Египеттік Ахмед Магди: Қазақ тілі – басқа тілдерге ұқсамайтын ерекше тіл

2 Қыркүйек 2022, 14:28 4910

Египеттік Ахмед Магдимен сұхбат

Бүгінде біздің салт-дәстүрімізді ұстанып, қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін жиі кездестіруге болады. Солардың бірі Ахмед Магди. Ахмед ұлты египеттік болса да, қазақ тіліне деген құрметі шексіз. Ол 2015 жылы Қазақстанға көшіп келген. Қазақстандағы өмірі мен қазақ тілін қысқа уақытта қалай үйренгендігі туралы өзімен сұхбаттасып білдік.

– Ахмед, қазақ тілін қалай және қашаннан бастап үйрендіңіз?

– Негізінде Қазақстанда тұрып жатқаныма 7 жыл болса да, қазақ тілін 6 ай бұрын ғана үйрене бастадым. Менен көбісі «неге қазақша сөйлемейсін?», «мемлекеттік тілді үйренгің келмей ме?» деп сұрайтын. Сондай-ақ «егер қазақша сөйлейтін болсаң, сенің ортаң көбейіп, адамдармен еркін тілдесе аласың» деген еді. Қазіргі таңда орыс тілінде сөйлеп жүрмін. Дегенмен қазақша сөйлеуге тырысамын. Қазақстанда тұрып қазақ тілін жеткілікті дәрежеде білмегенім үшін ұялатын сәттерім де болды. Менің әріптестерім, достарым барлығы қазақ тілінде сөйлейді. Бірақ менімен орыс тілінде сөйлеседі. Сондықтан өзіме мативация беріп, қазақ тілін үйренемін деп шештім. Күнделікті жаңа сөздер үйреніп, диалог арасында тілімді жаттықтырып жүрмін.


– Қазақтың қандай салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдарын білесіз?

– Қазақтар тағамды өте дәмді әзірлейді. Әсіресе, ет тағамы, қазы-қарта және тағы басқасын. Қазақтардың етті көп жейтінін білемін ғой, әсіресе той-томалақтарына барған кезде тағамның сан түрін көруге болады. Сондай-ақ салт-дәстүрлер де өте көп. Бірақ мен олардың аттарын біле бермеймін. Қандай да бір мереке болған сәтте отбасымен жиналып, үлкен әулет болып тойлайды екен. Солардың ішінде наурыз мерекесінде көрші-қолан, туыс-туған барлығы жиналып ұлттық тағамдары Наурыз көжені әзірлейді. Бұл деген керемет көрініс.

Тағы бір байқағаным қазақтар шетелде жүрсе де өздерінің ұлттық тағамдарын дайындап, көк туларын қолдарынан тастамай жүреді. Осыған қарап, олардың қанында патриоттық сезімнің бар екенін көруге болады.

Қазақтар өте бауырмал халық. Айналамдағы адамдардың барлығы әрдайым кеңес айтып, жол көрсетіп, көмектесіп жүреді. «Табиғатқа бірге шығайық, бірге серуендеп қайтайық» деп мені жалғыз қалдырмайды. Әрине, бұл адамға деген сыйластық пен құрметтің белгісі. Сондықтан да мен қазақтарды осындай сыйластықтары үшін жақсы көремін, құрметтеймін.

– Қазіргі таңда Қазақстанда немен айналысып жүрсіз?

– Мен елордадағы белгілі бір мекемеде мамандығым бойынша инженер болып жұмыс істеймін.

– Қандай хоббиіңіз бар?

– Бос уақытымда Қазақстанның керемет өңірлеріне барып, табиғатты суретке, видеоға түсіргенді ұнатамын. Табиғатты суретке түсіргеннен ләззат аламын. Сонымен қатар Египеттегі достарым үшін және басқа елдергі оқырмандарым үшін де Қазақстандағы өмірім туралы блог түсіріп әлеуметтік желіге жүктеп отырамын. Қазақстанның керемет табиғаты мен халқы туралы түсірген видеоларымды көбісі ұнатады. Сондықтан Қазақстан туралы тағы көп дүние таспалау жоспарымда бар.


– Қазақ тілі сізге қаншалықты ұнайды?

– Маған қазақ тілінің араб тіліне ұқсайтындығы ұнайды. Әріптердің дыбысталуында көптеген ұқсастықтарды байқадым. Мысалы, рахмет арабша «рахма», махаббат арабша «махабба». Сондай-ақ түрік тілімен де өзара ұқсастық бар. Бірақ та, араб тілі мен түрік тілінде белгілі бір ұқсатықтары болғанымен мен үшін қазақ тілі басқа тілдерге ұқсамайтын ерекше тіл.

– Неше тіл білесіз?

– Қазіргі таңда 5 тілді еркін меңгергем. Қазақ тілін әлі толық білмейтіндіктен оны қоспай отырмын. Егер қазақ тілін үйреніп алсам, 6 тілде сөйлей аламын. Біріншісі, менің ана тілім – араб тілі. Екіншісі – француз тілі. Француз тілін мен мектепте оқып жүргенде үйрендім. Шет тілдердің арасында менің алғашқы үйренген тілім француз тілі болды. Үшіншісі – ағылшын тілі. Қазіргі таңда, ағылшын тілін көпшілігі біледі деп ойлаймын. Ағылшын тілін де мектепте оқып жүрген кезімде үйренген болатынмын. Төртіншісі – неміс тілі. Неміс тілінде Германияда жоғары білімді алған кезімде үйрендім. Бесіншісі – орыс тілі. Орыс тілін үйрену себебім, саяхатқа шығу барысында өзімнің өмірімді жеңілдету үшін керек болды. Мен көбінесе ТМД елдерінде саяхатқа шығып жүргендіктен, мен үшін орыс тілін білу маңызды болды. Қазіргі таңда ешқандай курсқа бармасамда қазақ тілін үйреніп жүрмін. Жақын арада қазақ тілінде ана тілім секілді сайрап тұрамын деп ойлаймын.

– Бірнеше тілді қысқа уақытта үйрену үшін қандай кеңес айтасыз?

– Негізінде тілді тез үйрену үшін сол тілде сөйлейтін ортаң болғаны жөн. Солардың көмегімен ғана тілді тез жаттықтыруға болады. Мен бірнеше тіл білгеніммен, арасында қате сөйлейтін кездерім болады. Бірақ, мен ол үшін ұялмаймын. Себебі, ол менің ана тілім емес. Менің айтар кеңесім, өзге тілде қате сөйлеуден ұялмау керек. Дым білмегенге қарағанда қате болса да үйренген дұрыс. Ал қателіктерді уақыт өте дұрыстап алуға болады.


Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Миражан Махан
Бөлісу: