Осынау алмағайып заманда ұрпақ тәрбиесі ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Мемлекет те бұл мәселеге ерекше ықыласпен басымдық беріп, нақты шаралар қабылдауда. Балалардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заңнамалар қабылданды. Оқу-ағарту министрлігі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын әзірлеп, білім беру ұйымдарына енгізді. Балаларға қолайлы жағдай жасап, тәрбие жұмысын күшейтуге арналған шаралар туралы сұрақтарға оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан жауап берді.
El.kz: Еділ Сабырұлы, сұқбат беруге келіскеніңіз үшін алғыс білдіремін. Бүгін мектептерде тәрбие жұмысы қалай жүргізілуде? Кейде отбасында 3-4 баланың тәрбиесін бақылаудан шығарып алған ата-аналар балаларының тентектігіне мектеп пен мұғалімдерді кінәлайтынын жиі естиміз…
Еділ Оспан: Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылдан бастап барлық білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаның өзегі «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» үштағанымен астасып жатыр. Оның мазмұны ұлттың жаңа келбетін қалыптастыратын құндылықтарға сәйкес жүйеленді. Мұнда маңызды компонент – балалардың бойында құндылықтарды әрекет арқылы қалыптастыру, оларды күнделікті өмірде қолдануға дағдыландыру.
Мәселен, балаларға мектепте суды, электр энергиясын үнемдеп қолдану, қалдықтарды сұрыптап бөлу сияқты машықтар үйретіледі. Бұл жақсы әдеттер балалардың болашақ өміріне де ықпал ететіні сөзсіз ғой.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы оқу мен тәрбие жұмысының тұтастығын қамтамасыз етіп, жүйелі тәсілдерді қолдануға бағытталған. Бұған дейін балаларға тек ақпарат берілсе, енді тәрбие ісінде балаларды практикалық әрекеттерге тарту көзделеді. Бағдарламаны енгізер алдында жауапты мамандарды, педагогтерді оқытып даярладық. Бұл жұмыс үздіксіз жалғасуда.
Тәрбие жұмысындағы ең басты бағыт – ата-аналардың жауапкершілігін арттырып, бірлесе жұмыс істеуге тарту. Ол үшін мектептерде Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылуда. Қазіргі таңда 6800 мектепте осындай орталық жұмыс істеуде. Олардың мақсаты – ата-аналарға ұрпақ тәрбиесінде әдістемелік көмек көрсету, мектеп пен ата-ананың арасындағы өзара іс-қимылды нығайту. Осылай бірлесе жұмыс істеген кезде, тәрбие жұмысы да жемісті болады деп есептейміз.
El.kz:Тәрбие бағдарламасы түптеп келгенде, балаларымыз үшін қолайлы, қауіпсіз орта құруға, олардың өзара қарым-қатынасын жақсартуға да ықпал ететін болар?
Еділ Оспан: Бұл ретте балалар үшін қауіпсіз қоғам құру, олардың балалық шағын бақытты өткізуге жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екендігін өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Қазіргі заманда әлемдік деңгейде буллинг, кибербуллинг сияқты теріс құбылыстардың белең алғанын көріп отырмыз. Осыған байланысты өткен жылы заңнамалық тұрғыда буллингке қатысты әкімшілік жауапкершілік күшейтіліп, баласы буллинг жасаған ата-аналарға айыппұл төлету енгізілді.
Соған қоса, осы мәселелерді шешу үшін де «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының үлкен әсері бар. Өйткені, оның аясында балаларды жауапкершілікке тәрбиелеуге, бір-біріне достыққа, мейірімділікке жақындатуға арналған жобалар іске асырылады. Мәселен, қаңтар айы «Заң және тәртіп айы» болып белгіленген. Осыған орай, барлық білім беру ұйымдарында заң талаптарын орындау, өз құқықтарын қорғау, қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері сабақ барысында да, сабақтан тыс жобалар аясында да қамтылды.
Сонымен қатар, буллингтің алдын алу мақсатында мектептерде Kiva антибуллингтік бағдарламасы және отандық ДОСБОЛLiKe бағдарламасы пилоттық тәртіпте іске асырылуда. «Kiva» антибуллингтік бағдарламасы интеллектуалды мектептер желісі арқылы 110 мектепте, «ДОСБОЛLiKe» 50 мектепте пилоттық бағалаудан өтуде. Пилоттың нәтижесі бойынша біз осы екі бағдарламаны басқа мектептерге ары қарай тарату мәселесін қарастырамыз. Бұл бағдарламалардың негізгі өзегі балалар арасындағы түйісу нүктелерін айқындап, оларды бір-бірін құрметтеуге шақыру, сенімді орта құруға бағдарлау.
El.kz:Кейбір сарапшылар қазіргі балалардың эмоционалдық психологиялық тұрғыда әлсіз екендігін айтып жатады. Бұрын біз психологтың алдын көрмей-ақ өсіп едік. Қазір үйде де, түзде де бала қыңырланса, психолог іздейтін болдық. Білім беру жүйесі осыған байланысты не ұсынады?
Еділ Оспан: Балалардың психологиялық жағдайы да ерекше назарға алынып отыр. Бүгінгі таңда балалардың психологиялық денсаулығын сақтау, оларды қоршаған ортаның теріс әсерлерінен қорғау мақсатында мектептердегі психологиялық қызметтер күшейтілуде. Бұл жерде кешенді көзқарас пен тәсілдер қолданылуы керек.
Мектептерде бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан педагог-психолог мамандар бар. Бірақ олардың жұмысын жүйелеп, үйлестіретін және әдістемелік қолдау көрсететін орталық болған жоқ. Осыған орай, еліміздің барлық өңірінде Психологиялық қолдау орталықтарын құрдық. Оның негізгі мақсаты – әрбір білім беру ұйымында бар психологиялық қызметті, яғни педагог-психологтар, тәрбие саласындағы мамандар, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен әлеуметтік педагогтерге әдістемелік көмек көрсету және бұл орталықтар буллингке ұшыраған немесе психологиялық қиындықтарға тап болған балалар үшін де консультациялық қызмет көрсетеді. Қажет болған жағдайда, басқа да салалардың мамандарына жол ашып, жан-жақты қолдау көрсетіледі. Қазірдің өзінде бірінші нәтижелерді айтуға болады. 2024 жылдың басынан бастап құрыла бастаған орталықтарда бір жылдың ішінде 240 мың балаға психологиялық көмек берілді.
El.kz:Өткен жылы балалардың құқықтарын қорғау саласында бірдей 3 заң қабылданды, не өзгерді, не берді, не күтіледі?
Еділ Оспан: Мемлекет басшысы балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, бірқатар тапсырма берді. Бұл түсінікті, себебі, халқымыздың үштен бірі – балалар. Сондықтан олардың болашақта лайықты азамат болып өсуі үшін қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріп отырмыз. Балалардың қауіпсіздігіне қатысты бірқатар заңнамалық өзгерістер қабылданды. Өзіңіз айтып отырғандай 3 негізгі заң қабылданып, балалардың қауіпсіздігіне қатысты шаралар күшейтілді. Біріншіден, ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау мен олардың қоғамда толыққанды азамат ретінде қалыптасуы үшін тәлімгерлік институты енгізілді. Қазірдің өзінде тәлімгерлер өз жұмысын бастап кетті, 330 балаға тәлімгер тағайындалды. Сонымен қатар балаларды қорғау жүйесі нығайтылды. Заң балалардың құқығын қорғау саласындағы еліміздегі бар институттардың әлеуетін күшейтуге бағытталған. Қорғаншылық органдарының саны бұрын 300 болған, ал қазір біз өңірлермен бірге жұмыс жасап, оларды екі есеге арттырдық. Бұл сан әрі қарай да ұлғая береді, себебі былтырғы статистика бойынша, елімізде 17 мың балаға 1 қорғаншылық маманы қызмет көрсеткен. Бұл жағдайды 5 мыңға дейін төмендету туралы заңнамалық шешім қабылданды. Яғни, өңірлерде әр аудан деңгейінде 5 мың балаға бір маман есебінен штат қалыптастырылады. Бұл мамандар көмек қажет ететін балаларға барып, олармен кездесіп, тиісті көмекті көрсетеді. Бұдан бөлек, өңірлерде балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкілдердің мәртебесі заңмен бекітілді.
El.kz: Жекеменшік мектептердегі балаларды тамақтандыру мәселесі қоғамда жиі көтерілген мәселе болатын. Ол биылғы жылы шешімін тапты, солай ма?
Еділ Оспан: Бұл рас, өткен жылы қабылданған мемлекеттік наградалар және балалардың құқықтарын қорғау туралы заңға сәйкес, енді жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыпс негізінде оқитын бастауыш сынып балалары мен тұрмысы төмен отбасы балаларына тегін тамақ беріледі. Биылғы жылы мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқитын бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік топтағы отбасы балалары - жалпы саны, 1,7 млн бала мемлекет тарапынан тегін тамақтандырылып келеді. Бұл реформа іске асырылған сәттен бастап тамақтану сапасына ерекше назар аударылды. Әр мектепте бракеражды комиссиялар құрылып, ас блогында жұмыс істейтін мамандарға қойылатын талаптар күшейтілді, бейнебақылау орнатылды, тегін тамақ алатын балалардың тізімін автоматтандыру жүзеге асырылды. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында тамақтандыру қызметін көрсететін мекемелердің СЭС қорытындысын алуы міндеттелді.
Қазіргі уақытта үш негізгі бақылау тетігі бар. Ол біріншіден, мемлекеттік бақылау, оны өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемелері іске асырады. Екіншіден, қоғамдық бақылау, ол бракеражды комиссиялар арқылы жүзеге асады, құрамында ата-аналар, мектептегі медицина қызметкері, мектеп әкімшілігі және қамқоршылық кеңесінің мүшелері бар. Үшіншіден, жергілікті мәслихат депутаттары, қоғам өкілдері, СЭС мамандары, білім саласының басшыларынан құрылған ведомствоаралық сараптамалық топ. Айта кету керек, бракеражды комиссияның рөлі ерекше, ол мектеп әкімшілігіне тамақ сапасын қамтамасыз етуде негізгі көмекші болып табылады.
Мектептегі тамақтануды ұйымдастыратын жеке кәсіпкерлер болғанымен, олардың қызметіне міндетті түрде бақылау жасалуы қажет. Сондықтан күн сайын таңертең бракеражды комиссия ас мәзірін, асхананы тексеріп, оны журналға тіркеуі тиіс. Бұл жұмыс жүйеленуі қажет. Сонымен қатар денсаулық сақтау және оқу-ағарту министрліктерінің келісімімен маңызды шешім қабылданды. Бұған дейін мектептердегі ас мәзірін білім басқармалары әзірлеген еді. Енді ас мәзірін әзірлеу жұмысын санитарлық қызметтерге жүктеу туралы шешім қабылданды. Осыған орай, келесі оқу жылынан бастап жаңа стандарт енгізіліп, мектептегі ас мәзірін СЭС әзірлейтін болады.
El.kz:Балалардың қауіпсіздігі - аса өзекті мәселе. Қазір өзі кез-келгеннен күдіктенетін кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Осы ретте мектептерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылдануда?
Еділ Оспан: Қазіргі қоғамда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің, білім беру мекемелерінің және ата-аналардың басты міндеті болып табылады. Барлық білім беру ұйымдары бейнекамералармен жабдықталған, ал мектептердегі барлық бейнекамералар Ішкі істер министрлігінің орталықтандырылған жедел басқару жүйесіне қосылған. Күзетке қатысты маңызды өзгерістер енгізілді: мамандандырылған күзетті енгізу туралы талаптар бекітілді. Бұл – арнайы дайындықтан өткен, тиісті лицензиясы бар күзет ұйымдарының мектептегі күзетті қамтамасыз етуін талап етеді. Осы бағытта ішкі істер министрлігімен бірлескен бұйрық қабылданды. Қазіргі таңда әкімдіктер бұл талаптарды ескеруі тиіс және ол талаптардың орындалуы қамтамасыз етілуі керек. Бұл үшін жауапкершілік те белгіленген. Одан бөлек білім беру ұйымдарының меншік нысанына қарамастан, қауіпсіздік шараларын күшейту қолға алынды. Барлық мектептер турникеттермен, дабыл түймелерімен қамтамасыз етілді. 2024 жылы қауіпсіздік техникасы жөніндегі нұсқаулық талаптары кеңейтіліп, білім беру ұйымдарын жабдықтау талаптары күшейтілді. Жекеменшік білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйесімен міндетті түрде жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Қорытындылай келе айтарым, елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен балаларды тәрбиелеу, олардың эмоционалды және психологиялық денсаулығын сақтау, сондай-ақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша маңызды шаралар қолға алынуда. Бұл өзгерістер балаларға қолайлы, қауіпсіз және сапалы білім алу ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.