20 Қазан 2014, 14:36
Осы жылдың наурыз айында пайда болып, өрши түскен Эбола вирусының эпидемиясына міне жеті айдың жүзі болып қалды. Алғашында Гвинея елінде пайда болған вирус Либерия, Сьерра-Леоне, Нигерия, Сенегал сияқты Батыс Африка мемлекеттеріне таралса, соңғы аптада АҚШ-пен Испанияға да келіп жетті.
Тарихы
Эбола вирусы алғаш рет 1976 жылы Судан мен Заир елдерінде ағатын Эбола өзенінің бойында пайда болды. Ол кезде 284 адам ауырып, оның 53%-ы қайтыс болды. Вирустың екінші ошағы сол жылы бірнеше айдан кейін Заир мемлекетінің Ямбуку атты елді-мекенінде пайда болып, ауруды жұқтырған 318 адамның 88%-ы мерт болды. Өкінішке орай, түрлі мемлекеттерден тәжірибелі эксперттер іздестіргеніне қарамастан, бұл вирустың пайда болған себебін таба алмады. 2014 жылға дейінгі тарихтағы Эбола вирусының соңғы ошағы 1994 жылы Кот-д’ивуар мемлекетінде этолог әйелге жұғыпты. Ол кісі Кот-д’ивуардағы Тай орманынан ұсталған шимпонзені сойып жатып, байқаусызда өзін жарақаттап, қаны арқылы Эбола вирусын жұқтырып алыпты. Одан кейінгі бұл жаман аурудың пайда болғаны осы 2014 жыл, Батыс Африка елдерінде.
Негізгі деректер
Эбола Қазақстанға неге қауіпті емес?
Біріншіден, бұл вирустың негізгі тасушылары – жабайы маймылдар мен Pteropodidae әулетінің жарқанаттары тек тропикалық және субтропикалық климаттарда ғана өмір сүреді. Яғни Шығыс Азияда, Океания және Африка елдерінде. Қазақстанда өздеріңіз білетіндей, бұл жануарлар цирктер мен зоопарктардан басқа жерлерде жоқ.
Екіншіден, бұл вирустың қатты таралып, үлкен адам шығынын келтіріп жатқан елдердің көбісі экономикалық жағдайлары да өте нашар елдер. Гвинея – 1199 (ауырған адам саны)/ 739 (қайтыс болған адам саны), Испания – 1 / 0, Либерия – 3834 / 2069, Нигерия – 20 / 8, Сенегал – 1 / 0, США – 1 / 0, Сьерра-Леоне – 2437 / 623. Бұл елдерде элементарлы гигиенаны сақтау қиын. Адамдардың өз баспаналары болмағандықтан көшеде, қаланың лас, қараңғы түпкірлерінде өмір сүреді. Сондықтан, бұл кедей африка мемлекеттерінде дәреттерін отырған, жатқан жерлерінде сындыру үйреншікті жағдай.
Үшіншіден, Батыс Африка елдерінде, әсіресе Либерияда біздің түсінігімізге сиюуы қиын дәстүрлер мен сенімдер көп екен. Ресейден Либерияға барған саяхатшының айтуынша, жергілікті кісілердің Эболамен ауыруының негізгі себебі, инфекцияланған маймыл мен жарқанат етін жеулері. Оған қоса либериялықтардың дәстүрі бойынша, қайтыс болған адам 1 аптаға дейін жерленбей, ашық күйінде жер бетінде жатады екен. Ол кісінің туған-тумасы оның бетінен сүйіп, жанында отырып тамақ ішеді екен. Кейде криматорияға жағуға жіберілген ауру денелерді ұрлап, туысқандары үйлеріне алып кететіндері де бар көрінеді.
Айта кетерлік тағы бір жайт, шетелдік және жергілікті әлеуметтік желілерде Эбола ауруымен ауырған адам зомбиге айналады деген де жаңалықтар жүр екен. Тіпті қорқынышты зомбидың суреті де бар екен. Алайда, жақында ол суреттің Голливудтық «Z Әлемдерінің Соғысы» (басты рөлде Бред Питт) атты фильмінен алынған бет бояу қолданылған адамның суреті екені анықталды.
Эболамен ауыру оңай, бірақ қайта тірілу екіталай.
Мақаладан қолданылған суреттердің дереккөздері: Lenta.ru, New York Times, Wikimedia.
Мақаланы дайындаған - Нұрғазы Абжанов