Дүниежүзілік жазғы Универсиада: Қазақстан құрамасына 244 млн теңге бөлінді

1 Шілде 2023, 00:15 1095

Қазақстанның студенттер құрамасы 2023 жылғы 28 шілде мен 8 тамыз аралығында Чэнду қаласында (Қытай) өтетін XXXI Дүниежүзілік жазғы Универсиадаға қатысады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстанның спорттық студенттік командасы спорттың 10 түрінен: садақ ату, гимнастика, жеңіл атлетика, семсерлесу, дзюдо, жүзу, үстел теннисі, таеквондо, оқ ату, ушу жарыстарына қатысады.

Қазақстандық делегацияға 116 адам, оның ішінде 90 спортшы, 20 жаттықтырушы, штабтың 6 өкілі және медицина қызметкерлері енді.

Қытайдағы XXXI Дүниежүзілік жазғы Универсиадаға қатысу үшін РБ-тен 244 млн теңге бөлінді. Қаражат тек делегацияға қатысушылар үшін қарастырылған.

Аталған қаражат Дүниежүзілік Универсиадаларға даярлауға, оның ішінде аккредиттеу, тұру және тамақтану, төрешілік ету, ұшу билеттерін сатып алу (бару-қайту), құрама командаға арналған спорттық жабдыққа тапсырыс беру, визалық шығыстар, спортшыларды сақтандыру үшін халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) регламенттеріне сәйкес міндетті жарналар мен алымдарды енгізуге бағытталған, қауіпсіздік үшін жағдай жасау, медициналық препараттармен қамтамасыз ету және басқа да шығындар.

Қазақстан құрамасына дзюдо, таеквондо, жүзу, үстел теннисі және жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерінен Республикалық XII Универсиадада жүлделі орындарға ие болған спортшылар кірді. Гимнастика, садақ ату, семсерлесу, оқ ату және ушу жарыстарында өнер көрсеткен қатысушылар республикалық және халықаралық іріктеу турнирлері мен чемпионаттарында Дүниежүзілік Универсиадаға жолдама алды.

EL.KZ
Бөлісу: