Егемен Қазақстан: салауатты өмір салты

26 Қыркүйек 2017, 16:59 3247

Саламатты Қазақстан

Еліміздің бас  газетінің кезекті санында журналист Айдар Өрісбаевтың «Адам ағзасы үшін ең қауіпті ұялы телефондар анықталды» атты ақпаратты мақаласы жарияланды. Әдетте ұялы байланыс телефондарының адам ағзасына зияны мен оның кері әсері туралы айтылып жүргенімен, бұл мақала тың деректер мен нақты ақпараттарға құрылған. Ұялы телефондардың адам ағзасы мен денсаулығына зиянын зерттеумен айналысатын hi-tech индустрия мамандары электромагнитті толқындарды тарату деңгейі жоғары бірқатар смартфон түрлерін анықтаған. Бұл туралы newstop.kz хабарлаған екен. Зерттеу барысында мамандар смартфондардан тарайтын электромагнитті толқындар деңгейінің коэффициентін анықтаған. Нәтижесінде HTC One Mini 2 смартфоны адам денсаулығына ең қауіпті болып танылды. Оның тарататын электромагнитті толқындар деңгейінің коэффициенті 1,46 Вт/кг құрады. Сондай-ақ Nokia Asha 503 (1,43 Вт/кг) пен iPhone 5s (0,979 Вт/кг) смартфондарының да аса қауіпті екені анықталды. Электромагнитті толқындарды тарату деңгейі төмен, сәйкесінше адам денсаулығына да аса зиян келтірмейтін смартфондар қатарына Galaxy Mega (0,142 Вт/кг), LG G3 (0,291 Вт/кг), BlackBerry Passport (0,33 Вт/кг), HTC Desire 620 (0,362 Вт/кг), сондай-ақ Samsung Galaxy Note (0,241 Вт/кг) пен Galaxy S6 Edge (0,334 Вт/кг) жатқызылды, – деп жазады автор А.Өрісбаев.

«Егемен Қазақстанның» «Әлеумет» айдарында ҚР ДСМ Дәрі-дәрмек  ақпараттық-талдау орталығының «Дәрілерден жанама әсер пайда болғанда, қандай шараларды қолға алған жөн?» атты ақпараттық-сақтандыру мақаласы басылды. Халықтың саламаттылығына бағытталған жарияланым дәрілерден келетін жанама әсер болғанда қолданатын шара жөнінен әлеуметті ақпараттандырады.  

Дәрілер емдеп қана қоймай, ағзада жағымсыз реакциялар тудыратынын кез келген адам ескере бермейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасына сәйкес, аурудың диагностикасы мен алдын алу үшін тағайындалған препараттарды қабылдау кезінде ағзада пайда болған кез келген жағымсыз әсер ететін дәрілік заттардың жанама әсерлеріне жатады. Дәрілік заттардың жағымсыз әсерлері көбінесе адам өзін-өзі емдеген жағдайда, дәрілерді шамадан тыс мөлшерде қабылдаған уақытта, өзара әрекетін күшейтетін дәрілерді (мәселен, Варфарин және Ацетилсалицил қышқылы) бір уақытта қабылдағанда, артық фармакологиялық әсер пайда болғанда (мысалы, артериялық гипертензиясы бар науқастардың препараттарды қабылдаған сәтте артериялық қысымының төмендеуі) жиі кездеседі. Дәріден пайда болатын жағым­сыз әсерлердің қаншалықты қауіп­ті екенін түсіну үшін, дәрілік заттың ағзаға қалай әсер ететінін білу қажет. Көптеген дәрілер ағза жасушаларымен тікелей әрекеттесіп, мүшелердің немесе мүшелер жүйесі қызметінің белгілі бір өзгерістеріне әкеледі. Бұл артериялық қысымның төмендеуі, ауырсынудың басылуы, ісінудің азаюы сияқты препараттардың емдік әсері болып табылады. Дәрі ағзаның барлық тінде­ріне қан арқылы түседі және әрекеттесуге қабілетті барлық рецепторлармен ұшырасады. Сондай-ақ, олар ағзаның қорғаныс әрекетінен өзгеріске түсіп, өз белсенділіктерін жоғалтады, яғни, бұл уақытта әртүрлі әсерлер жаңа биологиялық қасиеттері бар затқа айналады. Ауруға қарсы бағытталмаған, препаратты қабылдау мақсаты шегінен шыққан бұл әсерлерді жанама әсер деп атайды. Бұл ретте, жағымсыз әсерлер нұсқауда көрсетілген және дәрігер таға­йын­даған мөлшерде дәріні қолданған сәтте де болатындығын ескерген жөн. Ал, көп көлемде дәрілерді қабылдауға байланысты туындайтын жанама әсерлердің барлығы, дәрілік препараттарды шамадан артық қабылдаудың салдары болып табылады. Сонымен, жанама әсер деге­німіз – оңалтуға арналған дәрі­лік заттың адам ағзасына зиян келтіретін реакциясы. Ал ауыр дәрежедегі жанама әсер өлім­ге, еңбек қабілетсіздігіне немесе мүгедектікке, туа біткен анома­лия­ларға, дамудың тежелуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Дәрілік заттардың жағым­сыз әсерлері туралы ақпа­рат­ты медициналық және фармацев­тикалық қызметкерлер, дәрілік заттарды тұтынушылардың мүд­делерін қорғайтын қоғамдық ұйымдар ұсынады. Жанама әсерлер пайда бол­ған жағдайда, қандай шараларды қолға алған жөн? Ол үшін, келесі негізгі үш қадамға құлақ асыңыз: 1-қадам: қабылдаған дәрі­лік заттың бумасын сақтап қалу (бұл дәрілік заттың атауын, шы­ғарылым формасын, мөлшерін, өндіруші мен өндірілген елді ғана емес, сондай-ақ, шығарылым мерзімі мен сериясын анықтау үшін қажет). 2-қадам: дәрігерге, тұр­ғы­­лықты жеріне байланыс­ты ме­дициналық ұйымға немесе жақын арадағы кез келген меди­циналық ұйымның кезекші дәрігеріне жүгіну. 3-қадам: хабарлама карточкасын (сары карточканы) толтыру. Осы әрекеттеріңізбен сіз: 1) дәрілік заттың сапасын анықтауға; 2) жағымсыз әсерді тіркеуге және оны жағымсыз әсерлер мониторингінің жалпы базасына енгізуге; 3) тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемі шең­берінде сатып алынатын дәрілік затты өзге тиімдірек препаратқа алмастыруға мүмкіндік аласыз. Әрине, көптеген жанама әсерлер анық байқалмайды, салыстырмалы түрде науқас оны жеңіл көтереді (қалыпты жүрек айнуы, бас ауруы және т.б.) және қабылдауды тоқтатқан кезде немесе қабылдау мөлшерін азайтқан сәтте жанама әсерлердің ағзаға әсер етуі тоқтайды. Алайда, жанама әсерден бұдан да ауыр және адам өміріне қауіп төндіретін жағдайлар да кездесуі мүмкін. Қазақстанда дәрілік заттар міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтеді. Тіркеуден өтудің басты мақсаты – дәрілік заттарды қабылдаудың тиімділігі мен қауіптілігін бағалау, дәрілерден туындайтын барлық тиімділіктер мен әсерлерді белгілеу болып табылады. Бұл үрдіс клиникалық және клиникаға дейінгі зерттеулерде жүзеге асырылады. Дәрілерден жағымсыз әсер пайда болу мүмкіндігін азайту үшін не істеген жөн? Ол үшін, ең алдымен, дәріні қабылдар алдында дәрігермен кеңескен абзал. Екіншіден, препаратты қол­дану жөніндегі нұсқаумен, әсіресе, «Жанама әсерлері», «Қарсы көрсетілімдер», «Шамадан тыс қабылдау», «Сақтық шаралары», «Ерекше көрсетілімдер» бағаналарымен мұқият танысып шығу қажет. Ең бастысы, емдеуші дәрігер тағайындаған барлық шараларды сақтап, дәрілік препараттарды қолдануда аса жауапкершілік танытқан жөн. Халықты және медицина қыз­меткерлерін дәрілік заттар туралы дәйекті ақпаратпен қам­тамасыз ету мақсатында 2009 жылы  Денсаулық сақтау министрлігінің жетекшілігімен Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығы (бұдан әрі – ДАТО) құрылды. ДАТО құрылуының басты мақсаты – халыққа, фармацевтерге және медицина қызметкерлеріне дәрілік заттар туралы ақпарат беру арқылы дәрілік заттарды дұрыс пайдалануға ықпал ету, формулярлық жүйені дамыту, Call-қызметінің байланыс телефондары және Веб-сайт арқылы тұрғындар сауалдарына жауап ұсыну болып табылады. Сонымен қатар, ДАТО тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрі­лік заттармен тегін қамта­масыз ету мәселелері бойынша ақпа­рат ұсынып, дәрілік заттарды дұ­рыс қолдану және олардың жана­ма әсерлері жөнінде халық сауат­тылығын арттыруға ықпал етеді, – дей отырып, бүкіл қазақстандықтарға, өз денсаулықтарыңыз бен жақын­дарыңыздың денсаулығына жауап­кершілікпен қараңыздар, – деген үндеу білдіреді.

Журналист Гүлзейнеп Сәдірқызы «Егемен Қазақстан» газетіндегі кезекті мақаласында халықты «Папиллома вирусы қатерлі ісікке әкеледі» деп сақтандырады.

Сондай-ақ саламаттылық үшін оның алдын-алуға болатынын айтады. Қазіргі кезеңде денсаулық сақтау саласының мамандарын қатерлі ісік аурулары, оның ішінде жатыр мойыны обырының көбеюі аса алаңдатып отыр. Бүгінде Қазақстанда жатыр мойны обырымен 10500 әйел сыр­қаттанады. Дегенмен, жыл сайын елі­мізде 1200-ден аса жатыр мойны обыры тіркелсе, соның жартысы осы аурудан қайтыс болады. Яғни, Қазақ­станда күн сайын жатыр мойыны обырынан 2 әйел көз жұмады екен. АПВ (Адам папиллома вирусы) жыныс қатынастары арқылы таралатын инфекцияның бірі. Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі АПВ-дан аман әйелдермен салыстырғанда, жатыр мойыны обырының 16 типті вирусын жұқ­тырғандарда обыр 400 есе және 18 типті вирусын жұқ­тырғандарда 250 есе асқынып кететінін анықтады. Себебі, 16 және 18 — адам папиллома вирусының ең жиі тараған және қауіпті түрлері. Десек те, заманауи медицинаның адам папиллома вирусынан тарайтын қатерлі ісік ауруының асқынуына тосқауыл қоюға мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 120 елінде қолданылады. Жатыр мойыны обырының алдын алудың ұлттық бағдарламасы әлемнің 59 елінде қабылданған, оның ішінде Австралия, АҚШ, Канада және Еуропаның көптеген елдері бар. Мұндай ұлттық бағ­дарламаның негізі жасөспірім қыз­дарға папиллома вирусына қарсы алғашқы екпе жұмыстарын жүргізу болып табылады. Вакцинаның әсер­лілігі мен қауіпсіздігі әлемнің түрлі емханаларында зерттелінген және дәлелденген. Сондықтан, вак­­цинация­ны Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымы ұсынып, бала­ларға екпе жүргізудің ұлттық бағ­дарламасына енгізген. Қазақстанда Онкологиялық көмек көрсету мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңір­лерінде АПВ-ға қарсы тегін екпе жасау бағдарламасын кезең-ке­зең­мен енгізу қарастырылуда. Он­дағы мақсат – жатыр мойыны обы­рының алдын алу. ТДМ елдері арасында Қазақстан – жаңа екпені енгізген бірінші ел. Дәл қазіргі уақытта Алматы, Астана, Павлодар және Атырау облыстарында 11-15 жастағы жасөспірім қыздарға екпе егу сәтті жүргізілуде. Бұл шара келесі жылдан бастап барлық өңірде жалғастырылатын болады деп жос­парлануда. Вакцина медициналық ұйымдарда ақпараттандырылған ата-аналардың келісімімен жүргі­зіледі. Халықтың бұл ауру туралы аз хабардар болуы аурудың күн сайын өсуіне әкеледі, – деп жазады Г.Сәдірқызы.

Қорыта келе айтарымыз, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» басылымының мемлекеттік бағдарламалар соның ішінде халықтың денсаулығын жақсарту, салауатты өмір салтын насихаттау, салауаттылықты қалыптастыру бағытындағы басқарушы билік органдарының ұстанымдарын жүзеге асыруда әлеуметтік ықпалы зор.

Тұмар Асыл
Бөлісу: