Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында қазақстандық самбошылар 7 медаль алды

22 Қазан 2023, 09:05 525

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта өтіп жатқан Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында қазақ самбошылары тағы 2 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спортты дамыту дирекциясының ақпаратынша, аралас командалық сында Еламан Қойшыбаев пен Асылжан Орынбасарова (65 кг) күміс жүлдегер атанды.

Олар Азия мен Тынық мұхиты аймағынан жасақталған екінші құрама сапында күш сынасты.

Асылжан Еуропа-1 құрамасындағы ресейлік Яна Поляковадан жеңілсе, Еламан Беларусь палуанынан кеше жекелей сында кеткен есесін қайтарды. Жалпы есеп: 4-6.

«Біздің командада бізбен бірге Өзбекстан, Қырғыз және Моңғолия самбошылары болды. Финалға дейін 2 құраманы жеңдік. Кеше жартылай финалда жеңілген Беларусь спортшысымен кездесіп, ұттым. Екі күн күресуге күшім жетті. Кеше, бүгін 3 жекпе-жектен болды. Енді елге жеткен соң Щучинск қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, келе жатқан әлем чемпионатына дайындаламыз. Сәтін салса ол жерде 88 кг салмақта күресемін»,-деп айтты Еламан финалдан кейін.

Осы ойындарға лицензияны сары құрлық елдері биыл маусым айында Астана қаласында өткен Азия және Тынық мұхиты аймағының чемпионатында жеңіп алған.

Осылайша Эр-Риядта әр құрлықтың таңдаулы самбошылары ғана күресті.

«Күшім жетіп тұрды. Бұл самбошымен алдын күреспегенмін. Аңдысып жүрмей, бірден ашық белдесу керек еді. Ресей спортшысының ұпай алуына мүмкіндік беріп қойдым»,-деді Асылжан марапаттау рәсімінен кейінгі сұхбатында.

Айта кетейік, осымен V Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында самбодан белдесулер аяқталды.

Қазақстан құрамасы 7 палуан алып келіп, жекелей сында 1 алтын, 1 күміс пен 3 қолаға, ал миксте 2 күміс жүлдеге ие болды.

Асқар Таудай
Бөлісу: