25 Маусым 2015, 03:27
Ең үлкен сұранысқа ие мамандықтар көшін «юриспруденция», «дизайн», «дене шынықтыру және спорт», «жалпы медицина», «қаржы» салалары бастап тұр. Ал талапкерлер ең аз таңдайтын мамандықтар тізбегінде «композиция», «музыка тану», «мүсін өнері», «түркітану» және «баспа ісі» бар.
Nur.kz хабарлағандай Білім министрлігі еліміздегі орташа оқу ақысын да жария етті. Ұлттық университеттердегі оқу бағасы басқаларға қарағанда екі есеге қымбат. «Ұлттық университеттерде оқитын бір студентке жұмсалатын жылдық орташа сома 635 мың теңге, ал өзгелерінде 350 мың теңге» делінген хабарламада.
Министрлік таратқан мәліметте техникалық сала мамандарының жетіспейтіні айтылған. Сондай-ақ, өнімді өңдеу саласында шеберлердің жеткіліксіз екені анықталды. Сол себепті, аталған мамандықтарды 40 пайыздан артық мемлекеттік грант бөлінуде.
Транспортты (31 мың) және энергетикалық инфрақұрылымда (8 мың), тау-металлургиялық кешенде (23,4 мың), мұнай-газ секторында (17,8 мың), туристік индустрияда (6,9 мың) және машина жасауда (6,5 мың) мамандар қажеттілігі байқалады.
Қазақстандық нарықта механик, слесарь, дәнекерлеуші, жүк және арнайы транспорт жүргізушісі, құрылғылар операторы, электр монтаждаушы сынды мамандық иелері жетіспейді.
Сондай-ақ, ІТ мамандары, сервис пен нано және биотехнологияны игерген кадрлар қазіргі нарыққа аса қажет көрінеді.
Ал, былтыр «Ел қанаты» қоғамдық қоры ҚР Білім және ғылым министрлігімен, сондай-ақ, «Кәсіпқор» холдингі» КАҚ студенттермен жұмыс департаментімен бірлесіп әлеуметтік зерттеу жүргізген еді. Анкеталық сұрақтарға еліміздің 16 өңіріндегі түрлі компаниялардың басшылары, персоналды іріктеу бойынша мамандар, жеке кәсіпкерлер қатысқан. Жалпы, 2000 адамның пікірінше, анағұрлым сұранысқа ие мамандықтар - инженерлер (13,8%) және дәрігерлер (12,8%), мұғалімдер мен оқытушылар (10,1%), бағдарламашылар (7,4%), құрылысшылар (6,4%) және маркетологтар (6,2%) деп анықталған болатын.
Әлеуметтік сұраудың нәтижесі бойынша 2 мыңнан астам мектеп түлегі үшін: техникалық ғылымдар/инженерия (20,5%), медицина (19,8%), экономика (13%), құқықтану (6,1%), мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару (6,1%) анағұрлым танымал қызмет салалары ретінде танылған.
Тұмар АСЫЛ