Еңбек министрлігінен ақшалай төлем берілетінін айтып, халықты алдайтын алаяқтар пайда болды

17 Тамыз 2022, 11:19 1110

Ведомство бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлім етті

Қазақстандықтарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкері ретінде телефон соғып, 1 млн теңгеге дейін ақшалай төлем түрінде әлеуметтік көмек көрсетуге уәде береді. Ведомство бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлім етті, – деп хабарлайды El.kz.

«Белгісіз тұлғалар өздерін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға телефон соғып, 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақшалай төлем түрінде әлеуметтік көмек көрсетуге уәде береді. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

Материалдық көмек көрсету мақсатында белгісіз біреулер шоттардағы тыйым салуды алып тастауды және қарызды жабуды сұрайды (барлық жағдайда несиені уақтылы қайтармау және банктерге берешекті төлемеу салдарынан есепшоттарға тыйым салынған).

Азамат уәде етілген материалдық көмекті алу үшін шотынан тыйым салуды алып тастағаннан кейін белгісіз біреулер техникалық ақаулар туралы және көмек көрсетудің мүмкін еместігін айтады», - делінген ақпараттық хабарламада.

Ведомство министрлік қызметкерлері азаматтарға қоңырау шалмайтынын, барлық мемлекеттік әлеуметтік төлемдер азаматтардың өтініштері негізінде немесе проактивті форматта жүргізілетінін хабарлайды. Ақпаратты тек ресми дереккөздерден пайдалану қажеттігін қаперге береді.

Бөлісу: