Ең танымал көрме: Париж, 1900 жыл.

13 Наурыз 2014, 09:27

Эйфель мұнарасы әлемнің жеті кереметінің бірі. Бұл мұнараның салыну 1899 жылы басталды.

Эйфель мұнарасы әлемнің жеті кереметінің бірі. Бұл мұнараның құрылысы 1899 жылы басталды. Сондай-ақ, Париждің атын әйгілеген 1900 жылғы Бүкіләлемдік көрмеде ашылған еді. Әу баста осы көрме үшін жасалса, бүгінде жер-жаһанның назарын өзіне аударған, туристердің басты нысанасына айналған мұнараға айналды.

ХХ ғасырдағы алғашқы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі 1900 жылы 15 сәуірден 12 қараша аралығында Францияның Париж қаласында өтті. Ғасырлар тоғысындағы бұл көрме жалпы Халықаралық көрмелер тарихындағы ең танымал көрменің бірі болып табылады. 1900 жылғы Париж көрмесін 7 ай ішінде 50 миллионнан астам адам тамашалады. 1900 жылғы 30 қазанда тура түн ортасында Эйфель мұнарасы алқызыл түске бөленіп, самаладай жарқ етті. Бұл әлемдік деңгейдегі ең ауқымды шара, жеті кереметтің бірі дүниеге келген күн еді.

1900 жылғы Бүкіләлемдік көрмені халықаралық еңбек, прогресс және өркениет мерекесі деп атады. Көрмелер тарихында алғаш рет әлемнің ең дамыған 35 мемлекеті көрме қалашығында өздерінің павильондарын тұрғызды. Бұл павильондарда сол мемлекеттің тарихын, мәдениет және өнер саласындағы жетістіктерін көрсететін жәдігерлер кеңінен көрініс тапты.

Көрме қалашығы орналасқан Марс жазығында ғылым мен техниканың небір жетістіктері көрініс тапты. Мұнда кен игеру жұмысының металлургия, машина жасау өндірісінің үлгілері, энергетиканың табыстары көр­ме­ге келушілердің назарына ұсынылды. Енді бір павильонда сәулет өнерінің жетістіктері, көлік және химия өнеркәсібінің заттары қойылса, енді бір жерде тоқыма және жібек маталардан тігілген ғасыр тоғысындағы ғажап киім үлгілері орналасты. Сондай-ақ, көрме қалашығында жаңа ғасыр басында әлемдегі білім беру саласында қол жеткізген жаңалықтар мен медицина саласында ашылған ғылыми ізденістер кеңінен таныстырылды. Көрме қалашығының енді бір бөлігінде фотография, баспахана және сахна өнері жетістіктерінің жаңалықтары көрсетілді.

Бұл көрменің осыған дейінгі өткен көрмелерден тағы бір ерекшелігі мұнда тауарды қайта өңдеу технологиясы көрермендерге кеңінен таныстырылды. Қайта өңдеу өнімдерін шығаратын машиналар мен жабдықтар көрермендердің көз алдында жаңа өнім түрлерін өндірді. Сонымен бірге, техникалық жаңалықтар көрмесінде белгілі бір салада ашылған жаңалықтар шежіресі таныстырылды. Мә­селен, А.Лавуазьенің хи­мия­­­лық аппараттарының, Л.Пас­тердің микроскоптарының, Робердің қағаз шығаратын машиналарының, жасанды алмас жасайтын А.Муассанның аппараттарының техникалық даму шежіресі көрмені тамаша­лаушылардың көңілінен шықты.

Электр энергетикасының, кинематографияның және автомобиль саласы өндірістерінің ғылыми табыстары ғасыр тоғысындағы өнеркәсіптің жоғары жетістіктерін айшықтады. 1900 жылы Парижде өткен бұл көрме туралы сол күндері жарық көрген «Технолог» журналы былай деп жазды: «Автомобильдер аттарды айырбастап, қалалардың және деревнялардың өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Пайдалы жұмыстың 15-20 пайызын ғана атқаратын бу машиналарының орнын жылу машиналары (дизель отынымен жүретін), электр жарығы майшам жарығын жаппай алмастырып, өндірістің барлық саласына кеңінен еніп барады. Сымсыз телефон және телеграф, рентген аппараттары ғылыми жетістіктердің небір үздік үлгілерін көрсетуде».

 «Ғасыр бағасы» атты 1900 жылғы Париж көрмесінде ХІХ ғасырда адамзат қол жеткізген ғылым және өндіріс табыстары толығымен паш етілді. Міне, осыдан кейін көрмелер шежіресінде өнеркәсіптік төңкеріс әсері бәсеңдеп, технология мәселесі көрмелердің басты тақырыбынан түсе бастады. Сөйтіп, 1900 жылғы Бүкіләлемдік көрме ЭКСПО тарихындағы ғылыми жетістіктер барынша кеңінен көрініс тапқан көрме болды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында бұл жетістікті ешқандай көрме қайталай алған жоқ. 

Бөлісу: