20 Қазан 2014, 06:43
Қазан айының 4-5 күндері Қызылдың қиясында, яғни аудан орталығынан шалғай орналасқан, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында елімізде мал шаруашылығын өркендету мақсатында Қызылқұмның ортасында бой көтерген «Жаңақала» кеңшарының, қазіргі таңда Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Тәйімбет Көмекбаевтың есімімен аталатын ауылдың құрылғанына 50 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған «Еңбек пен ерлікке толы 50 жыл» тақырыбындағы мерекелік шара кең көлемде аталып өтті.
Расында да, екі күнге созылған мұндай ұлан асыр болып өткен той көпшіліктің біраз уақытқа дейін аузында, естерінде жүрері сөзсіз екеніне шүбә келтірмейміз.
Дүбірлеп өткен тойдың жоғары дәрежеде өткізілуіне аудан әкімдігімен бірге ауыл тұрғындары, сонымен қатар осы өңірде туып-өсіп, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан ауыл түлектері, мекеме, кәсіпорындар мен бөлімдер, шарауашылық құрылымдары, кәсіпкерлер, кенттер мен ауылдық округтер ұжымдары, көршілес аудандардан келген ағайындар да бір кісідей жұмыла атсалысты.
Құрбай айт мерекесімен тұспа-тұс келген мерейтой 4 қазан күні түс ауа ауыл орталығында жаңадан пайдалануға берілген «Ақназар-Кедей» ауылдық мешітінің ашылу салтанатымен басталды.
Шара алдында аудандық «Марал ишан» мешітінің бас имамы Ақылбек Алтынсариев осы ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, бүгінде дүниеден озған әруақтарға арнап дұға бағыштаса, облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Нұрлан Әбжанов жамағатты жаңа мешіттерімен құттықтап, діни салауат айтты.
Содан соң мешіт ауласында Құрбай айт мерекесіне орай әруақтарға арнап құрбандыққа мал шалынды.
Шара барысында ауылдың байырғы тұрғыны Алдажар Қайыңов ақсақал сөз сөйлеп, ағалық ақ батасын берсе, Ақназар-Кедей әулетінің ұрпақтары атынан Молдағали Бердіқашұлы мен Жұбанышбай ақсақал ауыл тұрғындарына өздерінің жылы лебіздерін айтып, той қонақтарының ыстық ықыластарын жеткізді.
Содан соң ауыл мешітінің шәкірттері қасиетті Құран Кәрімде иісі мұсылман баласына арнаған діни ағымдағы салауаттардан үзінділерді жатқа айтса, есімі елімізге белгілі театр майталманы, режиссер Оңталап Нұрмахановтың басшылығымен, Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театр әртістерінің қатысуларымен Ақназар-Кедейдің өмірі жайлы көрініс қойылды.
Шара соңы аудан әкімі Нажмадин Шәкизадаұлы Шамұратов сөз сөйледі. Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың баласы Бағбан Тәйімбетов және ауыл тұрғындарының қатысуларымен жаңа мешіттің лентасын қию рәсіміне ұласты.
Қонақтар мен ауыл тұрғындары жаңа мешітте ауыл имамы Мырзағали Ахметовтiң әруақтарға арнап оқыған құранына қол жайып, дұға бағыштады.
Содан соң мерейтойға қатысушылар орталық алаңдағы сахнада жырау, Серік Жақсығұловтың жүргізуімен, есімдері алты Алашқа белгілі, көптеген айтыстарда топ жарып жүрген айтыскерлер астаналық Балғынбек Имашев, Арқалық қаласынан келген Айбек Қалиев, алматылық Сара Тоқтамысова мен Арал ауданының жас айтыскер ақыны Ержеңіс Әбдиев пен қызылордалық ақындар Мамыр Байдәулетов пен Нұрмат Мансұровтардың қатысуларымен өткізіліп жатқан айтыс өнерін тамашалады.
Айтыс алдында аудан әкімі Нәжмадин Шәкизадаұлы Шамұратов мерейтойға жиналған жұртшылыққа құттықтау сөз сөйлеп, өзінің жүрекжарды жылы лебізін білдірсе, ауылдың тумасы, қазіргі таңда Алматы қаласында тұрып жатқан жас ақын Шаттық Қыстаубаева өзінің арнауын оқыды.
Міне, тойға жиналған жұршылықтың асыға күткен айтысы да басталып, сахна төріне алдымен Арқалық қаласынан келген ақын Айбек Қалиев пен аралдық Ержеңіс Әбдиев шығып, өзара сөз сайысына түсті.
Алдымен көрермендерге талай ақындар айтысында бас жүлдені иеленіп жүрген арқалықтық Айбек Қалиев қазақтың киелі қара домбырасы арқылы өзін таныстырып, осы ауылдың іргетасын қалауға және оның өркендеуіне атсалысқан жайсаң жандар жайлы жыр жырласа, аралдық жас ақын Ержеңіс Әбдиев өзінің ағасына арнаған шымшымалы әзілдерімен, екінші боп сахна төрінде сөз сайыстырған алматылық Сара Тоқтамысова мен бүгінде Астана қаласындағы республикалық «Шалқар» радиосында қызмет атқаратын Нұрмат Мансұровтар өздерінің саналы ғұмырларын ауылды көркейтуге арнаған атпал азаматтардың өнегелі өмірлері жайлы, сондай-ақ бірі күйеубала, енді бірі қайын апа рөлдерін сомдап, бір-біріне деген әзілді арнауларымен, ал енді үшінші болып сахнада сөз қағыстырған астаналық Балғынбек Имашев пен қызылордалық Мамыр Байдәулетовтер аға мен іні арасындағы жарасымды әзілдерімен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Содан соң ақындар айтысы тәмамдалып, сахна төріне бірнеше жыршылар байқауында топ жарып, өздерінің салған мақамдарымен тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып, алғысқа бөленіп жүрген Бидас Рүстембеков, Қасарбек Кәрібаев, Дінислам Тоқсанбаев, Зәуре Кәрібаева, Әйгерім Ешбаева, Майра Сәрсенбаева, Күнсұлу Түрікпенова, Ақерке Өтепбергенова, Әзілхан Мақсатбаев, Ұзақбай жырау, Балтабай Бедебаев және басқа да жыршы-термешілер Сыр шайырларының термелерін нақышына келтіре орындап, көптің қошеметіне бөленді. Жыршылардың өнеріне тәнті болған жұртшылықтың риза болғаны сонша сахна төрінде жыр-терме айтқан әрбір жыршыны ду қол шапалақ арқылы үлкен қошеметпен шығарып салып отырды.
Жыршылар керуенінен соң сахна төріне эстрада жұлдыздары «Нұр-Мұқасан» тобы, Ерболат Ержанбаев, Жеңіс Сейдуллаұлы, Роза Әлқожа, Төреғали Төрәлі және Еркін Нұржановтармен бірге аудан өнерпаздары Ордабай Төребаев, Тоғжан Бақытова, Бибімариям Серік және басқа әншілердің гала концертіне ұласып, Жаңақала ауылының кешін әсем әнге бөледі.
Концерт соңында ауыл аспанында 30 минөт бойы мерекелік отшашу шашылды.
Міне, көптің асыға күткен тойының алғашқы күнінде осындай шаралар ұйымдастырылса, мерекелік шара екінші күні азанмен орталық алаңда қазақи оюмен өрнектелген ақ маталы 50 ақшаңқан үйлердің ортасында жайылған бозкілем үстінде түйе палуандар белдесулерімен басталды.
Есімдері елімізге белгілі, қазақ күресі мен самбо және дзюдо түрлері бойынша сала мамандары Әділбек Серікбаев, Марат Асылов және ұлттық дәрежедегі төрешілер Ғалымжан Ержанов пен Бақберген Тәтімбетовтердің төрешілігімен өткізілген түйе палуандар жарысы тараздық Ержан Құдайбергенов пен жастар арасында өткізіліген түрлі додалы жарыстарда үздік өнер көрсетіп, ел абыройын асқақтатып жүрген аралдық палуан Нұрым Сәлімгереевтің белдесуімен басталып, аралдық жас палуан Нұрым Сәлімгереевтің өзінің қарсыласына үсті-үстіне жасаған нәтижелі әдістерінен соң, төрешелердің шешімімен белдесу тоқтатылып, Н.Сәлімгереев жеңімпаз деп танылды. Содан соң бозкілемге шыққан Марат Баймаханов пен Мақсат Исақабылов және Айбек Серікбаев пен Марат Қуанышбаевтар арасындағы белдесулер есімдері алғашқы болып аталған палуандардың жеңістерімен аяқталса, ақтық белдесуге жолдаманы жеңіп алған Нұрым Сәлімгереев пен қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпазы, республикалық «Қазақстан барысы» жарысына қатысушы Айбек Серікбаевтар арасындағы белдесу спортсүйер қауымға қызықты да тартысқа толы сәттерімен нағыз спорт мерекесін сыйлады.
Нәтижесінде өзінің тәжірбиелілігінің және қарсыласына қолданған ұтымды әдістерінің арқасында Әлем біріншілігінің жеңімпазы Айбек Серікбаев жарыс жеңімпазы атанды.
Ал, жүлделі ІІІ орынды көптеген дүбірлі жарыстарда топ жарып, мерейі үстем болып жүрген Алмат Тайбағаров еншіледі.
Сонымен қатар, қазақ күресімен қатар өткізілген гір тасын көтеру сайысында І орынды Тұрмағамбет ауылынан келген спортшы Бағдат Еламанов жеңіп алса, ІІ орынды алдашбайахундық Ерсұлтан Жалғасбаев, ал жүлделі ІІІ орынды Жосалы кентінен келген спортшы Нұрлыбек Абдуллаевтар өзара бөлісті.
Сондай-ақ, қол күресі шеберлері арасында ұйымдастырылған жарыста Қызылтам елді мекенінен келген спортшы Бауыржан Бекжанов барлық қарсыластарын жеңіп, жарыс жеңімпазы атанса, ІІ және жүлделі ІІІ орындарды дүроңғарлық Нұрлыбек Елемесов пен Мұрат Шатанов (Жосалы кенті) иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығы да жарысты ұйымдастырушылардың арнайы дайындаған жүлделерімен марататталды.
Мерекелік шара әрі қарай облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың қатысуымен 1941-1945 жылдар аралығында Кеңестер Одағы әскерлерінің неміс басқыншыларына қарсы өткізген Ұлы Отан соғысында қаза болған жерлестерге арналған Жеңістің 70 жылдығы атындағы саябақта КСРО-ның Батыры, жерлесіміз Тәйімбет Көмекбаевқа арнап орнатылған бюсттің ашылу рәсіміне жалғасты.
Шара барысында аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев өңір тұрғындарын Құрбан айт мерекесімен құттықтап, өскелең ұрпаққа үлгі болатын мерекелік шараның маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары мен қонақтарға өзінің мерекелік жылы лебізін айтып, ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыру мақсатында атқарылып жатқан игілікті істерге ризашылығын білдірді.
Ұлы Отан соғысының Батыры Т.Көмекбаевқа арналған бюсттің лентасын қию рәсіміне қатысып, гүл шоқтарын қойды және жас ұландардың Ұлы Отан соғысы құрбандарына арнаған арнауларын тыңдады.
Әрі қарай облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев бастаған зиялы қауым, құрамында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұрмағанбетұлы Әлібаев, облыстық Мәслихат хатшысы Бекмырза Қайыпұлы Еламанов, аудан әкімі Нәжмадин Шәкизадаұлы Шамұратов, облыстық Мәслихат депутаты Нұрмұрат Ерманов, аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы және басқалар орталық алаңдағы сахнада алматылық Сара Тоқтамысова мен қызылордалық Мамыр Байдәулетовтердің арасындағы айтыс пен Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрдың режиссері Оңталап Нұрмахановтың Жаңақала ауылының құрылуы жайлы қойылымды тамашалады.
Содан соң аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев мерекелік шараны қызықтауға келген жұртшылықты құттықтап сөз сөйлеп, өзінің жүрекжарды жылы лебізін білдірсе, Байқоңыр қаласы басшысының уақытша міндетін атқарушы Николай Петрович Петренко ауыл тұрғындарына байқоңырлықтардың мерекелік ыстық ықыластырын жеткізіп, тойға тарту ретінде сыйлықтарын табыстады.
Шара барысында аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев пен Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың баласы, Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Бағбан Тәйімбетовтер айтыс ақындары мен түйе палуандар белдесулерінің жеңімпаздары қызылордалық Мамыр Байдәулетов пен жерлесіміз, жас палуан Айбек Серікбаевтарға жаңа автокөліктердің кілттерін тапсырды.
Сондай-ақ, мерекелік шарада Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы қордың президенті Дүйсен Жақсығұлов құттықтау сөз сөйлеп, қор атынан ауыл орталығындағы №185 орта мектепке жаңа «Нива» автокөлігін тарту етті.
Шара соңында қазақ эстрадасының жұлдызы Роза Әлқожа, «Сырдария» квартеті және басқа да өнерпаздар көрермендерге арнап әннен өздерінің мерекелік шашуларын шашты.
Мереке әрі қарай орталық алаңға орнатылған ақшаңқан үйлерде арнайы әруақтарға арнап берілген асқа ұласты.
Аста осы ауылдың іргетасын қалауға және өңірдің өркендеуіне атсалысқан еңбек майданының ерлері жайлы естеліктер айтылып, әруақтарға арнап дұға бағышталды.
Орталық алаңда тігілген әрбір үйде мал сойылып, одан қазақтың ұлттық асы ет тағамы дайындалды. Келген қонақтар жайылған дастархандағы арнайы дайындалған астардан дәм татып, әруақтарға арнап оқылған дұғаға қол жайып баталарын берді.
Жаңаберген Сәденов, «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы», облысқа ерекше еңбек сіңірген зейнеткер: - Аудан жұртшылығының көптен күткен тойы жоғары дәрежеде аталып өтілді. Осыдан елу жыл бұрын іргетасы қаланған «Жаңақала» кеңшары бүгінде заман талабына сай өсіп-өркендеуде. Көшелерге күрделі жөндеулер жүргізіліп, ауыл іші абаттандырылды. Заманауи талапқа сай жабдықталған жаңа үлгідегі мектеп және арнайы жасыл жамылғы төселген спорт алаңы мен ауылдық мешіт пайдалануға берілді. Бұл бір ауыл үшін үлкен жетістік деп білемін. Бұдан артық ауыл тұрғындарына не керек дерсің. Мерекелерің құтты болсын көмекбаевтықтар.
Сәпен Аңсатов, еңбек ардагері, Қызылорда қаласында тұратын қармақшылық: - Расында да той керемет болып өтті. Айнала тігілген киіз үйлер қазақ халқының бұрынғы жайлауының көрінісін көрсетіп тұр. Адамдардың жүздері нұрға толы. Мен ризамын. Осындай тойлар елімізде көптеп өткізіле берсін.
Темірбек Жайсаңбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, ғылым кандидаты: - Ауылда той өтеді дегенді естеген соң менде бар жұмысымды қойып, осында келдім. Нағыз қазақтың тойы болып өтті. Ризамын, осындай тағылымды шараны ұйымдастырған аудан халқына. Осы ауылда мен де қызмет еттім. Шәкірттеріммен кездесіп, өзім тұрған үйде болдым. Өткен күндерімді еске түсіріп, бір жасап қалдым.
Ғалия Ідірісова, ауыл орталығындағы №185 орта мектептің ұстазы: - Бұрындары үлкен кісілерден осындай тойлардың өткенін естігенмен, өз көзіммен көрмеген едім. Тойға ауыл, тіпті аудан халқы да атсалысуда. Біз де құрдастарымызбен бірге бір киіз үй тігіп, асқа келген қонақтарға арнайы дастархан жайып, өз үлесімізді қостық. Бұл мен үшін үлкен бақыт.
Жұбанышбай ақсақал, Ақназар-Кедей ұрпағы, Қазалы ауданы, Сарбұлақ ауылының тұрғыны: - Мен Ақназар-Кедей ата ұрпағымын. Бұл той мен үшін де, менің әулетім үшін де ортақ той. Т.Көмекбаев ауылында өткізіліп жатқан осы мерекеге мен бауырларыммен бірге келіп, мерейтойға қосқан үлесіміз ретінде үй тігіп, оның жоғары дәрежеде өткізілуіне атсалысудамыз. Халықтың ризашылығын алу біз үшін үлкен абырой. Алла Тағала осындай үлгілі істің басында жүрген азаматтарға денсаулық беріп, ел үшін еткен еңбектері жемісті болсын. Және де ағалық ақ батамды беремін.
Бидас Рүстембеков, белгілі жырау, аудандық Жыраулар үйі директорының орынбасары: - Міне, Қызылқұмның ортасында орналасқан Т.Көмекбаев ауылында дүркіреп той өтті. Бұл той өзге тойлардан ерекше болды. Кезінде Қызылқұмның ортасында орналасқан шағын ғана малды ауылдың аты бүгінде аймаққа танылды. Қаратай ағамыздың басқаруымен елімізге танылған ауыл бүгінде елуге толды. «Елу жылда-ел жаңа» демекші, қазіргі таңда жаңаша кейіпке енген ауыл тұрғындары өздерінің бар саналы ғұмырларын осы өңірдің болашағы үшін аянбай еңбек еткен атпал азаматтарға арнап ас беруде.
Міне, ұрпақтар сабақтастығы деген осы. Мен ризалық сезіммен ауылға қайтып барамын. Мұндай өнегелі істер әрқашанда ел жадында сақталатынына мен шүбә келтірмеймін.
Жаңабай Рысмамбетов, кент тұрғыны: - Мен осы елді мекенде 1969-1975 жылдар аралығында көлік жүргізушісі болып еңбек еттім. Бүгінгі тойда ауылдың бет бейнесінің жаңа келбетке енгенін, көркейіп гүлденгенін көріп марқайып қалдық.
Алдажар Қайыңов, ауылдың байырғы тұрғыны, еңбек ардагері:- Айналайын, халқыма, осындай мерекені тарту еткен аудан басшылығына ризамын. Алғысым шексіз. «Өлгенім тіріліп, сөнгенім қайта жанды» деген осы болар. Әруақтар бір аунап түсті. Мендей қарияларға тәрбиелеп-өсірген өз ұрпақтарының осындай құрметтерін көру бақытынан басқа не керек дейсің. Мен ризамын. Талаптарыңа нұр жаусын. Өмірлерің ұзақ, күндерін нұрға толы болсын.
Айбек Серікбаев, түйе палуан жарысының, жасөспірімдер арасындағы Әлем біріншілігінің жеңімпазы, республикалық «Қазақстан барысы» жарысына қатысушы: - Осы мерекені тамашалауға арнайы келдім. Сонымен қатар, түйе палуандар белдесуіне қатысып, жеңімпаз атандым. Палуандар жарысына арнайы тігілген автокөлікті жеңіп алдым. Мен басқа да көптеген түйе пауандар жарыстарында автокөлік жеңіп алып жүрдім. Бірақ, туған жерімде өткен жарыста жеңіске жету мен үшін үлкен бақыт, әрі абырой,-дейді.
Қараңыздаршы айнала тігілген ақшаңқан үйлер, нағыз қазақ ауылын көріп тұрмын. Әрбір үйде дастархан жайылып, қайсысына болмасын бас сұғып, кірсеңде алдыңнан шыққан жеңгелер, келіншектер күле қарсы алып, дастархан басына ертіп апарып жайғастырады. Алдыңа дәмі тіл үйіретін түрлі тағамдарды қойып, оны тауыспай кетпесіңе қоймайды.
Міне, қазақ халқының қонақжайлылығы деп осыны айт.
Иә, расында да аудан халқы мен қонақтардың ұзақ уақыт бойы естерінде қалатындай болып өткен той соңында ауыл сыртындағы ипподромда Аламан, Тоқ, Құнан және Тай жарыстары өткізілді.
Алдымен 20 шақырымдық жарыс жолына шыққан Аламан бәйгесінде Жамбыл облысынан келген атсейіс Ақиқат Мұратханның сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып сызып, Т.Көмекбаев атындағы жүлдені, яғни шетелдік автокөлікті жеңіп алса, ІІ орынды көмекбаевтық атсейіс Бек Орынбаевтың баптаған сәйгүлігі, жүлделі ІІІ орынды Қуаңдария ауылының атсейісі Сахи Бекарыстың сәйгүлігі иеленді.
Сонымен қатар, Тоқ бәйгесінде Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Дәурен Жұмабековтың сәйгүлігі өзге аттардан оқ бойы оза шауып, мәре сызығынан бірінші болып өтіп, жарысқа тағайындалған автокөліктің иесі атанса, қалған жүлделі екі орынды қызылордалық Қанат Смағұлов пен Ақтөбе облысынан келген атсейіс Сәндібек Әжмағамбетовтердің сәйгүліктері өзара бөлісті.
Ал, Құнандар жарысына тігілген үшінші автокөлікті, яғни ер Сейтпенбет атындағы жүлденің иесі болып, Тараз қаласынан келген атсейіс Тоқтағұл Тарил атанса, ІІ және ІІІ орындарға Жалағаш ауданы, Бұқарбай ауылының атсейісі Рахат Жұмағұлов пен Қызылорда қаласының атсейісі Смайыл Шыңғысовтар көтерілді.
Сондай-ақ, Тай жарысында бірінші болып мәреден өткен шиелілік Шорабай Әбдіқали демеушілер тағайындаған ақшалай сыйлыққа ие болса, тайлары мәре сызығынан екінші және үшінші болып өткен жамбылдық атсейістер Ақиқат Мұратхан мен Ғасыр Бауыржановтар заттай сыйлықтарға ие болды.
Міне, екі күн бойы ауыл тұрғындары мен қонақтарға шаттық пен қуаныш сыйлаған мереке де аяқталып, тарих парақтарынан нықтап орын алды.
Тойдан басқа суреттерді мына сілтемеден таба аласыздар
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.