Ефрейтор Жанасбек Пермабек ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін алды

23 Қазан, 15:17 1315

Республика күні қарсаңында ерлігімен көзге түскен әскери қызметшілер І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Соның ішінде суға батып бара жатқан қызды құтқарғаны үшін ефрейтор Жанасбек Пермабек «Айбын» орденін алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының аға сарбазы, ефрейтор Жанасбек Пермабек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Р.Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

2024 жылғы 10 маусымда сағат 13:00 шамасында Өскемен қаласында ефрейтор Жанасбек Пермабек еңбек демаласында жүріп, досы Д.Тоқтағановпен Үлбі өзенінің жағасында серуендеп жүрген. Көмек сұраған айқайларды естіген олар өзенге батып бара жатқан қызды байқап, оны дереу құтқара бастайды.

Осылайша ефрейтор Жанасбек өзеннің қатты ағысына қарамастан, қызды өзен жағасына шығарып, оны досының қолына аман-есен тапсырады. Жауынгердің жанкешті әрекетінің арқасында қыз өлім аузынан қалады.

Бұл уақытта өзеннің ағысы қатты болған көрінеді.

Қыз ағаш бұтағына ілініп, оны әрең ұстап тұрды. Мен талдың бойымен жүзіп, оны білегінен ұстап, жағаға сүйреп апардым. Судың ағасы күшті болғандықтан, біз бұтақ салмағымызды көтере алмайды деп қорықтық. Алайда бәрі жақсы аяқталды, – дейді Жанасбек.

Бүгінде Жанасбек Пермабек №6699 әскери бөлімінің 3 атқыштар ротасының аға сарбазы қызметін атқарады. Президент Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған әскери қызметші  қазір толқыныс үстінде екенін жеткізді.

Қарапайым отбасынан шыққан, төрт бала тәрбиелеп отырған бақытты әке жұбайының мектепте мұғалім болып істейтінін айтты.

Балаларымның екеуі оқуда, екеуі үйде. Ауылдан шыққан қарапайым отбасынан боламын. Әке-шешем мал шаруашылығымен айналысады. Бұл жұмыстарды бәрі ерлік жасау үшін істемейді. Адамның өмірін сақтап қалу әр азаматтың міндеті деп ойлаймын. Жастар ата-анасын тыңдап, дұрыс тәрбие алса мұндай әрекеттерге бармайды деп есептеймін, – дейді аға сарбаз, ефрейтор Жанасбек Пермабек.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: