрақ пайда болады?

Ажар Кабитова: Әрине, отбасы мүшелерінің саны артқан сайын азық-түлік, киім-кешек және өзге де қажеттіліктер қатары көбейе түседі. Қазақпыз ғой. «Әр баланың өз ризық-несібесі болады» деген сеніммен еш қиындықтарға мойынсұнбай, керісінше, әлеуметтік жағдайымыз жақсарды деп айта аламын.

El.kz: Бүгінгі таңда алты бала тәрбиелеп отырсыз. Ата-ана атанған соң, өмірге деген көзқарасыңыз өзгерді ме? Жолдасыңызбен қарым-қатынасыңыз қандай?

Ажар Кабитова: Балалардың дүниеге келуі жолдасым екеуімізді едәуір есейтті. Ойлау өрісіміз кеңейіп, жауапкершілік пен қамқорлық артты. Барлық қуанышты сәттерді бөлісіп, қиындықтарды бірге еңсеріп келеміз.

El.kz: Жолдасыңыздан бөлек, бала күтімінде сізді қолдап, көмектесіп жүрген жандар бар ма? Болашақта бала тәрбиесінде қандай принциптерді ұстанасыз?

Ажар Кабитова: Бала күтімінде анамның көмегі - бір төбе. Анам мені үйдің ұсақ-түйек шаруасына алаңдатпай, барлық тұрмыс-тіршілік мәселелерін өз мойнына алды. Сол үшін алғысым шексіз. Ал бала тәрбиесінде махаббат, шыдамдылық, қолдау қағидаларын ұстануды жөн көреміз. Әр балаға жеке дара уақыт бөліп, тұлға ретінде қалыптастыруға барымызды салмақпыз.

El.kz: Үшемдердің туғанына бір айдан асты. Әлі кішкентай болса да, араларында көзге көрінбес байланыс байқала ма? Үлкендеріңіздің бір- бірімен қарым-қатынасы қандай?

Ажар Кабитова: Әр баланың мінезі - әр қилы. Үшем ғана емес, барлығының арасында ерекше тылсым байланыс бар секілді. Үлкендерім үйде бір-бірімен алысып жатса да, сыртта үнемі қамқорлық танытады. Көбісі «тұқымыңызда егіздер, үшемдер бар ма?» деп жиі сұрайды. Ең қызығы, менің де, жолдасымның да тұқымында үшем тұрмақ, егіз де болған емес. Бұған ғылыми тұрғыдан да нақты түсінік берілмеген екен. Сол себепті мен мұны «Алланың сыйы» деп білемін!

El.kz: Сұхбатыңызға рақмет!

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Кабитова Ажара (@azharasay)

Айнұр Оспанова
Бөлісу: