Еңбек адамы. Ерінбегеннің бәрі етікші бола алмайды

26 Қыркүйек 2022, 17:31 4003

Біздің елде ешқашан ешқандай атақ та, марапат та алмайтын қарапайым еңбек адамдары бар. Солардың бірі етікшілер.

 

Еңбек күні. Біздің елде бұл мереке 2013 жылдың қараша айынан бастап жыл сайын жұмысшы мамандардың құрметіне және жастарды ерте жастан еңбекке баулу, оларға еңбектің маңыздылығын түсіну мақсатында қыркүйек айының соңғы жексенбісінде тойланып келеді.

Бұл күнді тойлаудағы негізгі мақсат – жұмыстағы өнімділікті арттыру, жұмысшыларды еңбекке ынталандыру, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту және ортақ еңбек қоғамын құру жөніндегі идеяны насихаттап, жұмысшы әулеттердің көпжылдық дәстүрін нығайту.

Қазақстанда осы күннен бастап «Еңбек ардагері» медалі, ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі - «Қазақстанның Еңбек Ері» секілді марапаттар тағайындалды. Мұндай шешім қазақстандық қоғамдағы еңбек адамының беделін арттыру мақсатында қабылданды.

Мәселен экономиканың сан түрлі саласында қызмет етіп, 40 жылдан астам елдің дамуына өзіндік үлесін қосқан, сондай-ақ кем дегенде 10 жыл бір салада тұрақты қызмет қылған, сонымен қатар еңбек еткен жылдары түрлі жетістіктерге жетіп, зейнеткерлікке шыққан кісілер «Еңбек ардагері» медалімен марапатталады.

Ал «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежесі тәуелсіз еліміздің экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы өлшеусіз еңбек сіңіріп, жетістіктерге жеткені үшін беріледі. Бұл атақты иеленген адамдарға «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені беріледі.

Бірақ біздің елде ешқашан ешқандай атақ та, марапат та алмайтын қарапайым еңбек адамдары бар. Солардың бірі етікшілер. Қазақ «Ерінбеген етікші болады» бейді. Бірақ, еңбекқорлықпен қатар, ептілік те керек. El.kz тілшісі сол етікшілердің еңбегімен танысып қайтты.

Аяқ киім жыртылса я сыдырмасы сынғандай болса, етікшіге жүгіріп барамыз. Ол біздің жалқаулығымыздан емес, ебіміздің жоқтығынан солай жасауға мәжбүрміз. Базардан алған етікке аяқты сұқпас бұрын етікшіге бір жөндетіп алудың артықтығы жоқ. Себебі, қарапайым халықтың қолы жететін аяқ киімдердің сапасы сын көтермейді. Ал сондай сапасыз аяқ киімдер мен ескі етіктердің «өмірін ұзартып» жүрген жандар жарап тұр қазір.

Дегенмен, етікшілерді менсінбейтін жандар аз емес. Бұған етікшілердің жанында отырған аз уақыт ішінде көз жеткізіп қайттым.

Елдің бәрі «Артем» деп атап кеткен «Астаналық» базарының маңындағы ескілеу сауда орталығына бас сұқтым. Кірген бойда есіктің босағасында екі кісі әзер сыятын аядай жерде отырған етікші жігіт менің келгенімді байқаған да жоқ. Бәлкім, байқаса да жұмысын тоқтатқысы келмеді.

Амандық-саулықтан кейін бұл жерге келген мақсатым етік жөндету емес екендігін айттым. Өзі де әңгімеге сұранып-ақ тұрған жан екен. Есімі – Ділмұрат.

«Ебің болса, ешкімге жаутаңдамай еркін өмір сүруіңе болатын кәсіп қой, бұл – етікшілік. Отбасымды осымен асырап отырмын. Бұйырғаны болып жүр», – деді де, қолындағы етіктің өкшесін шыр айналып тұрған қайраққа салып, шар еткізді. Шар қайрақтың дауысының сәл бәсеңдегенін күтіп тұрып, неге дәл осы етікші болуды таңдағанын сұрайын деп оқталып тұр едім: «Бұл кәсіппен 16 жасымнан бастап айналысып келем. Бозбала кезімде қызығып, етікші ағалардың қасында тегін жұмыс жасап бастадым. Бір етіктің кемерін тіксем, бір етіктің өкшесін ауыстырып дегендей. Ол кісілер барлығын үйретті, қандай аяқ киімді қалай тігу керек, оған қандай жіпті, қандай желімді пайдалану керегіне дейін үйретті. Арасында еңбегімді бағалап ақысын да төлеп жүрді. Сол кезден тәжірибем бар», – деді ойымды оқып қойғандай.

– Жоғары біліміңіз бар ма?

– Жоқ. Бірақ, кезінде үш жылдық оқу орнында жүргізушілік мамандығында оқығам. Кейін көлік жөндейтін жерлерде жұмыс істедім. Ол жерде ауыр темір көтеріп, суықта жүру маған қиын болды. Бүйрегіме бірнеше мәрте ота жасалды. Біраз жұмысқа денсаулығым жарай бермейді. Сосын айналып баяғы үйренген кәсіп – осы етікшілікке келдім.

Ділмұрат мен келген аз уақыттың ішінде қолындағы етіктің өкшесін ауыстырып, табанына мұзда таймайтын резеңке жабыстырып үлгерді. Қолына алған келесі етіктің кемері ашылып кеткен екен.

Етік тігуге менің де ебім бар негізі. Ондайымды осындай мақала жазамын деп етікшінің жанында өткізген кезімде байқағам. Осы «өнерімді» тағы бір сынап көрейін деген оймен: «Дәке, қарап отырмай мен де қол көмегімді тигізіп отырайын. Мына етікті маған беріңіз, кемерін тігіп шығайын», – деп едім, Ділмұрат маған сенер-сенбесін білмей қарады. Сол сенбестіктен - мен етіктің бір сыңарын тігіп болғанша менен көзін алмай, қолы басқа жұмысқа бармай, қарады да отырды. Кемері айналдыра тігілген етікті қолына алып тұрып: «сен мына түріңмен бізді жұмыссыз қалдырасың ғой», – деп қалжыңдап, бір күліп алды.

Түрлі резеңкенің, етіктердің, желімнің иісі мүңкіген тар бөлмеде бос орын жоқ. Ділмұраттың айтуынша, бұл заттардың барлығының өз ерекшеліктері бар.

«Етіктің табанын жамайтын мына екі резеңкенің бір қарағанда еш айырмашылығы жоқ секілді. Бірақ бірін жеңіл «классикалық» етіктерге, ал мына екіншісін - шаруашылыққа арналған етіктердің табанына жабыстыру керек. Бұлардың айырмашылығы салмағында. Ауыр резеңкені жеңіл «классикалық» етіктерге жабыстыруға болмайды. Желімдер де сондай. Қазір қыстық аяқ киімдерге арналған желімді пайдаланамын. Себебі, суықта аяқ киімді ыстық жерге қойып көп кептіреді. Сондай кезде мен жабыстырған желімдер ашылып кетпеу керек. Жіптің де сапасына, түсіне аса мән беремін», – дейді.

Ділмұрат манағы жұмысымнан кейін маған сенім білдіре бастаған болуы керек: «Олжас, расында да ебің бар екен, мына етіктің өкшесін алып тастауға қалай қарайсың? Ауыстыру керек екен», – деді. Мен де қарсылық бірдірмей қолыма пышақ деп айтуға келіңкіремейтін өткір құралды алып, мықшыңдап етіктің өкшесін қопара бастадым.

Сапалы жұмысты жақсы көремін

Мен мұнда келгелі де екі-үш сағаттың шамасы болып қалды. Бір байқағаным біраз кісілер Ділмұратпен жылы амандасып, аяқ киімдерін жөндетуге қалдырып кетеді де, кейбірі ақысын төлемейді. Мен бұлардың барлығының етікшінің тұрақты «клиенттері» екенін байқап: «клиенттерің» аз емес екен», – дедім, тағы да сөзге тартып.

«Дұрыс байқадың. Олар менің тұрақты «клиенттерім» ғой. Оларға басқаларға қарағанда арзандау етіп жөндеп беремін. Оның үстіне менің жұмысым олардың да көңілінен шығады. Сондықтан аяқ киімін жөндету үшін ылғи маған келеді. Ал ақысын төлемей кеткендер етігін әкетуге келгенде төлеп кетеді», – деді.

– Мына жер өзіңіздікі ме, әлде жалға алып отырсыз ба?

– «Аренда» ғой.

– Сонда бұл жердің «арендасы» қанша?

– 100 мың теңге. Мен мұнда аяқ киім жөндеумен қатар бояумен де айналысамын. Түрлі қиындықтағы етіктерді жөндей беремін. Мәселен, мына етіктің қонышын кеңейту керек. Ал, мына құрылғымен аяқ киімдерді сәл кеңейтуге болады. Одан бөлек арасында кілт жасаймын.

– Демек, табысыңыз жақсы болып тұр ғой. Шамамен бір күнде қанша табуға болады?

– Бұйырғанын тауып жүрмін. Қазір қыс мезгілі жақындап қалғандықтан жұмыс бар. Сондықтан орташа есеппен күніне он мың теңгенің көлемінде табамын. Ал жаздың күндері көбіне бос отырамын. Ол кезде шамамен күніне екі-үш мыңның маңайында ғана табыс табуға болады. Ол табыстың ішінде мына заттардың барлығы кіреді, – деп, Ділмұрат өзін айналдыра қоршап тұрған етіктің табандары мен бума-бума резеңкілерді иегімен нұсқап көрсетті.

Осы орайда Ділмұрат өзінің болашақтағы жоспары туралы да айтты:

– Қазір түрлі аяқ киімдердің дайын табандары бар. Онымен қоса дайын былғарылардың да түр-түрін табуға болады. Алла жазса, жаздың күні қолым сәл босағанда өзім аяқ киім тіксем деп жоспарлап жүрмін. Базардағы жақсы өтімді аяқ киімдерге қарап, соның үлгісімен жасап шығуға болады. Қазір соған қажетті жабдықтардың барлығын үйде дайындап жатырмын, – деді.

Әңгімені әдемі киінген әйел бұзды

Ол есікті ашты да, бір пакетті еденге тастай салып: «мынаның «замогын» ауыстыру керек. Қаншаға жасайсыңдар?» – деп, еденде жатқан пакетті аяғымен нұсқады. Маған дөрекілеу көрінгенмен Ділмұратқа қалыпты жағдай секілді. Едендегі пакетті алып көрді де: «қолым бос емес, басқа біреуге апарып көріңіз», – деп қайыра қолына ұстатып жіберді.

«Бұлар бізге қарағанда сәл қалталы, қызметтері де сәл жоғары кісілер ғой. Бізге өте төмен деңгейдегі адам деп қарайды», – деді Ділмұрат. Байқаймын, бұл жағдай оның көңілін бұзып кетті.

Намысына тигенін біліп тұрсам да: «уақытыңыз бар еді ғой, неге ауыстырып бере салмадыңыз? Бәлкім, ақшасын көбірек төлер ме еді...» – дедім әдейі.

«Мұндайлар сол азын-аулақ ақшаның өзін бергілері келмейді. Жұмысын жасатып алғаннан кейін: «жүр, ақшаңды машинадан алып кет», – деп екі жүз теңге үшін базардың арғы басындағы машинасына ертіп барады», – деді.

PS. Кетуге ыңғайланған сәтте Ділмұрат қолымды алып тұрып: «ебің бар екен, етікші болсаңшы», – деп қалжыңдады. «Ұялмағанның бәрі әнші" болып жүрген қазіргі заманда ерінбегеннің бәрі етікші бола алар ма екен? Әй, қайдам?...

Еңбек адамы деген кім?

Меніңше осы сұрақтың өзі сәл әбестеу секілді. Еңбек дегеніміз – ол қозғалыс. Яғни, еңбексіз адам болмайды деген сөз. Егер бір адам еңбектенбесе онда ол адам аштан өледі. Сондықтан еңбек етпейтін адам болмайды. Біздің түсінікте еңбек адамы деген белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарайтын секілді. Шын мәнісінде табысы аз болса да сонымен күн көріп жүрген жандардың да істеп жүргені еңбек қой.

Сондай-ақ дәрігер, мұғалім, фермер, кәсіпкер секілді белгілі бір маман иелерін де еңбек адамы деп айтуға болады. Егер біздің қоғамда еңбек адамдарының еңбегі нәтижесіне қарай әділетті бағаланатын болса, қоғамда үлкен серпіліс болар еді. Мемлекеттік қызметкерлерге де солай жасау керек. Ұрлықсыз-қарлықсыз, пара мен жемқорлықсыз Қазақстан мемлекеті үшін адал еңбек еткен мемлекет қызметкерлеріне еліміздің шұрайлы жерлерінен арнайы мүкаммал, яғни үй-жайымен, қора-қопсысымен тұратын қоныс беру керек. Өз ісіне адалдық танытқан мемлекеттік қызметкерлердің ұрпақтарына мемлекет тарапынан оқуға түсуде, басқа да салаларда әлеуметтік жеңілдіктер жасалуы тиіс. Сонда адамдарда ертеңгі күнге деген сенімділік болады. Жемқорлықтың жолы кесіледі. Қазақстан өзге де өркениетті мемлекеттер тәрізді дамудың дұрыс жолына түседі.

Жұмыспен қамту

Еліміздегі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы жылдың II тоқсанда ел экономикасының түрлі саласында 8,8 млн адам жұмыспен қамтылған.

Олардың 6,7 млн-ы яғни, жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 76,1% жалдамалы қызметкер болса, 2,1 млн адам, жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 23,9% өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Жалпы жұмыспен қамту 2021 жылғы II тоқсанмен салыстырғанда 23,1 мың адамға, соның ішінде жалдамалы қызметкерлер есебінен 20,4 мың адамға өскен.

 

 

Олжас Сәндібек
Бөлісу: