Еділ қаған

15 Тамыз 2014, 12:28

Еділ қаған — Ғұн империясының аты аңызға айналған әйгілі патшасы, әлем және қазақ тарихында өзіндік орны бар тарихи ұлы тұлға.

Еділ  қаған —  Ғұн империясының аты аңызға айналған әйгілі патшасы, әлем және қазақ тарихында өзіндік орны бар тарихи ұлы тұлға.

Еділдің туған жері және жылы белгісіз болып келеді.  Еділдің әкесі Мыңзық ғұндардың патшалық әулетінен шыққан.  434 жылы ғұндардың билеушісі  Руғила дүниеден өткенде империя билігі оның інілерінің баласы Бледа мен Еділдің қолына көшеді. Бірақ көп ұзамай Еділ немере туысы Ақтардың баласы Бледаны өлтіріп, билікке өзі жеке дара ие болады. Осыдан кейін ол бұрын білікті қолбасшы ретінде төңірегіне мәлім болса, енді үлкен саясаткер, көреген көсем ретінде жарқырап көзге түседі. «Әділ билеуші» атанады. Оның есімі қарсыластары арасында үрей туғызады. Оны «Құдайдың қамшысы» деп атай бастайды.

Еділдің тұсында империя өзінің шарықтау биігіне көтеріледі. Шығыста Кавказға, батыста Рейнге, терістікте даниялық аралдарға, күнгейінде Дунайға дейінгі жерлерге билік етті.

Еділ бастаған ғұн әскері 447 жылы Фракия мен Иллирияны талқандап, Фермопила мен Константинополь іргесіне дейін жетеді. Шығыс Рим империясы (Византия) Еділге тәуелді екенін мойындап, алым-салық төлей бастайды.

Арада төрт жыл өткеннен кейін Рим императоры III Валентиннің қарындасы Онорияның өтінішімен Еділ батысқа аттанып, Галлияға басып кіреді. Галлияны билеуге Рома императоры жіберген атақты қолбасшы Аэций вестгот, алан, франк ұлықтарымен тіл табысып, Еділге қарсы көп әскер шығарады. Мұның аяғы тарихта бұрын болмаған үлкен қырғын, әйгілі Каталаун шайқасына әкеледі. Тарихшылар осы шайқаста майдан даласында 165 мың жауынгердің өлігі қалды дегенді айтады.

452 жылы Еділ Италияны ойрандап, Падуя, Милан секілді қалаларын алады. Рим салық төлеп құтылады. Сөйтіп ол осынау ұлы жорықтан Дунай бойындағы мемлекетінің астанасы Еділқалаға  үлкен жеңіспен, салтанатпен оралады. Осының алдында Еділ герман тайпаларын бағындырған кезде Бургундия ханшайымы Илдионаға ғашық болып қалған еді. 453 жылы елінде үлкен той жасап, осы ханшайымға үйленеді. Бірақ алғашқы неке түнінде белгісіз жағдайда кенеттен қайтыс болады.

Билік басында болған он тоғыз жыл ішінде Ғұн империясының жеріне жер, еліне ел қосып, даңқын алысқа жайған Еділ қаған Шығыстың ұлы жауынгер ұлдарының бірі ретінде тарихқа енді. Содан да болар, батыстың тарихшылары оның есімін «адамзат тарихындағы ұлы адамдар Ескендір Зұлқарнайын пен Юлий Цезарь есімдерінің қатарына қояды».

Германдықтардың белгiлi эпикалық шығармасы болып табылатын «Нибелунгтар туралы жырда» және өзге де герман эпосының шығармаларында, скандинав сагаларында Еділ қаған Рим империясының қол астындағы халықтарды азат етушi ретiнде сипатталады.

Византияның атақты жылнамашысы, 5 ғасыр тарихшысы және мәмiлегерi, ғұн патшасына 448 жылы жiберiлген Византия елшiлiгiнiң мүшесi грек Приск Паниос, жеке көрiнiстер түрiнде сақталған өзiнiң «Византия тарихында» Еділді iрi мемлекет тұлғасы, ұлы iстермен айналысқан дана билеушi, талантты мәмiлегер ретiнде, Еділ қаған мемлекетiн Римнiң қауiптi бақталасы ретiнде бейнелеген.

Бөлісу: