ЕАЭО елдері ғылыми дәрежелерді тану туралы келісімнің жобасын әзірледі

4 Сәуір 2023, 09:39 977

 ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімнің жобасын әзірледі, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, келісім ғылыми дәреже иегерлеріне ЕАЭО елдерінде ұлттық заңнама бойынша құжаттарды тану рәсімдерінен өтпеуге мүмкіндік береді, бұл жұмысқа орналасу рәсімін едәуір жеңілдетеді, уақытша және қаржылық шығыстарды қысқартады.
Айта кету керек, келісім шеңберінде философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты және докторы ғылыми дәрежелері туралы құжаттарды өзара тану жоспарлануда.
Осылайша, қазақстандық ғылыми дәреже иегерлері ЕАЭО елдерінде артық бюрократиялық формальдылықсыз кәсіби қызметті жүзеге асыра алады. Сондай-ақ, Қазақстанға білікті кадрлардың келуін ынталандыруға мүмкіндік береді, бұл Қазақстан Республикасының ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамын күшейту үшін қосымша серпін береді.
ЕАЭО елдері келісімге қол қоюды 2023 жылдың екінші тоқсанына жоспарлап отыр.

EL.KZ
Бөлісу: