Дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды

13 Мамыр, 19:08 680

19-24 мамыр аралығында Абу-Дабиде дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Қазақстан командасы бұл жарысқа толық құрамда қатыспақ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Олимпиада жылы болғандықтан олимпиадалық рейтінгтік турнирлер арасы өте жақын. Спортшыларымыз соңғы мамыр айында үш маңызды жарысқа қатар дайындалды. Оның алдында Азия чемпионаты, Grand Slam жарыстары нәтижесінде әлем чемпионатына қатысатын құрам жасақталды. Қатысушылар арасында тәжірибелі спортшылар да, ересектерге енді ауысып жатқан жастар да бар.Ал 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне жеке тоқталатын болсақ,  Нұрқанат Серікбаев әлемдік рейтингте басқа командаластарынан жоғары тұрғандықтан осы салмақта бірінші қатысушы ретінде ешқандай талқылаусыз қойылды, - дейді ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов. 

Әлем чемпионатының екінші жолдамасы Астанада өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысынан кейін Федерацияның Атқару комитеті мен бапкерлер құрамының біріккен жиналысында талқыланды. 

«Әлем чемпионатының екінші қатысушысы Астанада өткен Grand Slam жарысынан кейін белгілі болады деп, Елдос Сметов пен Мағжан Шамшадинге бірдей мүмкіндік берілген болатын. Өздеріңіз көргендей, Мағжан Шамшадин жарысты бірінші айналымнан аяқтады. Елдос Сметов жүлдегерлер қатарынан көрініп, қола медальға ие болды. Астанадағы Grand Slam ұзақ үзілістен кейін оралған Мағжан үшін де, ұзақ уақыт жүлдеден тыс қалған Елдос  үшін де шешуші жарыс болды деуге болады. Астанадағы нәтиже Елдосқа әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Федерацияның атқарушы директоры Айбек Имашев. 

Естеріңізге сала кетсек, Астанада өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam додасында Ғалия Тынбаева (-48 кг) алтын, Елдос Сметов (-60 кг), Бақытжан Абдурахманов (-73 кг) және Абылайхан Жұбаназар (-81 кг) қола жүлдеге қол жеткізген болатын. 

«Біз үш салмақта екі спортшыдан қойғандықтан, 90 келіге дейінгі салмақтағы спортшылар тек аралас командалық жарысқа қатысады. Ескерте кететіні, әлем чемпионатына қатысу үшін дзюдошылар Олимпиадалық рейтингте ТОП-100 тізімінде болу керек. Өкінішке қарай, біздің жас спортшыларымыз бұл тізімге енді ғана еніп келе жатыр», - деп толықтырды Нұрбол Сүлейменов.

Дзюдодан  әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан ерлер құрамасы: 

Ерлер: 

60 келі: Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов 

66 келі: Ғұсман Қырғызбаев, Жанарыс Рахметқали 

73 келі: Данияр Шамшаев, Бақытжан Әбдірахманов

73 келі: Дархан Қойбағар (аралас командалық жарыс)

81 келі: Абылайхан Жұбаназар

90 келі: Айдар Арапов (аралас командалық жарыс)

100 келі: Нұрлыхан Шархан

+100 келі: Ерасыл Қажыбаев 

Перизат Саденова
Бөлісу: